Әдебиет • 21 Ақпан, 2019

Әдебиет тарихы – стильдер тарихы

690 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Әдебиет тарихы – стильдер тарихы

Бастадық.

Біздің проза – мақтанға жақ­сы. Жұрт тез түсінеді, бәрі анық, оқыған сайын ойың терең­деп, танымың кеңейеді. Тамырсыз деп ешкім айта алмайды. Ас­фальт­ты жарып шыққан күштің аты – махаббат, елге деген шек­сіз сүйіспеншілік. Түркіні сүй­ген Мағжандай! Тасты жарады, топыраққа байланады.
Қазақ түсінбегені туралы ойланбай­ды, алайда бір ұққанын жүз айтып қой­май­ды.

Алашта бәрі түсінікті. Тегі, Асқар ға­­­­на түсініксіз, мүмкін, Оралхан, әлде да­нышпан Мұқтар Мағауин немесе абыз Әбіш Кекілбай.

Сосын, Абайдың қайғысы көп, түсі­нігі күрделі, мақса­ты – бұлыңғыр. Бірақ бұлың­ғыр­лығы толған ақылдан, яғни, асып-тасқан ақылдан туады. Адам­­ның ақылы артқан сайын­ ақы­лы жетпейтін ойлары да кө­бейеді. Бұлың­ғыр ойлар. Бұрын білмеген екен. Рас, адамның оқы­­­­­­­ғаны пайымдаған ақылға айна­лып, ақы­лына ақыл қосады, сол кезде көзі көреді. Дүние – оңай, өлім қиын емес.

Қаламның сауаты оқығаннан келеді. Сауат ойға кеңістік ашады, санаға да, қиял­ға да қанат бі­ті­реді, таланттың таби­ғатын өз­гер­­теді. Білге дарын – талантына танымы тең тартқан тархан. Жөнді де, жолды да біле­ді және жөнге ұғымтал, жолға ұт­қыр.

Жазушылық – туабіткен қасиет, бірақ оның тәртібі кітап­тан қалыптасады. Жас ұ­р­пақ қа­шанда ескі низамнан қашып, жа­ңа машықтың саясын паналайды.

Қаламгер кітапты көп оқыса – машық­қа жетеді, киногер көркем фильмді көп көрсе – кино тілін табады. Тәртіпсіз проза – мәде­ниет­сіз проза. Стиль – тәртіп.

Әдебиет тарихы – стиль­дер­дің тари­хы. Стиль көп оқып, көп­ жазғаннан қа­лып­­та­сады. Ат­мос­фера.

Стиль – атмосфераның авторы. Ат­мос­фера – бір нәзік дүние. Кез келген өнер­дің, өнерпаздың мұраты – атмос­фераға жету.

Стиль атмосфераны тудырады, атмос­фе­ра – шығарманың жаны. Атмос­фера­сыз кі­тап – өлі туынды. Атмосфера барда, кі­тап та тірі.
Шын, атмосфера жоқта оқыл­ған кі­тап­­тың: сағынышы – се­нім­сіз, қасіреті – күлкілі, махаббаты – жалған. Кітапты оқу үшін шығарма ішінде де, оқырман бойында да, мезгіл уақытында да, төңі­рек жағдаятында да атмосфера болуы керек. Менің ойым сол.

Толстой – данышпан орыс қа­зақ­ты, қазақ орысты білмей­ді. Қазақ білмей­тіндігіне мақ­та­нады. Адамзат куә, Толс­той – да­ныш­пан, Достоевский – ұлы, Пуш­кин – кемеңгер. Орыс әдебиеті – алып­тардың әде­биеті. Жалпы, тамырсыз ағаш, тарихсыз мәдениет, тексіз әде­биет жоқ. Тілдің бәрі – ұлы, өнер тегіс текті, әдебиет біткен кемел дүние – бір-біріне тең, артық та, кем де емес. Самоценность. Яғни, өзіндік құндылық. Біздің ұлт – талантты халық.

Қазақтың ақыл-ойына қазақ ортасы аз­дық етеді, біздің көріне қоймаған оқырман­дарымыз көп, бірақ бір тілде ғана сөйлеген әде­­биет көп тілді адамзатқа жете алмай отыр. Сондықтан проза да, поэзия да жарма қақ­паларын шал­қасынан ашып тастауы ке­рек.

Кек & өкпе

Қазақта өкпе көп. Кейбір топ кеше­гісін кешіре алмай – кектенеді. Кек – тұйық жол деп айттық. Кегінің түрі – тілінде сөй­лемеу, қаріптік нұсқасында оқымау, тегі, сөйлеген мен оқығанды жау көреді. Жазғанды, тіпті Үркітке ай­датуға дайын.

Әдебиетіне, мәдениетіне қарсылығы – кәдімгі үлкен философияға айналады. Кеші­ріңіз, бұл енді – не шовинизм,­ не фашизм. Адамзатты сүюге шақырған Абай­ға салсақ та, басқа өркениетті жек­көру – қазақ­тың жолы емес. Өзін жау көрген өзге оны да жақ­тыр­май­ды.

Бұл жағдай қос әдебиеттің мұратынан адасуына апарып соғады. Орыс жазушысы қазақ оқырманын, қазақ қаламгері орыс аудиториясын іздемейді.
Бірақ әдебиеттің мұраты – кек, өшпен­ділік, аярлық емес, ізгілік еді, жарыққа ұм­тылған сөз өнерін, сәулелі сөз өнерін қай­­тіп қараңғылық жайлады, күн көзін неге түнек бас­ты... бел­гісіз. Пафос – фальш. Негізі, бел­гілі. 

Пафос әдемі нұсқада сөйлей­мін деп, кейде фальшті айтып қалады. Фальш – атмос­фераның жауы. Әсері бірден сезі­леді, нә­ти­жесі шұғыл көрінеді. Архе­тип шы­найылықты оятады.

(Екінші әңгіме)

Қайдасың, архетип?

Жалпы, архетип – екеу, бірі – кө­­­шірме­лердің түпнұсқасы, яғ­ни көне мә­тіндердің, ес­кі жазбалардың ежелгі, атам­за­манғы ең ал­ғаш­қы көрі­нісі. Не­месе негізге алынатын ең бас­тап­қы, ертедегі үлгісі.

Екінші архетип – лингвис­тикаға байланысты. Тілдік фор­маның қалпына келтіруге бола­­тын, алғашқы үлгісі тұр­ғы­сында танылатын, түпнұсқа ре­тінде қабылданған түрі.

Тіпті, аналитикалық психология­ қа­­лып­­­тастырған үшінші архетип­ бар. Ірге­тасын қалаушы – Карл Юнг. Пәлса­пашы ілі­мі бо­йынша, әрбір адамның бойын­да туа біткен, ұжымдық санасыз­дықтың маз­мұнын құрайтын психо­логиялық құ­ры­лымдар бар, мүмкін, құрамдар, әдет­те­ түсіңізге кіреді, жалпы, өмі­­рі­­мізден, жеке бір тәжі­ри­­бе­мізден қайталанып тұр­­ғандай көрінетін ой-ниет немесе тілек-талпыныстарымыз (мо­тивтер) бен кейіп­тер (образ­дар) кешегіні еске салып отырады. Архетиптердің бұл атал­­ған қасиет-бел­гілері жалпыадам­зат­тық әфсаналар мен ертегілер, әлемде кең тарал­ған әдеби көр­­кем сюжеттер негізінде де жа­тыр. Юнг отызға тарта архетипті ал­ға тар­тады. Олар­ды әфсана және ертегілерде баян­да­ла­тын, бейнеленетін образдардан бай­­қауға болады.

Архетиптер жеке адамның ғұмы­рын­дағы не болмаса қо­ғам өміріндегі қиын-қыстау сәт­­тер­де оянады. Қуа­нышты сәт­те де тұ­нып жатқан тұңғиық, мөл­діреп тұрған шы­ңыраудан қал­қып жоғары шығады да санадан көрінеді. Дәлірек, сана қызметінен, іс-әрекетінен бай­қалады.

Архетип – жеке адамның қасиеті емес. Жеке тұлғаның туын­дысына да жатпайды. Ол – адамзаттық нәсілдік құбылыс. Архаи­калық қалдық. Жер бетін­дегі алғашқы қа­дамы, ауыр тір­ші­лігінің куә­сі, сақталып қал­ған белгісі. Бірінші тәжі­рибелерінің сар­қыты.

Сонымен, образды ойлаудың қалыбы бар екенін таныдық. Демек, әдеби архетип, салдарынша, әдеби мотив, желілер, қаһар­мандардан тұрады. Жа­зу­шылық ерек­шеліктен, ма­шық­тан туатын архетип, мәң­гілік тақырыптар мен образдар архетипі, қалыптасқан бейнелердің архетипі. Сосын та­биғи архетиптер.

Жазушының архетипті ғы­лыми тұр­ғыдан ғалым­дай білуі шарт емес, бірақ оны тануы тиіс.

Фабула композициядан үл­кен, ал ком­­позиция фабуладан гөрі әлдеқайда дәл.

Орыс тілді ортада бойына әлем әдебие­тінен жұғып, санасына озық нұс­қалардан сің­ген жақ­сы дәстүр бар. Жа­зу­шының жеке басын­да ешқандай шаруасы жоқ. Бар назары – қол­дағы мәтінде. Әді­лет­сіз сөйлей алмайды. Жұрт қарап отыр.

Бірінші кезекте, әрине стиль. Фабула – екінші кезектегі мәселе. Әңгімеленетін тақы­рыптың бір-біріне жалғасқан не қабыс­қан жайттарының біртұтас жиын­ты­ғы.

Ал композиция сол жайт­тардың орналасуын, кезектесуін, тіпті байланысуымен бі­ріге, бірге өрбуін білдіретін түсінік.

Бірі – уақиғалардың сан мөлшерін, бір желідегі кезек­тесуін, қабыса өрбуін немесе шын өмірдегі жағдай-жайттарын көрсетсе, екіншісі, сол фабула бойын­ша авторлық нұсқадағы сюжетті құрасты­руды, яғни уа­қи­ғаны жүзеге асыруды біл­діреді.

Фабула жалпылама әңгіме түріндегі нұс­қа болса, композиция мақсат-мұраты бар нақ­тылы сюжеттік желі.

Қаламгердің оны білуі шарт емес, бірақ сол ізбен жүруді кі­тап­тардан оқып үйренуі ке­рек.

Меніңше, ғылыми фантастика, фэнтези, детектив үшеуін жоқтаудың қажеті жоқ. Біздің қорғау-қолдауымызсыз-ақ олар әлемді жаулап отыр. Фэнтези – бар болғаны – ғылыми емес фантас­тика. Ойына не келсе соны жаз деген жауапкершіліксіз еркін­дік. Детектив те жетісіп тұр­ған жоқ: қылмыстың ізіне, қыл­мыскердің соңына түскен агент­тің сергелдең өмірі. Ғы­лыми фантастика ақыл-ойға – ақыл, ой қосады.

Бірақ жалпыадамзат, жекелеген данышпандар Интернетті болжай алған жоқ. Ақпараттық технология дүниені өзгертті. Біз қарыштап дамып, аршындап адымдаған үдерістердің соңына ілесе алмай ілдебайлап жүріп келе жатырмыз.

Кейде қолына тізгін тиген сұңғыла медиа тұлға сипай қамшылап ат шалдырады, оза шауып, топ жарып, қара үзіп кетеді. Шаң-то­пы­­­­рақ астында қалған біз қайтіп адамзатқа ақыл айтамыз?

Бұқаралық ақпарат құрал­дары әлем­дегі ең ықпалды би­леуші топқа айналды. Қа­зір барды да, жоқты да өзі жасайды. Ме­диагер тұлға ақпараттық технология­лар­ арқасында бизнес­тегі, қоғамдағы, мем­­лекеттегі ең­ көрнекті қайраткерлердің бірі бол­ды.

Дидар АМАНТАЙ, 

жазушы