Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

«Отандастар» қоры қандастарды қолдау тұрғысында Павлодар әкімдігімен күш біріктіреді

680 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Отандастар» қоры мен Павлодар облысының әкімдігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар шетелде тұратын қандастарға және Атамекенге қоныс аударған этникалық қазақтарды қолдау бағытында бірлесіп жұмыс атқаруға келісті.

«Отандастар» қоры қандастарды қолдау тұрғысында Павлодар әкімдігімен күш біріктіреді

Екіжақты келісім құжатына қол қою шарасына «Отандастар» қорының Аймақтармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаменттің басқарушы директоры Әлия Әбелдинова, облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Павлодар облыстық филиалы төрағасы Болат Зауыт қатысты.

Өз сөзінде «Отандастар» қорының Аймақтармен және мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі департаментінің басқарушы директоры Әлия Әбелдинова Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған қордың мақсат-міндеттері жайлы айтып, жоспарларымен бөлісті. 

"Біздің отандастарымыздың көбі Қазақстанмен шекаралас аумақтарда тұратынын ескере отырып, қазақ диаспорасын қолдау мақсатында қор облыстық әкімдіктермен тығыз ынтымақтастық орнатып отыр. Бұл, өз кезегінде, ерекше маңызға ие. Бүгінде «Отандастар» қоры түрлі бағыттар бойынша бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Олар білім, спорт, мәдениет, ана тілін үйрету, бизнес-бастамалар және т.б. салаларды қамтиды. Сондай-ақ қордың басты міндеттерінің бірі - тарихи Отанына оралған қандастардың елде бейімделуі барысында оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық және консультациялық көмек көрсетіп, олардың жеке құқықтары мен заңды мүдделерін қолдау» деді Әлия Әбелдинова.

Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев өз сөзіде «Отандастар» қорымен бірлесіп жұмыс жасауға әзір екенін және ұсынған барлық жобаларды қолдайтынын жеткізді. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов көші-қон саласында бұған дейін атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Айтуынша, облыстық «Ана тілі» орталығында шетел қазақтарын оқыту курсы басталады. Оған Ресейдің Нобосібір, Омбы және Алтай өлкесінің тіл мамандары шақырылған.

«Этникалық қазақтарды қолдау бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Қазіргі күні Ресей және Моңғолия қазақтарымен тығыз байланысып тұрамыз. Жақында Алтай өлкесінің қазақ ауылдарының кітапханаларына Павлодар облысы туралы 20 кітап берілді. Сондай-ақ бірқатар өнерпазға сахналық костюм тіктіріп бердік. Ондағы қазақ диаспорасы өкілдері ана тілдерін ұмытпас үшін әдістемелік қолдау көрсетілуде. Яғни, облыстық Тілдерді дамыту басқарсының мамандары қазақ тілі курстарын өткізіп келді», - деді Ернұр Нұрланұлы.

Меморандум аясында тараптар Павлодар облысына келіп қоныстанған отандастардың елде бейімделуі мен кірігуіне жағдай жасауға ниетті. Бұл, өз кезегінде, Этникалық қазақтарды уақытша орналастыру орталығының негізінде жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ қор мен Павлодар облысының әкімдігі осы меморандумның мақсаттарына сәйкес келетін мәдени сауаттылықты арттыру, білім беру, спорт, бизнес және басқа да іс-шараларға жан-жақты ұйымдастырушылық және техникалық қолдау көрсетеді.

Павлодар облысына жұмыс сапары аясында "Отандастар" қорының өкілдері Этникалық қазақтарды уақытша орналастыру орталығына барып, ондағы жағдаймен танысып қайтты.