19 Ақпан, 2019

Жалақының көбеюі – еңбектің өтеуі

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған «Қазақстан­дық­тардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  дәстүрлі Жолдауында төменгі жалақы алатын жұмысшылардың айлығын өсіру мен салық мөлшерлемесін азайтуды тапсырған болатын.

Жалақының көбеюі – еңбектің өтеуі

Қазір бұл бағытта аймақта нақты шаралар қабылданып, іске асып жатыр. Мәселен, Алматы облысындағы 43 503 кәсіпорындағы 79,4 мың жұмысшының төмен жалақы алатыны анықталған еді. Биылдан бас­тап олардың жалақы мөлшері көбейтілді. Қазір кәсіпорындардағы еңбек өтеуі едәуір жоғарылады. Нақты есеп бойынша 14 мың жұмыс беруші 32 мың жұмыскердің жалақысын көтерген. Сондай-ақ облыста бюджеттік ұйымдарда қызмет атқаратын 41 мың адамның жалақысы орта есеппен 35 пайызға көбейді. Жалпы, облыс бо­йынша 2018 жылы орташа айлық жалақы 5 пайызға өсіп, табыс мөлшері 114 мың теңгені құ­рапты. Мұнан бөлек, салық жүктемесін тө­мен­детуге орай 133,5 мың адамның жала­қысы қайта қаралған екен.

Елбасының төменгі жала­қы­ны көтеру тура­лы тапсырмасына сәйкес Талғар ауда­нын­да да нақты шаралар қолға алынған. Ау­дан әкімі Рыскелді Сатбаевтың айтуын­ша, өткен жылдың қорытындысы бойынша өңір­дің дамуы оң көрсеткіштермен толық­қан. Әсіресе, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағ­дарламасы бойынша жал­пы құ­ны 1,6 млрд теңге болатын 24 жоба қар­жы­лай қолдау тауыпты. Бұл өз кезегін­де ау­­дан­дағы 1716 кәсіпорындағы жұмыс­ты жандан­дырып, 1405 ны­сан­дағы жұ­мыс­шы­лардың жалақысын өсіруге мүм­кіндік бер­ді. Яғни, аудан бойын­ша биыл­ғы 1 қаң­тар­­дан бастап 3903 жұ­мыс­шы­ның ай­лығы кө­­бей­іп, жалақы қоры 230 млн теңгеге артыпты.

Мұнан бөлек, аймақтағы ірі кәсіп­орын­дарда ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру жолға қойылды. Бұл бастамаға алдымен қо­сылғандар ішінде «Алматы бояулары» ЖШС (директорлар кеңесінің төрайымы Римма Салықова) бар. Ал Іле ауданындағы «Абди Ибрагим Гло­бал Фарм» ЖШС бас директоры Зиятхан Гасановтың айтуынша, кәсіпорындағы ең төменгі еңбекақы мөлшері қазір 120 000 теңге болса, орташа жалақы 353 000 тең­геге жеткен. Осы қатарда «Жаркент крахмал-сірне зауыты» серіктестігі де бар. Басқарма төрағасы Зәкіржан Кузиев өндірісте 1200 жұ­мысшы бар екенін, олардың орташа жалақы мөлшері өскенін, қазір 311 қызметкердің орташа еңбекақысы 127 000 теңгені, ал төменгі айлық 80 000 теңгені құрайтынын айтты.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы