21 Ақпан, 2019

Smart-өмір – елді цифрландыру

401 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әйгілі сөзді сәл өзгертіп айтар болсақ, «smart-өмір дегеніміз – бүкіл елді цифрландыру...» Жалпы, бұл бүкіл әлемнің алдында тұрған мақсат. Қазір дамыған мемлекеттердің дені цифрландырудың шегіне жетіп қалды. Дүниедегі «Индустрия 4.0» түсінігі экономика мен өндірісті ғана емес, адам өмірінің негізгі бөлігін smart-тіршілікпен тығыз байланыстыруда.

Smart-өмір – елді цифрландыру

Қазақстан да бұл ғаламдық үдерістен тыс қалмауы тиіс. Бүгінде осы мақсатты көз­дейтін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы ел тұр­мысына дендей еніп келеді. Негізі бұл бағ­дарлама аясында ел бойынша интернет қол­данушылар санын 80 пайызға жеткізу міндеті тұр. 2020 жылға дейін осы межені игеруіміз керек. Ал елдің ақпарат саласындағы цифрлы хабар тарату үрдісі 95 пайызға жетуі тиіс. Сондай-ақ алдағы бір-екі жылдың жүзінде тұрғындардың ғаламторды игеру сауаты да 80 пайыздан асуы керек. Мұның бәрі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы жә­не «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ат­ты бағ­дарламалық мақаласында да нақты айтылған. 

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аймақтарда жүзеге асуы адамдардың қолай­лы өмір сүруіне бастайтын үрдіс екенін қайта­лап жату да артық. Бұл жердегі жетістік қо­ғам­­ды қағазбастылықтан арылтып, бюро­кра­тияны жоюға дейін жеткізуі тиіс. Ал цифр­ландырудың ең басты ерекшелігі деп бар­лық салаға батпандап еніп кеткен сыбайлас жем­қорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беретін жақтарын айтуымыз керек.

Бұл бағыттағы жұмыстар Алматы облысында өз деңгейінде жүргізіліп жатыр деуге нақты негіз бар. Қазір өңірде «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы аясында жұмыстар әр сала бойынша жүруде. Мысалы, өткен жылы білім беру саласында бұл қадам сәтті жүзеге асты. Облыс бойынша балабақша кезегіне өтініш беруге автоматтандыру жүйесі енгі­зілді. Бұл жүйеге аймақтағы мектепке дейінгі 951 ұйым тіркелді. Осы балабақша кезе­гіне қатысты цифрландыру жұмысы 81,4 па­йызға жеткен екен. Мұнан бөлек, облыста «Smart-колледж» қанатқақты жобасы іске қо­сыл­ды. Бұл өңірдегі колледждерде білім беру ү­дерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Ал мектептердің компьютер техникасымен жаб­дықталуы 100 пайызға орындалып, цифр­лы кабинеттердің саны 11275 бөлмеге жетті. Білім беру нысандарын жылдамдығы жоғары интернетпен қамту 56 пайызға артқан екен. 

Облыста «Жетісу» медициналық ақ­па­раттық жүйесі қолданысқа енгізіліп жатыр. Бұл бойынша денсаулық сақтау саласындағы барлық ұйымдар медициналық ақпарат жүйесіне толық қосылған. Оның ішін­де аудандық деңгейдегі қамту 69,9 пайызды құрапты. Жалпы денсаулық сақ­тау саласында электронды форматқа 117 медициналық нысан көшкен. Қазір қағазсыз құжат айналымы 53 пайызға дейін көбейді. Есеп бойынша өңір тұрғындарының 83 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Жақында Талдықорған қаласының жедел жәрдем стансасы «Көмек 103» цифрлы жүйесіне толықтай қосылды. Бұл науқастардың шақыруын жедел қабылдап, дәрігерлік көмекті уақтылы көрсетуге жол ашты.

Былтыр тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласында 9 тұрғын үй «е-Шаңы­рақ» бірыңғай зияткерлік ақпараттық жүйе­сіне қосылған екен. Нәтижесінде тұты­нылған және жеткізілетін коммуналдық қыз­мет­терді бақылау және мониторинг бо­йынша шығындар 30 пайызға төмендеді. Жал­пы цифрландыру бағдарламасының «Қаланы басқару» бағытын іске асыру аясында «Smart Taldykorgan» мобильді қосым­шасы әзірленген. Бұл қырықтан астам қалалық сервис қызметіне интернет арқылы қосылуға мүмкіндік береді. Облыс орталығында «Ақылды жаяу жүргінші өтке­лі» іске қосылған. Бірнеше «Smart» аялдама кешені орнатылды.

Сондай-ақ Алматы облысының құқық қорғау саласы да цифрлы қызмет көрсетуге көшіп жатыр. Мысалы, «Электронды қыл­мыс­тық іс» жобасы шеңберінде қылмыс­тық істерді тергеу электронды форматта жүр­гізі­луде. Бұл мақсатта 300 арнайы жұмыс ор­ны ашыл­ған. Нәтижесінде тергеу жүр­гізу мер­зімі қысқарып, іс материалдарын бұр­малау тәуе­келі азайды.

– «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрландыру үдерісі барлық өмір сүру саласына қатысты және мемлекетіміздің әр тұрғынының өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстың бір пара­сын «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне қатысты айтуға болады. Жобалық кеңсе ашылғалы бері жұмыс тобы 12 отырыс өткізді. Ал жақында ғана облыстағы мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру бойынша екі мәселені талқыладық. Біріншісі, Мемлекеттік кірістер департаменті бастамашы болып отырған «Мемлекеттік қызметті жедел көрсету дөңгелекті кеңсе» жобасы. Бұл бойынша салық міндеттемелерін есеп­теп, қабылдау үшін елді мекендерге арнайы жабдықталған көлік шығару жоспар­ланған. Оның қызметі толықтай цифрланады. Нәтижесінде, салық төлеушілердің жұмысы жеңілдеп, қағазбастылық азаяды. Екінші жобаны «BilimMediaGroup» компаниясы ұсынып отыр. Бұл білім саласындағы қыз­меттерді автоматтандыру арқылы сыбайлас жемқорлық қауіпін төмендетуге бағытталған, − дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы