«Дирижерлер форумының жақсы әсері мол. Ең алдымен біздің музыканттар қанаттанып қалады, өнер шеберлерінен көп үйренеді. Сонымен қатар біздің филармония оркестрлерінің репертуары жаңарып, қызықты шығармалармен толыға түседі. Өнердің өрінде жүрген дирижерлердің келуі біздің ұжым үшін шеберлік мектебінен бір де кем емес. Ал қостанайлық өнер сүйер қауымның қуанышы бір бөлек» дейді облыстық филармонияның директоры Назымбек Молдахметов.
Өткен жылы қостанайлықтар Өзбекстанның халық әртісі Фарух Садықовтың, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Арман Жүдебаевтың, Қазақ өнер университетінің профессоры Әнуар Нүсіпбаевтың, ресейлік атақты дирижерлер Сергей Безбородов пен Владимир Лавришиннің өнерін тамашалаған еді. Олармен филармония ұжымында кеңесті әңгімелер өткізілген болатын. Мұндай пікір алмасулар биыл да өтті.
Форумның соңғы концертінде Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов форумға қатысқан, қонақ болған өнер шеберлеріне облыс әкімі атынан алғыс айтты.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай