Үкімет • 26 Ақпан, 2019

А. Мамин: Біздің құрам айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс

681 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Үкімет үйінде Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтің жаңа құрамдағы алғашқы ұйымдастыру отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

А. Мамин: Біздің құрам айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс

Премьер-Министр Үкіметтің жаңа құрамы Мемлекет басшысының жоғары сенімін ақтауы керектігін айтты.

«Үкіметтің жаңа құрамы айқын нәтижелерге бағдар алған нақты істер Үкіметіне айналуы тиіс», — деді Асқар Мамин.

Президент Үкімет алдына халықтың табысы мен тұрмыс деңгейін арттыру, экономиканы одан әрі әртараптандыру, тиімді жаңа жұмыс орындарын құру, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірінші кезектегі міндеттерді қойып отыр.

«Халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал ететін нақты нәтижелер алуымыз керек», — деді Премьер-Министр.

Ертең «Нұр Отан» партиясының съезінде халықты әлеуметтік қолдауды күшейту және олардың тұрмыс сапасын арттыру бойынша бірқатар жаңа шара жарияланатыны аталып өтті. Келесі Үкімет отырысында Президенттің съезде берген жаңа тапсырмалары қаралады.

Отырыстың соңында «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңды орындау үшін Үкімет құрамына алғаш кіргендердің: Білім және ғылым министрі К. Шәмшидинованың, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Склярдың, Ұлттық экономика министрі Р. Дәленовтің ант беру рәсімі өтті.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлықтарымен Үкіметтің жаңа құрамы бекітілді:

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі — Әлихан Асханұлы Смайылов;

Премьер-Министрдің орынбасары — Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова;

Премьер-Министрдің орынбасары — Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек;

Білім және ғылым министрі — Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинова;

Ұлттық экономика министрі — Руслан Ерболатұлы Дәленов;

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі — Роман Васильевич Скляр;

Ауыл шаруашылығы министрі — Сапархан Кесікбайұлы Омаров;

Сыртқы істер министрі — Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов;

Қорғаныс министрі — Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев;

Ішкі істер министрі — Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев;

Әділет министрі — Марат Бакытжанұлы Бекетаев;

Энергетика министрі — Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев;

Денсаулық сақтау министрі — Елжан Амантайұлы Біртанов;

Мәдениет және спорт министрі — Арыстанбек Мұхамедиұлы;

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі — Бердібек Машбекұлы Сапарбаев.

Бұдан өзге, Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес кейбір мемлекеттік органдар қайта құрылды. Қазақстанның Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі болып қайта құрылды. Жаңа министрлік Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің байланыс, ақпараттандыру, «электрондық үкімет», мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты дамытуға жауапты болады. Жаңа министрлікке Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев басшылық етеді.