Спорт • 24 Ақпан, 2019

UFC: Дамир Исмағұлов жеңіске жетті

561 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ережесіз жекпе-жек әлеміндегі ең белді ұйым – UFC-де екінші кездесуін өткізген Орынбордың қазағы Дамир Исмағұлов бұл жолы да жеңіске жетті.

UFC: Дамир Исмағұлов жеңіске жетті

Қандасымыз Чехияның бас шаһары – Прагада Испанияның өкілі Хоэль Альвареспен күш сынасты. Бірден айта кетейік, қарсыласы әккі спортшы. Ол осы күнге дейін 16 кездесу өткізіп, 15 рет басымдық танытты. Сол жеңістерінің барлығын Пиреней түбегінің түлегі қарсыластарын «қылқындыру» әдісімен ұтқан еді.  

Прагадағы жекпе-жекте Дамир Исмағұловтың үстемдігі еш күмән  туғызған жоқ. Үш раундтың қорытындысы бойынша барлық төрешілер қазақ жігітінің мықтылығын мойындады.  

Дамир үшін бұл UFC-дегі екінші жеңісі. Былтыр ол Австралияның Аделайда қаласында жергілікті спортшы Алекс Горгисты ұпай санымен ұтқан еді. Ал ережесіз жекпе-жекте қандасымыз барлығы 20 кездесу өткізіп, 18 рет жеңіске жетіп отыр.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»