Аймақтар • 22 Ақпан, 2019

Жетісулықтар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазымен жүздесті

560 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңінде Алматы облысынан ақын Мақпал Мыса жеңімпаз атанды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан шарада еліміздің барлық  өңірінен 29 адам топжарды. Үздік есімдер арасында болған жетісулық ақын қыз жақында Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты шараға қатысты.

Жетісулықтар «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазымен жүздесті

Енді Жетісу жұрты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы болған жерлестеріне құрмет көрсетуді бастады. Кеше Талдықорған қаласындағы Достық үйінде ақынмен кездесу өтті. Кездесуді Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы облыстық атқарушы хатшылығы ұйымдастарды. Еркін әңгіме, әсем ән, көркем жыр кешіне ұласқан кездесуде қаладағы оқу орындарының студеттері, өңірді мекендейтін диаспоралардың өкілдері мен жетісулық ақын-жазушылар Мақпал Мысаға сауал қойып, шығармашылығына қанық болды.

- «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында біздің облыс осымен екінші рет топ жарды. Былтыр жас кәсіпкер, аяулы тағдыр иесі Ербол Баялышбаев бауырымыз жеңімпаз болған. Биыл ақын Мақпал Мыса үздік шықты. Бұл еліміздің жарқын ойлы жастары арасында жетісулықтардың да үлесі жоғары екенін айғақтайды, - дейді Қазақстан халқы ассамблеясының Алматы облыстық атқарушы хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы