Жеңіл атлетика • 25 Ақпан, 2019

Нариман Құрбанов: Элементімді әзірге ешкім қайталай алған жоқ

1072 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

The Kurbanov. Бұл – Халықаралық гимнастика федерациясы ресми жарыстарға қосқан элементтің атауы. Ал оның авторы – отандасымыз Нариман Құрбанов. Спорттық гимнастикадан халықаралық жарыстарға қатысқан бір жылдың ішінде ол жеке элементімен көпшілікті тәнті етіп, былтыр әлем біріншілігінде үздік бестікке енді. Сәтін салса, алдағы Олимпия ойындарында қоржынымызға жүлде салатын спортшылардың бірі.

Нариман Құрбанов: Элементімді әзірге ешкім қайталай алған жоқ

– Нариман, былтыр әлем чемпионатында үз­дік бестікке ендіңіз. Бұ­ған дейінгі біріншілікте 54-орын­ға тұрақтасаңыз, бұл жолы жүлдеге сәл ға­на жетпей қалды. Тіпті ал­ғашқы нәтижелер бо­йын­ша көш басында да тұр­дыңыз. Чемпионат сіз үшін қаншалықты сәтті өтті?

– Рас, бұған дейінгі бі­ріншілікпен салыстырғанда алғашқы бес спортшының қатарына енуім мен үшін жақсы көрсеткіш. Бұл тынымсыз еңбектің арқасы деп білемін. Сөйте тұра До­хада өткен әлем чемпионатында үздік үштікке енуге жақсы мүмкіндігім болды. Естеріңізде болса, тәуелсіз Қазақстанның тарихында 1997 жылы Швейцарияның Ло­занна қаласында Сергей Федоренко алтын медаль иеленген еді. Содан бері бұл спортта есеміз кетіп жүр. Сон­дықтан осы бір олқы­лық­тың орнын толтырсам де­ген арманым орындалмай қал­ғанына аздап көңіл күйім түсті. 

– Осынау бір сәтте әкеңіз жеке бапкер ретінде сізге не айтты?

– Елімізде барлығы алдымен әкемді осы нәтижемен құттықтады. Себебі бесінші орын Қазақстанның да спорт­­тық гимнастикада алар үле­сінің барын айқындайды. Мені де құттықтап жатты. Жалпы, әкемнің бұл нәтижеге көңілі толды. Ол менің қолымнан келгеннің бәрін жасағанымды көрді. 

– Сіз осы әлем біріншілігі алдын­да басты қарсылас ретінде Олим­пиа­да чемпио­ны, кейіннен Дохада кү­­міске қол жеткізген бри­тандық Макс Уитлокты ата­дыңыз. Бірақ ма­­ман­­­дар­­дың көпшілігі оның қи­мы­­лына мін тағып жатады. Сіз­дің ойы­ң­ыз­ша, оның ба­сым тұсы қай­сы?

– Қазір спорттық гимнас­тика ере­желеріне өзгерістер енгізілуде. Басты назарды комбинацияның қиындығына емес, тазалығына аударатын болып жүр. Бұл тұрғыда бри­тандықтың қи­мыл­дары мінсіз дей алмайсың. Денені тік ұстайтын сәттерде ол бүгіліп қалуы мүмкін. Төрешілер де, бапкерлер де менің тік тұ­руыма жоғары баға бе­реді. Сондықтан Уитлок таң­даған элементтер ең қиын санал­ғанымен, жаңа ережелер бойын­ша маңызды жарыс­тарда жеңіске жету қиындай түседі деп ойлаймын. 

– Өзге командалас әріп­тес­терің­іздің өнеріне тоқ­талсақ. Жігіттер алғашқы жи­ырмалыққа ілініп, енді келесі жылы Олимпия ойын­дарына жолдама са­рапқа салынатын бірін­шілікке қатысады...

– Бастапқыда бізге ал­ғашқы 24 команданың қата­рына ену туралы тап­сырма берілді. Үлкен жауапкершілік жүктелгендіктен біраз қо­балжып, тиісті нәтиже көр­сете алмай қаламыз ба деп уайымдадық. Бірақ уақтылы бойымызды жиып, ТОП-16 команданың қатарынан табылдық. Енді алдағы әлем чемпионатында алғашқы 12 ко­манданың қатарына қосылып, Олим­пия ойындарына жолдама иелену жайлы мақсат қойдық. 

– Сіз әдетте өзіңізге ың­ғайлы эле­мент­терді қалай таңдайсыз?

– Гимнастикада бар барлық эле­мент­тердің жиын­­тығын әбден зерттеп шы­ға­мын. Бұрын бар­лы­ғын қа­тар тексеріп көре бе­ре­тін­мін. Нәти­же­сінде, қай­сы­сы қолайлы, қайсы­сы ауыр – со­ларды өзімше анық­тай­тын­­мын. Осы арқылы сирек кездесетін элементтердің қо­сындысын жасап алдым. Бүгінде мен жасайтын комбинация гимнасшылардың арасында ең күрделісі саналады. Күнделікті жат­тығулардың арқасында әрбір эле­ментті аса бір қиындықсыз жасай­тын деңгейге жеттім. Әр спортшы элемент таңдауда өзінің дене біті­мін ескереді, сол секілді мен де бойым­ның, қолдарымның ұзындығын тиімді пайдаланып, өзіме қолайлы эле­менттердің басын біріктірдім.

– Сіздің жеке The Kurbanov деп аталатын эле­ментіңіз барын оқыр­ман­дар естіп те жүрген бо­лар. Әріптестеріңіздің ара­сында сол эле­ментті қайта­лағандары бар ма және олар қаншалықты сіздің кө­ңі­­ліңізден шықты?

– Ресей және басқа елдерден достарым, таныстарым сол жаттығуды жасағандарын видеоға түсіріп жіберіп жатады. Бірақ оның бәрі тек жаттығу кезінде жасалған. Өкі­нішке қарай, тазалық жа­ғы әлі ақсап тұрғанын бай­қаймын. Ресми жарыстарда әзірге ешкім қайталаған жоқ. 

– Қателеспесем, тәуелсіз Қазақ­стан тарихында өз атын­да элемен­ті бар ал­ғаш­қы гимнасшысыз. Мақ­та­нарлық жағдай. Жаңа элементті ойлап табу қиын болды ма?

– Маған дейін тағы бір отан­дасымыз осындай құр­метке ие болған. Бірақ ол Ке­ңес мектебінің түлегі. Бірде аттың жанында элементтер жайлы ойлап тұрғам. Сонда ат арқылы екі қолмен алға жүру деген элемент бар, неге соны керісінше қайталамасқа деген ойға келдім. Бір қы­зығы, бұған дейін мұны ешкім жасап көрмепті. Со­нан соң Халықаралық гимнастика федерациясы бұл жаңа­шылдықты қолдап, ресми жарыстардағы элементтер тізіміне қосты. Әрине, қуанышты жағдай. Өйткені ережеде The Kurbanov деген элемент тұрады. 

– Құрдастарыңыз көңіл көтеріп, қызық қуып жүр- г­ен­де, жас бол­саңыз да ал­ды­ңызға нақты мақсат қо­йып, соған қарай нық қа­дам жасай­тыныңыз қуан­тар­­лық жайт. Де­генмен бұл ре­­жімнен де жа­лы­ғатын кез­­дер де болатын шығар?

– Таңнан қара кешке дейін жаттығу жасап, үйге шаршап келесің де, тек жақсылап ты­нығуды ойлайсың. Күн тәр­тібім есімді білгелі осындай. 
Мені спортқа әкем әкелді. Өзі де гимнастикамен шұ­ғылданған. Сондықтан менде гимнастикадан басқа таңдау болған жоқ. Бала күнімде тек күнделікті жаттығуға келіп-кетіп жүрсем, 16 жасым­нан кейін нәтижеге жету ке­­ректігін түсіндім. Содан бе­рі кә­сіби түрде ден қоя бас­тадым.

– Ал әкемен жұмыс істе­ген қаншалықты оңай?

– Қиындау. Себебі, үйде де, жаттығу залында да, көлікте де тек гимнастика туралы әңгімелесеміз. Бұрын әрбір қателігім үшін ұрыс еститінмін. Қазір көп араласа бермейді. Өйткені кішкентай бала емес, спортшы ретінде қарайды. Көрсеткіштерім үшін аз-маз сөз естіп қаламын, бірақ бұрынғыдай емес.

– Сіз үшін өткен жыл несімен ерекшеленді? Жос­парыңызды то­лықтай жү­зеге асыра алдыңыз ба?

– Бір жағынан, былтыр мен үшін өте сәтті жыл болды деп айта аламын. Әлем кубогы кезеңіндегі жеңіс, әлем чемпионатының финалы – мен үшін үлкен жетістік. Бірақ мұның бәрі был­тырғы жылдың көрсеткіштері, биыл­­ғы жылға тағы жоспарлар мен мақсаттар бар. Алдағы жа­рыстарға дейін жаттығу жасап, кем-кетікті түзейміз.

– Әңгімеңізге көп рах­мет. Сәт­тілік тілейміз!

Әңгімелескен Мәдина АСЫЛБЕК,

журналист