Спорт • 25 Ақпан, 2019

Астанада қысқы триатлон жарысы өтті

359 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Триатлон паркінде Қазақстандағы триатлон маусымының алғашқы жарысы – Қысқы триатлоннан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Сайысқа Elitе және Age Group санатындағы спортшылар қатысты және «стандарт», «спринт» қашықтығында сынға түсті. Іс-шараны салтанатты түрде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ашып, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі.

Астанада қысқы триатлон жарысы өтті

Elite санатында 1 сағ 28 мин 43 сек нәтижесімен Дмитрий Коломеец (Ақмола обл.) чемпион атанды. Ал әйелдер арасында 1 сағ 37 мин 28 сек уақыт көрсеткен Наталья Саковнина (ШҚО) жеңімпаз атанды.

Age Group санатында жеке есепте ерлер арасында 41 мин 50 сек уақыт көрсеткен Марк Старостиг (Астана қ.) абсолютті жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Дарья Старостина үздік атанды – 51 мин 41 сек.

Age Group санатындағы эстафеталық командалар арасында «Athletic Family» атты астаналық команда 44 мин. 23 сек. уақыт көрсетіп, бірінші орын алды.

Барлық жастағы топтардағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ҚТФ Президенті Кәрім Мәсімов өз қолымен құнды сыйлықтар мен сертификаттар табыстады.

Сонымен қатар, осы негізгі іс-шара аясында «TEMIRADAM Challenge» сайыстар сериясының бірінші жүгіру жарысы өткізілді. Мұнда әуесқой спортшылар 5 км және 10 км қашықтықта жүгіруден бақ сынады.

«TEMIRADAM Challenge» жүгіру сайысында 10 км қашықтыққа жүгіргендерде ерлер арасында Нұрлан Жакупов (Астана қ.) үздік уақыт көрсетті – 33 мин 38 сек Ал әйелдер арасында Айна Усенова (Астана қ.) 47 мин 47 сек уақыт көрсетіп, жеңімпаз атанды.

5 км қашықтыққа жүгіруде 23 мин 03 сек уақыт көрсеткен Александр Муляк (Қарағанды обл.) бірінші болды. Бұл қашықтықтағы әйелдер арасында 24 мин 59 сек уақытымен мәреге жеткен Диана Асауова (Қарағанды обл.) алтын алды.

Жүгіру сайысының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Мәдениет және спорт Вице-министрі Елдос Рамазанов медальдар мен құнды сыйлықтармен марапаттады.

Айта кетейік, жарысқа Астана, Алматы, Шымкент, сонымен қатар, Қарағанды, Павлодар, Ақмола және Шығыс Қазақстан аймағынан 200 спортшы қатысты. Сонымен қатар, қысқы триатлоннан ҚР чемпионатында АҚШ, Чехия және Ресейден келген шетелдік әуесқой спортшылар да бақтарын сынады.