Әлем • 01 Наурыз, 2019

Венесуэладағы кризис: елге қандай көмек беріліп жатыр?

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венесуэла билігі елге жан-жақтан келіп жатқан гуманитарлық көмектерден бас тартып жатыр. АҚШ, Бразилия, Колумбиядан келген жүк көліктері шекарада тоқтатылған. Оппозициялық лидер Хуана Гуайдоны қолдайтын АҚШ билігі 20 млн доллар көлемінде қаражат бөлген.

Венесуэладағы кризис: елге қандай көмек беріліп жатыр?

Алайда, шекарадағы қақтығыстарға қарамастан, Венесуэла барлық көмектен бас тартып жатқан жоқ. Мадуро жақында ғана Каракасқа жеткізілген, 300 тонна көлеміндегі көмек үшін Ресейге алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Мадуро АҚШ көмегі оның билігін құлатуға бағытталғанын айтты. АҚШ-тан тамақ, дәрі-дәрмек, гигиеналық заттар сұраған Хуана Гуайдо өзін ақпан айында Венесуэланың уақытша президенті деп жариялаған болатын.

Өткен аптада Николас Мадуро Ресей елі жөнелткен 300 тонна тамақ, дәрі-дәрмек 20 ақпанда елге жетеді деп хабарлаған.

Алайда ДДСҰ-мен тығыз байланыстағы Панамерикалық денсаулық сақтау ұйымы 21 ақпанда Венесуэлаға Ресейден 7,5 тонна зат жеткізілгенін айтты. Дәл мұндай көмек 2018 жылдың сәуірінде де жеткізілген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен жылы 50 тонна шет елдік гуманитарлық көмекті тексерістен өткізген еді.  Венесуэладағы ұйымдар елде дәрі-дәрмек пен медициналық заттар тапшы дейді. Венесуэла фармацевтикалық федерациясы дәрі-дәрмектің 85%-ы жоқ екенін мәлімдеді.

Біріккен ұлттар ұйымының мәліметіне сүйенсек, Венесуэлаға 2018 жылы 24 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек берілген. Бұның ішіне БҰҰ жинаған 9 млн доллар да кіреді. Осы жылы БҰҰ арқылы Венесуэла 15 млн доллар алған.

 Сонымен қатар 2018 жылы Еуропалық комиссия Венесуэладағы ең ірі донорлардың бірі болды. Ол 2016 жылдан бері кризиске тап болған елге гуманитарлық көмек берумен келеді. 

Еуропалық одақ жергілікті халыққа берілетін тамақ, су, гигиеналық және санитарлық заттарға қатысты проектпен айналысады. Өткен жылы маусым айында Еуропалық одақ 35 млн еуро, желтоқсан айында тағы 20 млн еуро, ал биыл қосымша тағы 5 млн еуро қаражат бөлген.

Салтанат ШЫНӘДІЛ