Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Жәпек батырдың елге оралуы

809 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған міндеттерді жүзеге асыруға орай жарық көрген «Жәпек батыр» жинағының тұсаукесері өткізілді.

Жәпек батырдың елге оралуы

Көне дүниенің қасиетіне сай безендірілген сахна төрінен өр әуен ет жүрегіңді еріксіз шымырлатып шалқи жөнелді. «Найзағай намыс – қазаққа біткен шамшырақ» қуаттана толқыған ғаламат жырда өз намысыңды шымшып өтетін осындай жолдар бар екен. Ұлы даланың ғасырлар қойнауынан бүгінгі жеткен өнегесі мен тағылымы толайым қамтылған жыр еді бұл! Мәңгілік қазақ елінің рухын биіктете түсетін тағылымы мол ғибратты сөз. Асылында, рух – жан қуатынан, тектіліктен туындайды емес пе?

Тұсаукесерге жиналған жұрт Абылай ханның туының астында ел қорғаған Жәпектей батыр бабаның өр рухымен табысқандай болды. Шараға көкшетаулық зиялы қауыммен бірге Жәпек батырдың ұрпағы да жиналған екен. «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин батырдың өнегелі өмірі, елі мен жерін қорғаудағы қисапсыз ерлігі жайлы тереңнен толғап айтып берді. Жинақ жарық көргенше көне тарихтың қойнауын ақтарған, ерліктің сорабын іздеген қисапсыз шаруа атқарылыпты. Ауыз әдебиетіндегі, батырлар жырларындағы, мұрағаттардағы Жәпек батырға қатысты мәліметтер екшелген. Сол дәуірдің көрінісі, елдікті, ерлікті мұрат тұтқан жалғыз Жәпек батырдың ғана емес, барша баһадүр батырлардың туған халқымен бірге жасайтын ерлік істері сипатталып, тұтас картинасы жасалған. Белгілі ақын Бақытжан Қанапиянов, осы жинаққа «Жәпек батыр» дастаны енген жазушы Төлеген Қажыбай ортаға салмақты ой тастады. Қазақстан Республикасы Тарих және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуев өзінің зерттеу жұмыстарынан шым-шымдап сыр айтса, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов Алаш тарихының ақтаңдақтары хақында өз пікірін білдірді.

Ел тарихындағы туған халқының бағы үшін тұлпарынан түспей ғұмыр кешкен тұлғалардың әр ісі өнеге. Ал, оны ұлықтау кейінгі ұрпақтың басты міндеті. Осы орайда Жәпек батыр Дәуітбайұлының батырлық бейнесі арқылы кейінгі толқынға тәрбие нәрін сіңіруде көңіл көншітерлік екен. Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің білім алушылары кеш ғибратымен үндесетін ұлттық өнеріміздің маржандарын көңіл теңізінің бетінде қалықтатты-ай дейсіңіз.

Өткен жылы Жәпек батырдың ұрпақтары аталарының Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жерленгендігін анықтап, ас беріп, құран бағыштап қайтқан болатын. Елдің рухани байлығына жып-жылы ағын болып қосылған жарасымды шаруаның басы-қасында ұйытқы болып батырдың ұрпақтарының бірі, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан педагогика ғылым академиясының корреспондент мүшесі Нұртас Ахатұлының жүргендігін айту парыз. Ерім дейтін осындай елі барда батыр бабалардың бейнесі әр жүректе сақталатыны анық.      

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»