Қазақстан халқы ассамблеясының, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі, «Филия» Қазақстан гректері қоғамының қолдауымен өткен шарада майдангер-жазушыны құттықтай келгендердің қатарында қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов, мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов,Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Л.А.Прокопенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің, Алматы қалалық Мәслихатының депутаттары, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері болды.
Ақын, жазушы, майдангер Л.Ю.Гирш есімі аталғанда осы тіркестердің қатар жүретіні анық. Он жеті жасында қолына қару алған, бүгінде запастағы полковник Л.Ю.Гирш соғысқа 1941 жылы еріктілер қатарында Украина жерінен аттанады.Леонид Юзефович сұрапыл майданды басынан өткерді. Сталинград шайқасында және Курск доғасындағы ұрысқа кіріп, Украина, Польша, Чехословакияны азат етуге, Берлинді алуға қатысты және рейхстагқа өзінің қолтаңбасын қалдырды.
Жауынгерлік ұстанымына әрдайым берік жүретін майдангер-жазушы жарты ғасыр бойы әскери киімін де үстінен тастамаған. Ол кісінің шәкірттері «Леонид Юзефович – нағыз батыр! Үлкен жасына қарамастан әлі күнге дейін сапта жүр», -дейді.
Соғыс ардагері, бес әскери орденнің кавалері және 35 медальдың иегері, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің кавалері, Алматы облысының құрметті азаматы Л.Ю.Гирш қазақстандық жас ұрпақтың тәрбиесіне де үлесін қосып келеді. Майдангер-жазушының «Близко к сердцу», «Наедине с памятью», «Прохладные травы», «Сквозь пламя войны», «Стихи о войне и мире», «Пламя победы» шығармалары бүгінде оқырмандар ортасына жақсы таныс.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ