Қазақстан • 04 Наурыз, 2019

Қостанайда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

1075 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы Елбасының төрағалығымен өткен «Нұр Отан» Партиясының XVIII Съезінде айтылған қорытындыларға арналды. Съезде партия жарғысына өзгерістер мен толлықтырулар енгізілген және «Нұр Отан» Партиясының 2030 жылға дейінгі «Әл-ауқаттық қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы қабылданған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партия съезінде әлеуметтік саясатты жүзеге асыру бағытында үш бағытта міндет қойған еді. Халықтың әлеуметтік аз қорғалған бөлігінің табысын көтеру және қолдау, табысы аз азаматтардың баспана мәселесін шешу және білім беру мен денсаулық сақтау салаларының жұмысын жақсарту, өңірлердің кешенді дамуына қамтамасыз ету Елбасы тапсырмасы бойынша бүгінгі күннің маңызды мәселесіне айналды.

Қостанайда «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында осы тапсырмалар аясында облыс өңірінде қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны талқыланды. Оның барлығы да еліміздің әлемнің ең озық 30 елі қатарынан көріну мақсатынан туындайды. Сондықтан алдағы он жылға Елбасы қойған тапсырмалар аясында республикадағы секілді Қостанай облысында да жан-жақты жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оларды баян ету үшін саяси кеңес отырысында өңірдегі басқармалар басшыларына сөз берілді.

Олар облыс өңіріндегі жолдар мен инфрақұрылымдарды дамыту, білім беру жүйесін жаңғырту және педагог қызметкерлердің жалдақысын өсіру, денсаулық сақтау ісінің сапасына қол жеткізуді қамтамасыз ету, баспанамен қамтамасыз етуді ұйымдастыру, инженерлік және әлеуметтік құрылымды дамыту, өмір сапасын жақсарту және аумақты дамытуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыру сияқты мәселелерді ортаға салды.

Облыс әкімі, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Архимед Мұхамбетов саяси кеңестің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелерді жүзеге асыру үшін облыста да үлкен істердің күтіп тұрғанын және биік жауапкершілік болуы керектігін айтты.

«Озық елдердің отыздығына кіруде алдымыздағы он жыл шешуші кезең болады. Осыған байланысты Елбасы партия алдына да нақты мақсаттар қойып отыр. Оларды жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан ауқымды қаржы бөлінеді, жергілікті бюджеттен де мүмкіндіктер қаралатын болады. Сондықтан Президент қойған мақсаттар жүзеге асырылуы үшін өңірде жауапты істер қолға алынады және жалғаса береді» деді Архимед Бегежанұлы.

Партия көшбасшысы мойны озық отыз едің қатарынан көріну үшін экономиканы дамытумен қатар әлеуметтік мәселелердің шешімі табылуын ескерткен болатын. Осы орайда көп балалы отбасылардың баспана жағдайын жақсарту да өзекті іске айналды. Мысалы Қостанай облысында кәсіпкерлер қазірдің өзінде 10 көп балалы отбасының баспана жағдайын жақсартуға қол ұшын берді. Бірақ әлде де 15 отбасы саяжайларда, екі отбасы қоржын үйде, 10 отбасы тозығы жеткен үйлерде, 360 отбасы жалға алған пәтерлерде, 36 отбасы жатақханаларда тұрып жатыр.

Өңір басшысы Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында айтылған мәселелердің, әсіресе, оның ішінде әлеуметтік қолдауларды, көп балалы отбасыларына жасалатын мемлекеттік жеңілдіктерді, ол үшін қағазбастылықтың қысқарғанын жергілікті жерлерде әр тұрғынға жеткізу қажеттігін тапсырды. Бұл орайда ауыл әкімдерінің де жауапкершілігі үлкен екенін ескертті.

Архимед Бегежанұлы отырыстың соңында Елбасы тапсырмаларын орындауға жерлестерді оған бір кісідей ұйымшылдықпен атсалысуға шақырды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай