Қазақстан • 01 Наурыз, 2019

Президенттің барлық бастамалары толық көлемде қаржыландырылады — Ә. Смайылов

356 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға бюджет қаражаттарын бөлу туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Ә. Смайылов баяндады деп хабарлайды primeminister.kz

Президенттің барлық бастамалары толық көлемде қаржыландырылады — Ә. Смайылов

Ә. Смайылов Мемлекет басшысының алға қойған тапсырмаларын уақытылы орындау мақсатында Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халықтың табыс пен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар бойынша алдын ала есептеулер жүргізді.

Есептеулерге сәйкес үш жылға қосымша қажеттілік 2 трлн теңгені, оның ішінде 2019 жылы 446,7 млрд теңгені құрайды. Қаражаттың басым бөлігі жекелеген санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдауды күшейтуге бағытталатын болады. Бұл — үш жылға шамамен 1,3 трлн теңге және 2019 жылы — 226,7 млрд теңге.

Сонымен қатар, Ә. Смайылов азаматтардың жекелеген санаттарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге жыл сайын 100 млрд теңгеден 300 млрд теңге қосымша қаражат қажет болады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрінің айтуынша, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, республикалық бюджеттен 2019–2021 жылдар ішінде 320,9 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы — 90 млрд теңге қосымша бағыттау жоспарланып отыр. Жергілікіті бюджеттерден жобаларды қоса қаржыландыру үшін 101,1 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы — 32 млрд теңге бөлу талап етіледі.

«Ауыл – ел бесiгi» перспективалық ауылдарды дамыту жөніндегі арнайы жобаны іске асыруға қосымша 90 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы — 30 млрд теңге бөлінеді. Іс-шаралармен 163 аудан, 1500 ауыл қамтылады.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмаларды қаржылық қамтамасыз ету мақсатында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру шаралары қабылданады, бұл бюджеттің кіріс бөлігіне үш жыл ішінде 800 млрд теңге сомасында қосымша кіріс тартуға мүмкіндік береді.

«Бұған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық қордан қаражат тартылады. Президенттің барлық бастамалары толық көлемде қаржыландырылады. Республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын жақын арада ұсынамыз», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.