Аймақтар • 18 Ақпан, 2019

Семейде математикадан аймақтық олимпиада өтті

690 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде белгілі ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қажи Нұрсұлтанұлы атындағы математикадан І аймақтық олимпиада өткізілді, деп хабарлайды аталмыш мектептің баспасөз қызметінің жетекшісі Ермек Исабаев.

Семейде математикадан аймақтық олимпиада өтті

Олимпиадаға 130-ға жуық оқушы қатысып, бақтарын сынады. Бар ғылымның атасы саналатын есепке кімнің жүйрік екендігін анықтады. Олимпиада аясында әдістемелік-тәжірибелік конференция қоса өтіп, мектеп мұғалімдерінің көкейінде жүрген өзекті мәселелер ортаға салынды.

- Қажи Нұрсұлтанұлының отандық математика саласына қосқан үлесі өте зор. Ол университетте дәріс бере жүріп, орта мектептердегі әріптестеріне үнемі қолдау білдіріп отырған. Бүгінгі олимпиаданың мектеп оқушылары үшін өткізілуінің басты себебі де осында. Өз мамандығын жан-тәнімен сүйгенінің арқасында балаларға арнап «Жүлдегерлік жүз есеп», «Ертегі есептер», «Ойлау логикасы» атты қызықты әрі тартымды кітаптар жазып қалдырып, математика ғылымына «Дискретті математикалық логика», «Математикалық логиканың бастамалары» сынды  құнды еңбектерін мұра етіп қалдырған. Бұның сыртында 300–ден астам ғылыми зерттеулері есепке жаны құмар жандар үшін таптырмас әдістемелік көмек болары сөзсіз. Олимпиада шеңберінде ұйымдастырылған конференцияға өңір ұстаздары жіберген 35 зерттеу жұмыстарының 15–і іріктеліп алынды. Осы жұмыстар математика пәніндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, оның шешілу жолдарын қарастырады,-дейді мектептің математика пәнінің мұғалімі Гүлбаршын Қайырғалиқызы.

  Семей қаласындағы ФМБ Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімдері Нұрғазы Сейітқазыұлы, Нартай Советханұлылардың айтуынша, конференция жұмысына қала мұғалімдерінен бөлек шалғайдағы аудан, ауыл мұғалімдерінің өз жұмыстарын жіберуі мектепте математика пәнін оқытуда жаңашылдықтың қажет екенін көрсетсе керек.

Белгіленген уақыт ішінде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан шәкірттер олимпиада жеңімпаздары болып танылды. Ұйымдастырушылар шешімімен I-II-III жүлделі орындары бірнеше балаға қатар беріліп, нәтижесінде Экономикалық лицей, Быхин атындағы жалпы білім беретін, Приречное орта мектептері мен көптеген қала мектептерінің оқушылары олжалы қайтты. Жеңімпаздарға «Sem-Slada» торт-кондитерлік өнімдерінің қаржылай көмегімен ұйымдастырушылар әзірлеген естелік сыйлықтар табысталды. Ал конференцияға қатысушы ұстаздарға сертификаттар табысталып, келесі бас қосудың жоспары талқыланды. Мектептің математика әдістемелік бірлестігі ғалымның ұрпағы Гүлзифа Нұрсұлтановаға әкесінің портретін сыйға табыс етті.  

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

журналист