21 Ақпан, 2019

Ауқымды жұмыс атқарылады

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанадағы «Qazaqstan» орталық концерт залында Мәдениет және спорт министрлігі Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, мәдениет, спорт және туризм саласы өкілдерінің қатысуы­мен кеңей­тілген алқа отырысын өткізді. 

Ауқымды жұмыс атқарылады

Күн тәртібіндегі басты тақырып Елбасы Жолдауындағы тапсырмалар шең­беріндегі басым бағыттарды жүзеге асыру негізінде өрбіді. Министрлік жина­лысында, сондай-ақ өткен жылдың жұ­мыс қортындылары мен саланың 2019 жыл­дағы даму келешегі қарастырылды. 

Алқалы жиынның шымылдығын Мәде­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы ашып, 2018 жылы руханият, туризм және спорт кеңістігінде атқарылған ауқымды шара­ларға жан-жақты тоқталды. Министр өз сөзінде, әсіресе, өнер мен спорт саласында жетіс­тікке жетіп, Қазақстан атын әлемге та­ны­­тып жүрген жастардың жұлдызды жеңі­­сіне тоқталып, алдағы уақытта да талант­ты өнерпаздарға жүйелі түрде қам­қор­­лық көрсетілетінін жеткізді. Бұдан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­­ламалық мақаласы аясында атқа­рыл­ған шараларды да кеңінен баяндады. 

Театр мен кино, музыка мен спорт саласында жеткен жетістіктер ауыз толтырып айтарлық. Мәселен, ғаламат даусымен әлем назарын өзіне аударған Димаш Құдайберген, кино мен театр кеңістігінде биік белестерді бағындырып жүрген актриса Самал Еслямова, режиссер Әмір Бай­­ғазин, дирижер Алан Бөрібаев, опера мен балет өнерінің үздік солистері – Сүн­дет Байғожин, Медет Шотабаев, Сал­та­нат Ах­метова, Бахтияр Адамжанов сын­ды өнер­­паздардың еңбегіне ерекше мән берілді.

– Мемлекетіміз, оның ішінде Мәдениет және спорт министрлігі Елбасының тіке­лей қолдауымен жас таланттарымыз­дың өсіп, биікке қанат қағуына барынша жағдай жасап, кең мүмкіндік ашып отыр. Сол секілді жас көрермендері­міз­дің талғамының қалыптасуына да руханият әлемі жан-жақты әрі тыңғылық­ты еңбек етіп келеді. Бұл, әсіресе, кино мен театр саласында айқын көрініс тауып отыр. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында сөз болған тарихи тұлғаларымыздың көркем бейнесін экранға шығаруда «Қазақфильм» киностудиясы жемісті жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, олардың қатарына жақын­да жарыққа шығуы жоспарланған Ақан Сатаевтың «Томирис», Рүстем Әбді­раш­тың «Алтын тақ» сынды тарихи фильм­дері­мен қатар, «Алтын адам» бастаған бір­неше анимациялық туындыларды да қо­сып қоюға болады. Осындай туындылар еліміздің ертеңі үшін қызмет етеді, өс­ке­лең ұрпақты ұлтжандылық рухқа тәр­биелейді деп сенеміз. Бұған жақында ға­на қабылданған «Кинематография тура­лы» Заңымыз да толық мүмкіндік бере­ді деп сеніммен айта аламын, – деді Арыс­танбек Мұхамедиұлы өз баяндамасында. 

Сондай-ақ министр 2018 жылы кадр­лық өзгерістер негізінде Мәдениет және спорт министрлігі мен еліміздің белді өнер ошақтарының басшылығына келген жаңа қызметкерлермен таныстырып өтті. Олардың қатарында Ұлттық олим­пиада комитетінің бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков, вице-министр Елдос Рама­занов, Спорт және дене шынықтыру істе­рі комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының ректоры Арман Жүдебаев, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры Сәбит Әбдіхалықов, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры Азамат Сатыбалды және тағы да басқа мамандар бар. 

Алқалы жиынды одан әрі «Қастер­лі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы­ның жете­кшісі Берік Әбдіғали, Қазақстан Жазу­шылар одағының төрағасы, ақын Ұлық­бек Есдәулет, Қазақстан кине­мато­гра­фистер одағының төрағасы, кинорежиссер Ермек Тұрсынов, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төраға­сы Серік Сәпиев өз саласы бойынша баян­дамаларымен жалғады. «Рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағ­дар­ламалары мен жалпы Жастар жылы аясында әдебиет, мәдениет, өнер және спорт саласындағы үстіміздегі жылы ат­қарылуы тиіс ауқымды жобалар да жиын­да жан-жақты сөз етілді. 

Назерке ЖҰМАБАЙ

«Egemen Qazaqstan»