Аймақтар • 01 Наурыз, 2019

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көпбалалы отбасына 2-3% несие беріледі

1331 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясының XVIII съезінде Нұрсұлтан Назарбаев тиісті мекемелерге тұрмысы төмен көп балалы отбасыларына 2-3% ипотекалық несие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. Қолжетімді баспана бағдарламасы мемлекеттік Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы сәуірден бастап жүзеге асырыла бастайды деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көпбалалы отбасына 2-3% несие беріледі

Мамандардың есебінше, егер пәтердің құны 8 млн теңге болса, бастапқы 8 жылда несие алушы ай сайын 42 мың теңгеден, кейінгі 11 жыл ішінде 27,400 теңгеден төлеп отырады. Бұл - әзірше жоба ғана.

«Елбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрмысы төмен көпбалалы отбасылар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынатындығын атап өтті. Бұл мақсатқа алдағы 7 жылда жыл сайын қосымша 50 млрд теңге бөлінбек. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі балалары бар, сондай-ақ кірісі төмен отбасыларға баспана сатып алудың қолжетімдігін арттыру қажеттігін атап өтті.  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазір жаңа бағдарлама әзірлеп жатыр. Сәуір айынан бастап жүзеге асырыла бастайды деп жоспарлап отырмыз», - дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ  СҚОФ бөлім басшысы Әмір Нұрмұқанов.