Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Ақтөбе облысы былтыр 500 млрд теңгеден астам инвестиция тартты

574 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

2018 жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының экономикасына 516 млрд теңге инвестиция тартылды. 2017 жылмен салыстырғанда инвестиця көлемі 78,1 млрд теңгеге немесе 10,8% өскен. Бүкіл инвестицяның үштен бір бөлігі – шетелдікі»,- деп жеткізді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев халықпен есептік кездесу кезінде. Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбе облысы былтыр 500 млрд теңгеден астам инвестиция тартты

«Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканың түрлі салаларына шетелдік инвестицияларды тартудың белсенді жұмыстары жалғасуда. Өңірге трансұлттық корпорациялар мен өзге де ірі шетелдік компаниялардың келуінің арқасында бізде оң қарқын байқалады. Бүгінде облыс аумағында жеті трансұлттық компания (Sinopec Group, CNPC, ERG, Yildirim Group,Орыс мыс компаниясы) жұмыс жасайды. Олардың қатарына былтыр Қарғалы ауданында құны 33 млрд. теңге болатын жел электр стансасын салып жатқан Eni және General Electric әлемдік алпауыттар кірді»,- деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев өңдеуші саланың кейбір ірі инвестициялық жобаларына тоқталды. Осылайша, құны 1,8 млрд. теңге болатын «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» ЖШС блоктық-жиынтықтамалы жабдықтар өндірісі, құны 1 млрд. теңге болатын «ЭкоЭкспресс Ақтөбе» ЖШС мұнай саласына арналған шештер өндірісі ашылды.

Өңір үшін «Gas processing Company» ЖШС газ өңдеу кешені маңызды жоба болды. Аталмыш өндіріс орны өңірдің экономикалық дамуына үлес қосып қана қоймай, бұрын шырақ арқылы жағылып келген ілеспе газды өңдей отыра экологиялық жағдайды да жақсартады. Жобаға салынған инвестиция көлемі 42 млрд теңгені құрады. Жергілікті және республикалық бюджетке жеті жыл бойы тек осы зауыттан түсетін салық түсімі 10 млрд –тан астам теңгені құрайды деп болжанып отыр. 

Агроөнеркәсіп кешені саласында «Green Capital» ЖШС бесінші буын жылыжай кешенінің құрылысы бойынша ірі жоба жүзеге асырылды. Жылыжай кешенінің жалпы аумағы шамамен 20 мың гектарды құрайды. Алайда, оларды 2021 жылға дейін бірте-бірте іске қосатын болады. Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 20 млрд-тан астам теңгені құрайды. Бүгінде бес гектар жерге қызанақ егілген. Алғашқы өнім осы жылдың сәуір айында жиналады. Кеңейтуден кейін жылыжай кешені ақтөбеліктерді тек қызанмен ғана емес, аскөк, баялды және тәтті бұрышпен қамтамасыз ететін болады.

Сондай-ақ, құны 7 млрд теңге болатын  «Көктас Ақтөбе» АҚ құрылыс материалдарын өндіру зауыты, құны 9,2 млрд теңге болатын  «Зерде Керамика Ақтөбе» ЖШС керамикалық плиталар мен керамикалық гранит өндіру зауыты сынды т.б. жобалар аяқталу үстінде.