27 Ақпан, 2019

Мүлікті жария ету – байлықты қорғаудың тиімді шарасы

408 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Лондонда болған мына бір оқиға ақпарат құралдары арқылы әлемге тарап кетті. Бұл оқиғаны бір есептен алғанда өз елінен жымқырған қаржысын шетелдерге, соның ішінде Еуропаға апарып орналастыруға ұмтылушылар үшін жасалған ескерту десек те болады. 

Мүлікті жария ету – байлықты қорғаудың тиімді шарасы

Молдованың бұрынғы премьер-­министрі Влад Филат­тың баласы Лука 2016 жылғы шілде айында Лон­донға оқуға келеді. Мұнда келген соң кеңінен көсіліп өмір сүргенді жөн көреді де, Лондондағы ең қымбат аудан­­дардың бірінен пентхаус пәтер сатып алу мақсатында жарты­ мил­­лион­ доллардың қаржысын жұмсайды. Мұнан кейін 200 мың долларға жеңіл көлік сатып алады. Бұл жағдай елдегі құ­қық қорғаушылар мен арнайы қыз­мет орындарының назарына ілігеді. Жас жігіттің қолына мұн­шама қаржы қайдан келіп түскен­дігін тексеру басталады. Жігіт­тің Британия аумағынан тапқан белгілі бір табысы жоқ екендігі анықталады. Ал қажетті қаржы Кайман аралда­рында орналасқан компаниядан және Түркиядан аударымдар жасау арқылы келген екен. Сөйтіп Лон­дон­дағы банк­тер­дің бірінде оның атына едәуір қаржы жинақталып қал­ған. Ұлыбританиядағы қыл­­мыс­­пен күрестің ұлттық агент­­т­ігі қызметкерлерінің ара­ла­суы­мен Лон­дондағы Си­­ти ауда­нының соты 2018 жыл­­дың мамыр айында осы қаржы­ны уақытша бұғаттайды. Студент­ке қаржының заңды жолмен келген­дігін дәлел­деуге жеткілікті мер­зім бе­ріледі.

Жақында осы істің нүктесі қо­йыл­­ған секілді. Сот студенттің есеп­­­шо­тында жатқан 466 мың фунт­ стерлингті (600 мың доллар мөлше­рін­дегі қаржы) біржолата тәр­­­кілейді.

Сондай-ақ осы оқиғаның ал­дын­да Лондонда дәл осы студент тап болған жолмен Әзербай­жан­ның Халықаралық банкінің бұрынғы басшысы Джахангир Гад­жиевтің әйелі Замира Гаджие­ва тұтқындалған болатын. Әзер­бай­жанның Халықаралық банкі қазақстандықтарға бұрыннан бел­гілі. Өйткені еліміздің зейнет­ақы қорының ондаған миллион тең­ге қаржысы дәл осы банкке са­лы­нып, артынан банктің банк­рот болып жариялануына бай­ла­нысты қайт­пай қалған еді. Бір жақсысы, қар­жыны өтеуді ен­ді банк емес, Әзербайжан үкі­меті міндетіне алып отыр деуге болады. Өйткені банктің қайтара алмаған қаржысы Әзербай­жанның мемлекеттік құн­ды қа­ғаз­дарына айырбасталды. Ал Джа­хан­гир Гаджиевтің өзі болса, осы оқи­­­ғадан кейін қаржы са­ла­сындағы алая­­қтығы үшін ұзақ жылға бас бостандығынан айы­рыл­ған болатын.

Ұлыбритания билігі Замира Гад­жиеваға Лондоннан сатып алын­ған жылжымайтын мүлік үшін жұмсалған 22 млн фунт стерлинг пен сауда орындарына сауда-сат­тық үшін жұмсалған 16 млн фунт стерлингтің шығу тегі мен заңдылығын дәлелдеу талабын қойып отыр. Егер дәлелдей алмаса, мүліктер тәркілеуге жат­қызылмақ. 

Ұлыбритания қылмыспен кү­рес ұлт­тық агенттігінің экономи­калық және кибер­қыл­мыс­тар жөніндегі директоры Дональд Туннің ВВС агент­тігіне берген сұхбатында ше­­­тел­діктерге қатысты агенттік қор­жынында жатқан мұндай қылмыс қатары көптеп саналатыны айтылды. Олар негізінен Африкадан, Оң­түс­тік Азиядан және бұрынғы КСРО елдерінен келген азаматтар.

Аталған мәселе жөнінде агент­тік қызметінің белсенді си­патқа ие болуына елде пайда бол­ған «Қылмыстық қаржылар туралы» жаңа заң әсер етіп отыр. Өткен жылдың қаңтар айы­нан бастап күшіне енген бұл заң шетелдіктер әкелген қар­жының, сол арқылы сатып алынған жылжымайтын мү­лік­тердің заңдылығына күдік кел­тірілсе болды, бірден ондай қаржының ізіне түсуге және сатып алынған заттарды тәр­кілеуге мүмкіндік береді. Мұн­дай шараны жүзеге асыруға атал­ған мәселе жөнінде сот ор­дері алынса, соның өзі жетіп жа­тыр. Бұл жағдай Лондонды әлем­нің әр түкпірінен жиналатын «лас қаржылардан» арылту жө­ніндегі науқанның бас­талуына алып келген. Енді бағасы 50 мың фунт стерлингтен асатын жылжымайтын мүлкі бар әрбір шетелдікке бұл мүлікті қандай қар­­­­­­­жыға сатып алғандығы туралы Бри­­танияның салық органдарына түсініктеме беруге тура келеді.

«Лас қаржылармен» күрес жөніндегі осыған ұқсас жағдай қа­зіргі уақытта АҚШ-та, Еуро­па­ның бірқатар елдерінде орнығуда. Сөйтіп бір елден ұр­лан­ған қаржыны екінші елге апа­рып пайдаланудың жолы ке­сі­луде. 

Мұндайда елдерден заңсыз жолмен сыртқа қаржы шығаруға әре­кеттенетіндердің көз тігетін орын­дары оффшорлық аймақтар бола­тын. Қа­зір олардың өзінде де қаржыны жа­­сырып қалуға бері­летін кепілдік уақыт өткен сайын азайып келеді. Міне, осы жағ­дай­дың барлығы со­ңын­да атам қазақ айтқан «ұрлық тү­бі – қор­лық» деген даналыққа алып кел­е­­т­індей.

Әрине мұндайда ең қауіпсіз жол – өз еліңнен тапқан қар­жыңды еліңнің дамуына инвестиция ре­тінде жұмсау екен­дігі белгілі. Се­бебі осындай іс­ке ­жұм­салатын қар­жының қорға­ла­тын­дығына мемлекет кепілдік бе­реді. Тіпті қаржыны жария еткен жағдайда жасалатын кешірім шара­лары да бар.

Қазақстан осындай акция­ны екі рет ұйымдастырғаны бел­гілі. Елбасы тапсырмасымен 2014 жыл­­дың 1 қыркүйегі мен 2016 жылдың 31 желтоқсаны арал­ы­ғында жүргізілген соңғы мүлік пен қаржыны жария ету акциясы кезінде осындай мүм­кін­дікті елі­міздің 140 мыңнан астам азаматы пайдаланды. Олар Қаржы министр­лігінің мәліметінше, жиыны 5,7 трлн теңгенің қаржы мен мүлкін жария етті. Мұның 4,1 трлн теңгесі ақ­­шалай, 1,6 трлн теңгесі мүліктей жария етілді.

«Мүлікті жария ету шарасы аясында қазақстандықтар атын­дағы шетелдерде орналас­қан 408 жылжымайтын мүлік ны­саны тіркелді. Жиыны 32 елде, соның ішінде Аус­трия, Армения, Болгария, Белиз, Ұлы­британия, Венгрия, Вир­гин арал­дары, Германия, Гон­конг, Гру­зия, Испания, Италия, Қы­тай, Кипр, Қырғызстан, Латвия, Лит­ва, Лихтенштейн, Біріккен Араб Әмір­ліктері, Ресей, АҚШ, Син­­­гапур, Таиланд, Түркия, Түр­ік­мен­­­стан, Өзбекстан, Чехия, Швей­цария, Украина, Фран­ция, Жа­пония, Оңтүстік Корея ел­де­рінде ор­наласқан қазақ­стан­дықтардың мүл­кі жария етіл­ді» деп хабарлаған бо­ла­­тын сол тұста еліміздің Қаржы министр­лігі.

Егер елімізде осындай акция тағы да жүргізілетін болса, оған қа­­ты­суға тілек білдірушілер қа­та­ры аз болмас деген ойдамыз. Өйт­­кені «лас қаржымен» кү­рес жө­­нін­де халықаралық талап­тар­дың кү­шеюі, мұндай жағ­дайдың, әсіресе да­­мыған елдер­де белсенді сипат алуы енді шетел­ге барып шалқып өмір сүремін дегендердің сенімінің сетінеуіне әкеле жатыр. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»