Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Жаһандық қаржы империясының күйреуі

1014 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

АҚШ-тың бизнес саласындағы белгілі қаламгері Уильям Коханның «Соңғы магнаттар» (William Cohan: «The Last Tycoons») атты 2007 ж. жарық көрген туындысы Американың қаржы институттарының ұшар басындағы Lazard Freres & Co. атты алпауыт инвестициялық банкінің қатпарлы сырын шеберлікпен айқара ашады.

Жаһандық қаржы империясының күйреуі

Шындығында да бұлай деуге толық негіз бар. Өйткені біріншіден, Уильям Кохан 17 жыл бойы үздіксіз Wall Street банктерінде, оның ішінде алты жыл Lazard Freres & Co. инвестициялық банкінде қызмет атқарған. Демек, ол – аталмыш қаржы институттарының есігінен кіріп, тесігінен шыққан әрі олардың бүге-шігесін бес саусақтай білетін қаржы саласының кәсіби маманы.

Мәселен, автор келтірген шынайы дерек­тер­дің бір парасы төмендегідей: Wall Street ин­вестициялық банктері жыл сайын триллиондаған долларды айналымға жіберетіндіктен, миллиардтап пайда табады және олар өздерінің биік лауазымды қызметкерлеріне де миллиондап жалақы төлейді. Солай бола тұрғанмен, Уолл-Стриттегі өзге алпауыт банктермен салыстырғанда Lazard Freres & Co. банкінің олардан оқ бойы озық тұратындығын автор ерекше атайды. Себебі бұл банк өз кәсібіне қажет құралдар таңдауға келгенде алдына жан салмайды, оған қоса оның басшылары қаржылық бизнесте ең алдымен мұқият сақтық пен құпиялыққа және нәзік стратегияға ерекше басымдық береді. 

Айтса айтқандай-ақ, кітаптың «Ұлы тұл­ғалар» деп аталатын беташар тарауында Уильям Кохан былай дейді: «Жүз елу жеті жыл ішінде айтулы Уолл-Стриттегі Goldman Sachs, Morgan Stanley және Merril Lynch секілді атақтарынан ат үркетін банктердің арасында Lazard Freres & Co. абыройы ерекше асқақ. Өйткені басқалардай емес, бұл банк өз бәсекелестерімен қаржы капиталының молдығымен емес, керісінше, интеллектуалдық капиталының басымдығымен және тек маңдайтермен ғана келетін әрі ешкімге ұқсамайтын өзіндік құпия сипатымен, сондай-ақ тәуелсіз де дербес еркіндігімен бәске түседі. Тоқ етерін айтқанда, аталмыш банктің стратегиясы өз клиенттеріне Ұлы тұлғалардың, яғни әлемде теңдесі жоқ тәжірибе жинақтаған инвестициялық банкирлер шоғырының баға жетпес ақыл-кеңестерін ұсынады. Демек, ешбір капитал шығындамай-ақ, Дарвинше айтқанда, клиенттерін жасампаз идеялармен ғана сусындатып, өзі шексіз байлыққа кенеледі».

Сосын, «Ұлы тұлғалардың» құпия сыры мен біліктілігі аталмыш банкке орасан зор қаржы келтірумен қатар оның әлеуметтік бағасының да қоса биіктеп, мемлекеттік билік бұтақтарына тигізетін саяси ықпалының да қоса артуына зор мүмкіндік туғызады. 

Содан да болар, туындының авторы – Уиллиам Кохан ең алдымен осы банктің негізін қалаған ағайынды Александр (Alexandre), Лазар (Lazare), және Сайман (Simon) Лазардтардың сіңірген баға жетпес іскерлік еңбектері туралы жан-жақты тоқтала келіп, әсіресе 1960 – 1990 жылдар аралығында Lazard Freres & Co. банкінде үздіксіз 30 жыл қызмет атқарған және сол банктің абырой-атағын әуелеткен америкалық қаржыгер Felix George Rohatyn туралы ерекше пікір білдіреді: «Лазардтың «Ұлы тұлғаларының» арасында Феликс Джордж Рохатиннен асатын өзге тұлға жоқ. Өйткені Феликс Рохатин – әлемнің ең абыройлы инвестициялық банкирі. Ол ол ма, 1970 жылдардың басында Феликс Рохатин алдымен Уолл-Стритті, одан соң Нью иорк Сити сынды іргелі банктердің басына төнген қара бұлтты сейілтіп, қаржы дағдарысынан аман алып қалған болатын. Сосын, ХХ ғасырдың соңғы отыз жылында Феликс Рохатин Lazard Freres & Co. банкінің бейресми төрағасы болды деуге де толық негіз бар, өйткені ол әлгі банкті Уолл-Стриттің аты аңызға айналған, ең абыройлы әрі тылсым сыры мол инвестициялық әріптестік институтына айналдырған-ды».

Айтса айтқандай-ақ, кезінде Lazard Freres & Co. банкінің Нью Йорк, Лондон және Париж қалаларындағы бас кеңселерінен бөлек қос Америка, Азия және Аустралия құрлықтарында, одан да дәлірек айтқанда, бас-аяғы 27 елдің 43 қаласында орналасқан филиалдары қызмет көрсетіп келген. Демек, бұл банк жүйесі күллі әлемді орап алған еді деуге де толық негіз бар. Олардың негізгі қызметі жылжитын және жылжымайтын мүліктерді басқару, стратегиялық, инвестициялық және қаржылық мәселелер бойынша іргелі трансұлттық корпорациялар мен сақтандыру компанияларына, зейнетақы қорларына, жеке және саяси тұлғаларға, сондай-ақ әлемдегі мыңдаған өзге банк жүйелеріне ауадай қажет ақыл-кеңес беріп, миллиардтап пайда тапқан болатын. Алайда 1980 жылдардың ортасына қарай алпауыт банктің іс басқару жүйесінде күллі капиталистік экономика мен қаржы саласына тән теңсіздік сызатының нақты белгілері байқала бастайды. Бұл орайда кезінде біздер сараптама жасап, «Егемен Қазақстанда» басылған Нобель сыйлығының лауреаты – аса талантты инвестициялық банкир – Джозеф Стиглицтің «Теңсіздіктің құны» (Joseph Stiglitz: «The price of Inequality») атты заманауи монографиясында келтірілген шынайы дереккөздерді еске түсіреді. Өйткені Джозеф Стиглиц те Уолл-Стрит инвестициялық банктерінің басындағы бай-бақуатты банкирлер мен қарапайым қызметкерлерге төленетін жалақылардың арасындағы айырмашылықтың мүлде теңгерімсіз, яғни жер мен көктей екеніне оқырман назарын аударады. Сондай-ақ капиталистік қоғамда бай-бақуаттылардың жалпы халық санының бір пайызға жетер-жетпес қана бөлігін құрайтынын, орта таптың үлесі бар болғаны 9 пайызды, ал кедей-кепшіктердің мөлшері алдыңғылардан он есе, яғни 90 пайызға теңелетінін қадап айтқан болатын. 

Міне, дәл сол Джозеф Стилиц дөп басып, айқара ашып көрсеткендей, Уильям Кохан да сол шындыққа көз жеткізіп, капиталистік жүйеге тән әлгіндей теңсіздіктің түптің түбінде сол жүйенің өзіне қолбайлау болатынын және оның тікелей салдары Лазард банкінің «Ұлы тұлғаларының» ұзақ жылдар бойы мызғымас қамалдай етіп, өз қолдарымен тұрғызған қаржы империясына да сызат түсіріп, оның әлсіреуіне тікелей ықпал ете бастағанын айқын суреттейді.

Туынды авторының терең зерттеулерінен Лазард қаржы империясының негізін шай­қалт­қан өзге де объективті себептерді байқау қиын емес. Олар мынаған саяды: Лазард бизне­сі неғұрлым қарқынды дамып, көз ілеспес жыл­дам­дықпен шарықтап, басқаларды артқа тастап, өз акционерлерін шексіз байлыққа кенелткен тұста әлгі байлықтың буы бизнес басындағыларды босаңсытып жіберген. Оның салдары, тіпті, рецессияға да жол ашқан. Бұл біріншіден.

Екіншіден, дәл осы кездерде берекесі кеткен банкті қайта қалпына келтіру үшін Лазардың іс басындағы акционерлер комитеті жанталасып, жиі-жиі бас қосып, жіберілген қателіктерді ұзақ-сонар талқыға салып, кінәлілерді іздей бастаған. Алдымен комитеттің төмендеу жалақы алатын мүшелері әлгі банктің көш басындағы ат төбеліндей ғана топтың тым үлкен жалақы алатындығына шүйіліп, көздерін алартқан. Өз кезегінде бұл айқас жеке мүдде жанжалдарына ұласып, банк жүйесінде үлкен алауыздық етек алған.

Үшіншіден, дәл әлгіндей жағдайда Уолл-Стрит қаржы нарығындағы Лазардпен бақталас Goldman Sachs, Morgan Stanley, Merrill Lynch және Salomon Brothers cекілді алпауыт банктер де қарап жатпаған. Олар әбден әлсіреп, бұрынғы қауқарынан айырылған және сондықтан да бірегей монополист болудан қалған Лазардтың алдын орап, бұрын Лазард қана жеке-дара иелік етіп келген интеллектуалдық басымдықтарды іліп әкетіп, Лазард істеген күллі бизнесті дөңгелетіп әкеткен. Ал Лазард басшылығы болса, амалы таусылып, жыларман да дәрменсіз күйде қалған.

Сараптаманы қорыта келе, АҚШ-тың New York Times, Chicago Tribune, Financial Times, Economist және Wall Street Journal секілді күллі әлемге әйгілі басылымдардың мадағы мен марапатына ие болған Уилльям Коханның түбегейлі зерттеулері әлемдік капиталистік және бәсекелестік нарықта, қандай да бизнес болмасын, мәңгі монополист болып қала алмайтынын және мың асқанға бір тосқанның әр кезде дайын тұратынын, яғни интеллектуалдық күштің ешқашан атасын танымайтынын толық дәлелдейді.

Әділ АХМЕТОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері