Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

13 жасар Бақытжан екі баланы өрттен құтқарды

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Үйде қараусыз қалған үш баланың үлкені түтіннен қорқып, көршісінен көмек сұраған. Ал 2005 жылғы көршісі анасына 101-ге хабарласуын ескертіп, өзі ойланбастан екі кішкене бала қалған үйге жүгіреді. Түтінге толған үйден ол 2013 жылғы қыз және 2015 жылғы ұл баланы алып шығыпты. Артынша үй өртке оранған.

13 жасар Бақытжан екі баланы өрттен құтқарды

Оқиға 16 ақпан күні орын алған. Абай ауданы Құрсай мөлтек ауданындағы өрт шыққаны туралы хабарлама 16.39-да келіп түскен. Өрт сөндіру қызметінің 14 адамнан құралған тобы Жаңақұрылыс көшесіндегі уақытша салынған үйдегі (времянка) 60 шаршы метрді шарпыған өртті 2 сағатта сөндірген.

Мамандар анықтаған құтқарушы баланың аты-жөні – Бақытжан Құдайқұлұлы. Көрші баланың ержүректігі мен батылдығы екі бүлдіршіннің өмірін құтқаруға жәрдемдесті. «Балалардың қорыққаны болмаса, қазір жағдайы қанағаттанарлық.  Өрт болған кезде үйде ата-анасы болған жоқ. Мамандар өрттің себебін анықтауда», дейді департамент өкілі Мадияр Елеусізұлы.  

Қазір департамент атынан Бақытжанның барлық құжаттары ведомстволық наградаға жіберіліп жатыр. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»