Аймақтар • 01 Наурыз, 2019

СДУ Алматы Индустриалды аймағымен дуалды оқытуды енгізіп жатыр

722 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сулейман Демирел университетінің делегациясы оқу орнының ректоры Қанат Қожахметтің басшылығымен қызметтік іссапармен Алматы қаласының Индустриалды аймағына барып қайтты. Бұл туралы Сүлейман Демирел университетінің  PR және маркетинг департаменті мәлімдеді.

СДУ Алматы Индустриалды аймағымен дуалды оқытуды енгізіп жатыр

Кездесуге Бизнес мектеп пен Инженерлік және жаратылыстану ғылымдарының декандары, университеттің белді оқытушылары қатысты. Тараптар дуалды оқыту, білім беру бағдарламасын индустрияға икемдеу, сапалы адами каиталды әзірлеу, сонымен қатар ортақ жобаларды жүзеге асыру бойынша негізгі бағыттарды ортаға салды. Индустриалды аймақтың бас дириекторы Мұхтар Турабеков СДУ өкілдерін аймақ алаңында орналасқан барлық өндіріс орындарының қызметімен таныстыра отырып, білім беру мен бизнестің тығыз байлансыта ортақ серіктестік орнатуының маңыздылығын атап өтті.

«Мамандар мәселесіне келсек, Индустриалды аймақтың барлық кәсіпорындарға білікті мамандар тапшы. Бизнес қауымдастықтың ортасында жүрген соң, олардың мамандарға байланысты көкейкесті сұрақтары әрдайым назарымызда жүреді. Айта кеткен жөн, СДУ Қазақстанда да, шетелде де өзінің сапалы білім беру жүйесімен танымал. Біз СДУ-ды белді IT университет ретінде де танимыз. Балашақта қолданбалы индустрияға сұраныс арта түседі. Сондықтан университетпен қарым-қатынас бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады»,  деді Мұхтар Тұрабеков.

Өз кезегінде СДУ ректоры Қанат Қожахмет дуалды білім беру жүйесі әлемдегі кәсіби-техникалық кадрларды даярлаудың ең тиімді нысандарының бірі болып табылатынын атап өтіп, сондай-ақ университеттің осы сәттен бастап ынтымақтастық орнататуға әзір бірқатар нақты салаларын ұсынды.

«Айта кетсек, СДУ факультеттері аймақ кәсіпорындарына зерттеу тұрғысында консалтинг қызметін көрсетуге әзір. Сонымен қатар, дуалды оқыту аясында студенттерді аймақ мекемелеріне өндірістік тәжірибеге жіберу және келешекте ортақ жобаларды бірлесе отырып жүзеге асыру»,  деді Қанат Қожахмет.

Екі жақты келіссөздер барысында тараптар еліміздің зияткерлік элитасын қалыптастыру, білім беру сапасын қамтамасыз ету саласында тиімді ынтымақтастық орнату, еңбек нарығында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарды іске асыруға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Іс-шараның ресми бөлімінен кейін СДУ делегациясы Индустриялды парктің бірқатар нысандарын аралап, жергілікті кәсіпорындардың қағаз пакеттерін шығару, картридждер, металл құрылымдарын өндіру, сондай-ақ көкөніс дақылдарын өсіру жөніндегі жылыжай кешенінің қызметімен танысты. Барлық кәсіпорын басшылары делегация құрамына өндірістік цехтар бойынша таныстыру экскурсияларын өткізіп, шығарылатын отандық өнімдер туралы баяндады.