Қазақстан • 04 Наурыз, 2019

Құшағы кең Қазақ еліне мың алғыс!

1260 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бейбітшілік және келісім сарайында Алғыс айту күні тойланды. Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) «Qazaq radiolary» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесе ұйымдастырған ауқымды шараға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, депутаттар, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері, меценаттар, Қазақстанға күштеп жер аударылғандар мен қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары қатысты.

Құшағы кең Қазақ еліне мың алғыс!

Шара барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев Президент Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқыды. Құттықтау хатта: «Құрметті отандастар, бүгін біз ерекше мереке – Алғыс айту күнін атап өтудеміз. Бұл мереке қиын-қыстау жылдары қазақ халқының көрсеткен қамқорлығы мен мейірімділігінің ұмытылмайтынын білдіреді. Алғыс айту күні – ортақ тарихымызға көрсетілген құрметтің, бүкіл қазақстандықтардың өз шаңырағына айналған киелі қазақ жеріне деген ризашылықтың белгісі. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының бірлігін нығайта отырып, татулық пен келісімнің бірегей үлгісін қалыптастырдық», делінген. Сонымен қатар Елбасы жастардың тарихымызды біліп, жадында ұстауы керектігін, тарихтың тағылымы шынайы патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсететінін айтқан. Елбасы сөзінің соңын: «Әрқайсымыздың жүрегімізде ортақ жетістігімізге – өркендеп келе жатқан Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін! Әр отбасына бақ-береке, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін!», деп түйіндеген. 

Елбасының бастамасымен бұл мереке елімізде биыл төртінші рет тойла­нып отыр. Тарихқа көз жүгіртсек, ХХ ғасырдың басында қазақ даласына Беларусь, Ресей мен Украинадан бір мил­­лионнан астам адам қоныс аударған. Ұжымдастыру кезеңінде 250 мың шаруа жер аударылды және 1,2 мил­лион­ға тарта жан өнеркәсіп нысан­дарын тұрғызу үшін қазақ жеріне табан тіреді. Осынау атаулы күнде дархан даладағы кеңпейіл халықтың шаңырағын паналағандар мен рақы­мына бөленгендердің ұрпақтары құ­ша­­ғы кең қазаққа алғыс айтты. 

Алдымен мейрамды атап өтуге келген қонақтар ҚХА ұйым­­дастырған «Қымыздан қуат ал­ған біртұтас ел» атты көрме-экс­позициясын тамашалады. Көр­меде отандық кәсіпорындар, ша­ғын компаниялар мен музейлер қазақ ұлттық тағамдарын, ат әб­зел­дерін, жылқы сүтінен жа­сал­­­­­­­­­­­­­­­­­ған өнімдерді ұсынды. Көр­ме­нің­ ашылу салтанатында сөз алған ҚХА Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев: «Мұндай маңызды ме­рекені Елбасы өзі ұсын­ды, Пре­зи­денттің бастамасымен бүгін мере­кені кезекті рет тойлауға жи­нал­дық. Атаулы күнді белгілеген Мем­­­­лекет басшысына және қонақжай қа­зақ халқына Ассамблея атынан ал­ғыс айтамыз. Барша халықты, түрлі этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген қазақ елі бүгінде ТМД ел­деріне ғана емес, әлемге үлгі болып отыр» дей келе, мейрамның аясын ке­ңейтіп, осы күні қазақ жұрт­шы­лығы да ет-жақындарына, құдайы көр­­шілеріне, өмірде аяққа тұруына көмек­­тескен қамқор да жомарт жү­рек­­ті жандарға алғыс айтатынын жет­­­­­­кізді. 

Көрмеге сонымен бірге ежел­гі Бо­тай қонысынан табылған жылқы ма­лының сүйектері де қо­йылған. «Ботай» мемлекеттік та­рихи-мәдени му­зей қорығының қызметкері Өмір­серік Рамазан­ұлы: «Ботай қонысы 1980 жыл­дары археолог Виктор Зайберттің анықтауы бойынша жыл­қы малын ең алғаш рет қолға үйреткен Сол­түс­тік және Орталық Қазақ­стан болып келеді. Ботай қоны­сы­нан 10 мыңдай жыл­қы малы­ның сүйек­тері табылған. Жылқы малының тістеріндегі ауыздық іздерін табу арқылы ғалымдар ботай­лықтардың б.з.д 3-4 мың­жыл­дықта жыл­қыны қол­ға үйрет­кені анықталған», деді. 

Жылқыны алғаш қолға үй­ре­­тіп, оның өлшеусіз пайда­сын өзгелерден ерте көрген ха­л­­қы­­мыз­дың және ұлт­тық та­ғам­­­дарымыздың шарапатын қиын-қыстау кезеңде елімізге келген басқа этностар да көрген. Соның бір айғағы ретінде Кав­каздан жер ауда­­рылғандардың ұрпағы Зелімхан Зубариев көр­меден кейін жалғасқан концертте сонау сындарлы сәттерде әбден әлсіреп, өкпесіне суық тиген жас босанған ананы қымыздың құді­реті аман алып қалғанын, содан соң 13 құрсақ көтергенін, Қазақ­стан – өзі үшін аса қымбат екенін айтты. 

Шара аясында «Qazaq radiolary» ұйымдастырған қайы­рымдылық кон­­­­­­­цер­тінде кейіп­керлер көрер­мен­­дер­дің жанарына жас үйірді. 50 жылдан кейін жүздескен ана мен бала; орда бұзар жасқа жеткенде қос ая­ғынан айырылып, 18 ота­ны өтке­ріп, өмірдегі жалғыз арманы орындалып, өз аяғымен сахнаға кө­терілген үш баланың әкесі; жө­р­гек­­­тегі нәрестесін кө­теріп кел­ген 10 балалы ана­ның пәтер кіл­тін иеленуі; ар­­баға та­ңылса да, осы кү­ніне ри­за­­шы­лықпен өнер көр­сеткен би­ші мен көзі көрмей, қолы жоқ бо­ла тұ­рып, жүрегімен ән сал­ған өнер­­паз­дар көптің көңілін босатты. Айта кетейік, «Қарекет» қа­йы­рымдылық қо­рының атынан Мадияр Серікбаев «Мың теңгеге – бас­пана» жобасымен жиналған қаржыға үш бірдей көп балалы отбасына үш пәтердің кілтін табыс етті. 

Аталған концерттен­ түс­­кен қара­жат­ тоқішек транс­плантациясын кү­­­­­­­­тіп­ жүрген Әділет Арыстан де­ген бүл­діршіннің отасына жұмсалады. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»