Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Жыл сайын Қазақстанда 600-ге жуық бала  обырға шалдығады

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

15 ақпан күні бүкіл әлемде Халықаралық обырмен ауыратын балалар күні атап өтіледі. Бұл шара Халықаралық конфедерация онкологиялық аурумен ауыратын ата-аналар ұйымының бастамасымен атқарылады (ICCCPO ).

Жыл сайын Қазақстанда 600-ге жуық бала  обырға шалдығады

Обырмен ауыратын балалардың Халықаралық күнін үміт үзу күні деп есептеуге болмайды. Бұл балалардың ауруды жеңген мерекесі!

Өз кезегінде жыл сайын Қазақстанда 600-ге жуық бала обырмен ауырады. 40 пайыздық жағдайда «лейкоз» диагнозы қойылады. Балалар онкологиясының жалпы құрылымында ми ісіктері, нейробластомдар, лимфомалар және ретинобластомалар басым.

Қазақстан аймақтарында динамикалық байқауда 4 мыңға жуық бала тіркелген. Олардың ішінде шамамен 300-ге жуық бала ем қабылдауда.

Қазіргі уақытта елімізде балалардың кейбір онкологиялық ауруларын емдеудің тиімділігі 70-90 пайызды құрайды. Сондай-ақ, генетиканың бұзылуы нәтижесінде дамитын қатерлі ісік аурулары бар және оларды емдеу нәтижелері аса жоғары емес. Бірақ әлемдік медицина бір орында тұрмайды және Қазақстанда емдеу мен бақылау үшін мүмкіндіктер бар.

Баладағы онкологиялық ауруды анықтау өте қиын. Сондықтан ата-аналар өз балаларының денсаулығына өте мұқият болу керек, дейді мамандар.

Обыр емінің тиімділігі диагноздың уақтылы қойылғанына байланысты екенін есте ұстаған жөн.

2019 жылдың 24 ақпанында сағат 13.00-де Алматы қаласындағы Республика Сарайында «Қуаныш сыйлаймыз» атты қайырымдылық концерті өтеді. Бұл концерт онкологиялық аурумен ауыратын балалардың Халықаралық күніне орайластырылады.

Мұндай іс-шараларды өткізу балалардағы онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мәселесіне назар аудартуға, оның маңыздылығын көрсетуге және ерте кезеңдерде өз уақытында диагноз қою мен емдеуге және қанша адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Келушілер назарына «Қуаныш сыйлаймыз» атты фотокөрменің жұмыстары ҚазОжРҒЗИ-дың балалар онкологиясы Орталығында емделіп жатқан балалармен түскен суреттер және балалар концерті ұсынылады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ