01 Наурыз, 2019

Еріктілерге – ерекше көзқарас

774 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қо­ға­мымызда волон­­тер­лер­дің белсен­ді­лігі жыл сайын артып келеді. Соңғы кезеңдегі тия­нақты, ыж­­дағатты іс-әре­кеттері оларға жа­ғымды көз­қа­­расты қалып­тас­ты­рары сөзсіз. 

Еріктілерге – ерекше көзқарас

Мемлекеттік деңгейде көтерілді

Елімізде 125 волонтерлік ұйым бел­сенді жұмыс істейді. Олар мем­лекеттің әлеуметтік саясатын жүр­гізуде, халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға сүбелі үлес қосып келеді. Әсі­ресе мәдени-спорттық іс-шара­ларда, қайырымдылық марафондары, ауыр дертке шалдыққан балаларды қолдауда, балалар үйлері мен қатерлі ісік бөлімшелерінде әзірге осы волонтерлердің еңбектері өлшеусіз болып тұр. Ең бастысы, олардың басты ұстанымы немесе қызметтерінің бұлжымас қағидасы – қоғамға пайда тигізу. 

Мысалы, елімізде Қысқы универсиада мен «ЭКСПО-2017» көр­месінің өткізілуіне шамамен 6 мың­нан аса ерікті студент атсалысты. Сон­дай-ақ еріктілердің дені жетім ба­ла­ларға, мүмкіндігі шектеулі адам­дарға, созылмалы және ісік ауру­ларына шалдыққан жандарға қол­ұшын созып, қайтарымсыз көмек көрсетуде. Елімізде 2016 жылы «Во­лонтерлік қызмет туралы» Заң қа­былданды. Бұл құжат еріктілердің қыз­метін реттеп, тынысын аша түс­кенімен, осы істің басы-қасында жүр­ген белсенділер заңда қаралмаған мәселелердің бар екендігін алға тартады. Оның ішінде арнайы әзірленген 2018-2020 жылдарға арналған Жол кар­тасына өзгерістер енгізу қажет. Атап айтқанда, волонтерлік ұйым­дар­дың белсенділері «Ерік­тілерді мо­тивациялық қолдау» бабын талап етуде. 

Жастар жылының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Мемле­кет басшысы «Студенттер қауымы еріктілік пен қайы­рымдылықтың қуатты ре­сур­сы болып саналады. Бұл жас адамдардың еңбек нарығында жедел бейімделуіне және олардың әрі қарай өз жолын табуына септігін тигізеді. Мысалы, халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі 300 компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын жұмыс уа­қы­тының 1 сағатына жуығын во­лонтерлік қызметке жұмсайды. Үкіметке волонтерлік қызметпен белсенді айналысатын ЖОО сту­дент­­терінің стипендиясын 30%-ға дейін көтеруді тапсырамын. Бұл біздің студенттеріміз үшін елеулі қолдау болады», деді. 

Мемлекет басшысы сонымен қатар «Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе әлеуметтік жобалар сала­сын­дағы еріктілерді біріктіру қа­жет­тігін мәлімдеді. Әлбетте, атал­ған ұсыныстар еліміздегі волон­терлік қозғалысқа серпін бере­тін­дігіне күмән тудырмайды. 
Оның үстіне халықаралық дең­гейде волонтерлікке баланатын қызметтердің қаныңызда бар үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, мұқтаж жандарға қолдау көрсету қасиеті қазақстандықтарға жат емес­тігін айтуға болады. Бір ғана «Асар» салты қазақстандықтардың қайтарымсыз еңбекке деген көз­қарасын айғақтайды. 

Әлемдік тәжірибе әрқилы

Қазір шетелдік тәжірибелерге көз жүгіртсек, дамыған мемлекеттерде бұл іспен негізінен жастар емес, тұрақты жұмысы бар, ақылы толысқан азаматтар айналы­сады. Мәселен, АҚШ-та еріктілердің саны 70 миллионнан асып жығылады екен. Олардың нақты еңбегін есепке алғанда, шамамен 7,9 млрд сағат құралады. Ал атқарған жұмыс­тары­ның көлемі 184 млрд долларға пара-пар екен. Ең қызығы, АҚШ-тағы еріктілердің дені – зейнеткерлер. 

Еуропа мен Азияның дамыған мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімі немесе ұлттық табысының көлеміне шаққанда еріктілердің үлесі басым болып отыр. 
Еріктілік қызметті еңбек өтілі ретінде санау, оқуға түсердегі жеңіл­діктер қатарына қосу, ішінара ақы төлеу тәрізді еріктілерді ынталандыратын табысты жобалар жетіп-артылады. 

Президент тапсырмасынан кейін Білім және ғылым министрлігі волонтер-студенттерге ақы төлеудің жобасын жариялады. Ол бойынша «Әлеуметтік студенттік кредит» жобасы іске асырылмақ. Бұл бас­тама қазір мүдделі тараптардың қатысуымен талқылануда. Дәлірек айтқанда, студенттерге келісілген пәндер бойынша екі түрлі ваучер ұсынылады: 2 және 5 кредиттік ваучер. Бұл – 20 немесе 50 сағаттық волонтерлік қызмет және оған сағатына 1 000 теңгеден төленеді. Үш жылда жобаға қатысатын студенттер санын 20 мыңға жеткізу жоспарланған. Министрліктің хабарлауынша, әлеуметтік студенттік ваучер төмендегі бағыттар бойынша әлеуметтік пайдалы қызметпен айналысатын студенттерге беріледі: 1) инклюзивті білім беру; 2) қазақ тілі, ағылшын тілі, компьютерлік сауат­тылықтан қосымша сабақ беру; 3) девианттық мінез-құлқы бар кә­мелетке толмаған балалармен жұ­мыс істеу; 4) аула және спорт клубтарын ұйымдастыру; 5) егде жас­тағы адамдармен әлеуметтік жұмыс.

Сайып келгенде, бұл сала­ға мем­­­лекеттің араласуы – заң­ды­лық, ал жас­тардың үлес қосуы қажет­тілік болып қала бермек.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар