Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

 Алматы әкімі көпбалалы аналармен кездесті

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы аналармен кездесті. Аналардың барлық сұрақтары мен ұсыныстарын тыңдаған әкім мегаполистегі тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету үшін қалалық деңгейде атқарылатын әлеуметтік шараларды кеңінен түсіндірді.

 Алматы әкімі көпбалалы аналармен кездесті

Бұған дейін мұндай кездесулер қаланың барлық аудандарында өткен болатын. Басқосу барысында көпбалалы аналарды әлеуметтік жәрдемақы мөлшерін арттыру, тұрғын үй мен тұрмыстық жағдайды жақсарту, еңбекпен қамту, балаларды бала бақшаға орналастыру  жағдайлары толғандыратыны айтылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үкіметтік топ жұмыс істеуде, кездесулерде айтылған барлық ұсыныстар сараланады және есепке алынады. Бұлардан өзге, біз қалалық деңгейде көпбалалы аналарға қолдау көрсетудің нақтылы механизмі жинақталған пәрменді шараларды «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс конференциясында ашып айттық. Мысалы, кәмелетке толмаған 4 және одан да көп балалары бар тұрмысы төмен отбасыларға тұрғын үй алудың алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндігі қарастырылатын болады», – деді Бауыржан Байбек.

Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетудің кешенді шаралары бойынша мүгедек баланы үйде оқытуға кететін шығынның орнын толтыру үшін берілетін адрестік көмек пен қиын өмірлік жағдай туындаған кезде бір рет көрсетілетін әлеуметтік көмек көлемін арттыру жоспарланғанын атап өтуге болады.

Айта кетерлігі, шаһар басшысы бұрындары тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап бала бақша шығынына өтемақы төлеуді қарастыруды тапсырған болатын. Көпбалалы отбасылардың коммуналды қызметке, сумен қамтуға қатысты ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кеткен шығындарына жұмсалатын адрестік көмек көлемі де назарға алынбақ.

Көпбалалы отбасылардың заңнамалық және психологиялық кеңестерге зәру екені ескеріліп, таяу арада «Бақытты отбасы» қалалық жобасы іске аспақ. Сондай-ақ  шаһарда көпбалалы аналар орталығы құрылатын болады. Бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істейтін сервистік орталық арқылы көпбалалы аналарды жұмысқа тарту ісі қолға алынбақ.

Алматы әкімдігі тұрмысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұлғайту және стипендия берілетін тегін қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру мұмкіндігін назарға алып отыр.

Осыған дейін Бауыржан Байбек негізсіз шығындардан арылуды ұсынған еді. Қала басшысы әлеуметтік сипаты бар шешімдер қабылдау үшін Алматы әкімдігінің «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелерімен бірге бюджет шығындарын тұрақты тексеріп, оңтайландыру жүргізгенін айтты. Нәтижесінде үнемделген қаржы бұрынғыдай азаматтардың өтініші бойынша әлеуметтік мәселелерге жұмсалады. Олар – жаңа жұмыс орындарын құру, тұрмысы төмен жандарға, әсіресе көпбалалы аналарға қолдау көрсету спектрін ұлғайту, басқа әлеуметтік шараларды жүзеге асыруды көздейді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ