Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Бүкіләлемдік үкіметтік емес ұйымдар күні аталып өтті

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл атаулы күн алғаш рет 2014 жылы 27 ақпанда Финляндияның Хельсинки қаласында халықаралық деңгейде аталып өткен. Ол туралы Литвадағы Балтық теңізі аймағының IX үкіметтік емес ұйымдар (ҮЕҰ) форумының 8-ші саммитінде жарияланған еді. Шара ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар арасында әріптестік орнату, жас және кәсіби ҰЕҰ-ларды қолдау, өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған. 

Бүкіләлемдік үкіметтік емес ұйымдар күні аталып өтті

Еркін форматтағы шарада құттықтау сөз алған Қоғамдық даму вице-министрі Сергей Коновалов: «ҮЕҰ қазір белсенді, олардың үнін кез келген жерде естуге болады. Қазір қоғамдағы ешбір жұмыс ҮЕҰ-рсыз және олардың қолдауынсыз өтпейді. Осыдан-ақ мұндай ұйымдардың ықпалын білуге болады», деді. Ол аутист балаларды емдейтін, инклюзивті білім беретін, мүмкіндігі шектеулі жандарға жәрдемдесетін, жалпы әлеуметтік жобалармен айналысатын ҮЕҰ-ларды қолдауға мемлекеттің әрдайым дайын екенін тілге тиек етті.

Бүгінде елімізде 29398 ҮЕҰ бар. Олардың құқығын қорғайтын тікелей мемлекеттік орган – Қоғамдық даму министрлігі. Әңгімені осыдан бастаған Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының төрайымы Батима Мукина бізге берген сұқбатында: «ҮЕҰ-лардың қоғамдағы рөлі өте зор. Өйткені үкіметте бүкіл халықтың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік бола бермейді. Сондайда ҮЕҰ-лар барлық салада белсенділік танытуға тиіс. Жастар жылы аясында аталған ұйымдардың әлеуметтік жобаларына арнап мемлекеттен биыл жылдағыдан бөлек тағы 25 грант бөлінді. Қазір 100-ден аса ҮЕҰ конкурсқа қатысып жатыр. Бүгінгі шара ҮЕҰ-ларды мемлекеттің мүмкіндіктерінен қалыс қалмауға, қоғамдық жұмыстарға атсалысуға, волонтерлікке қызығушылық танытуға шақырады», деді.

«Болашақ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесін: «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бастамасымен құрылған біздің қауымдастық та – 2000-ға жуық мүшесі бар үкіметтік емес ұйым. Бүгінгі шарада ұйымдастырушы ретінде атсалысып отырмыз. 150-ге тарта отандық және шетелдік ұйымдар қатысуда. Осы арқылы қазақстандық ҮЕҰ-ң шетелдік, халықаралық ұйымдармен серіктестікте жұмыс істеуін қолдағымыз келеді», деді. Айта кетейік, аталған қауымдастық әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүр. Былтыр «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Қазақстандағы 5000-нан астам ауыл оқушыларына тегін, екі айлық ағылшын курсын ұйымдастырған.

Бұдан бөлек, шара аясында әр салада түрлі, пайдалы және қызықты шеберлік сабақтар жүргізілді. Онда мамандар мен қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ҮЕҰ-ларды дамытудың, ондағы жұмыстарды жүйелі жүргізудің жолдарын қарастырды.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар