Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Қостанайлық кәсіпкер ханым миллионер араб әйеліне сәукеле сыйлады

611 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайлық кәсіпкер Евгения Домбаева Қазақстан іскер әйелдері делегациясының құрамында Біріккен араб әмірліктеріне барып айтты. Қостанайдағы айтулы ательенің жетекшісі Евгения Араб әмірліктеріне өз ұжымы тіккен бұйымдарын ала барды. БАӘ әйелдер кәсіпкерлігі үшін қызықты да, қолайлы ел екені белгілі. Қазақстан іскер әйелдерінің кеңесі Біріккен араб әмірліктері біраз жылдан бері ынтымақтаса жұмыс істеп келеді.

Қостанайлық кәсіпкер ханым миллионер араб әйеліне сәукеле сыйлады

«Егер әйел осы елде өзінің ісін ашқысы келсе, Біріккен араб әмірліктерінің үкіметі оны кез келген елге жіберіп оқытады, оның қаржысын төлейді. Сонымен қатар әйел-кәсіпкерлерге салық жеңілдіктері жасалған. Осы мені қызықтырды» дейді Евгения.

Қостанайлық кәсіпкер әйел қатысқан форумға арабтың бизнес-ханымы, миллионер Риид Әл-Дхахери демеушілік жасады. Евгения оған өзінің ательесінде тігілген сәукелені сыйлады. Қостанайлық шеберлердің қолынан шыққан қазақ әйелінің ұлттық бас киімінің сәнділігі форумға қатысушыларды таң қалдырды. Евгенияға араб әйелдерінің тіккен киімдері де ұнады.

«Бұл ер адамдар қатыспаған, әйелдер паража кимеген жабық шара болды. Олар тіккен көйлектер өте сәнді екен. Мен онда ұлттық стильдегі киімдердің біріккен көрмесіне шақырту алдым. Бұл болашақ іскер байланысымыздың басы болар деп үміттенемін» дейді Евгения.

Осы сапарда Біріккен араб әмірліктерінің Іскер әйелдері кеңесі мен Қазақстан Іскер әйелдері кеңесі ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Оның аясында болашақта біріккен жобалар мен бағдарламалар жасалатын болады. Әрине, одан қостанайлық кәсіпкер әйелдер де сырт қалмайды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай