21 Ақпан, 2019

Шетелдердегі тәжірибе қандай?

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Шетелдердегі тәжірибе қандай?

Алғашқы мысалды көршілес Ресейден бастасақ, қазіргі уақытта 2016 – 2020 жылдарға арналған «Тұрғын үй» федералдық нысаналы бағдарламасы 5 бағытта жұмыс істейді. Бір бөлімі ретінде жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бекітілген. Бұдан басқа, мемлекет тұрғын үй құрылысының шеңберінде құрылыс салушылар қызметін «Ресей отбасына арналған тұрғын үй» кіші бағдарламасы шеңберінде ынталандырады.

Ал Түркия 2011 жылдың соңын­да табысы орташа азамат­тар үшін шамамен 202 мың, тұр­мысы төмен және кедей отбасы­лар үшін 140 мың үй салды. Тұр­ғын үй құрылысын дамыту жөніндегі басқармасы 2023 жылға қарай Түркияда шамамен 500 мың тұрғын үй салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар тұрақты табысы жоқ немесе табысы төмен халықтың аз қамтамасыз етілген топтары үшін алаңы 45-тен 65 шаршы метрге дейін, жалға берілетін, ай сайынғы төлем мөлшері 80 АҚШ долларын құрайтын − 20 жыл ішінде өтеу мерзімімен тұрғын үй беру көзделген. Бұл ретте тұрғын үйге ақы төлеу қоныстанғаннан соң 2 жылдан кейін ғана жүргізіледі.

Швейцария федералдық, кан­то­налдық және муниципалдық деңгейлерде қоғамдық мұқтаждық үшін тұрғын үй салатын ұйымдар құруды және олардың жұмыс істеуін қолдайды. Сонымен бірге мемлекет жеңілдікті қарыздар, субсидиялар, салықтық преференциялар, төмен бағамен жер учаскелерін беру, кепілдіктер беру арқылы олардың қызметін ынталандырады.

Беларусь елінің тұрғын үй саясаты 2016 – 2020 жылдарға арналған «Тұрғын үй құрылысы» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жүргізіледі. Бағдарлама жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар түрінде мемлекеттік қолдауды алуға құқығы бар аза­мат­тар үшін тұрғын үй салып, ин­женер­лік және көліктік ин­фра­құрылы­мы бар немесе осын­дай аумақ­тар­ға барынша жақын ай­мақта жер учаскелерін беру ар­қылы жеке тұрғын үй құры­лы­сын дамыту бағыттары бойынша жұмыс істейді.

Қарлығаш ҚҰРАМЫС,

«Egemen Qazaqstan»