Қазақстан • 05 Наурыз, 2019

Жастар жылы өскелең ұрпаққа қажетті жағдай жасауға үндейді

994 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты Владимир Волков Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болды. Сенатор университет ректоры Ғалым Мұтановпен, оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Жастар жылы өскелең ұрпаққа қажетті жағдай жасауға үндейді

Сенатор білім ордасында заң факультетінің студенттеріне дәріс оқып, Қазақстанда бүгінгі таңда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үрдісі қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Қазіргі кезде табысты білім беру жүйесі және ғылымы дамыған мемлекет қана қуатты әрі бәсекеге қабілетті болып саналады.

В.Волков Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айтқан бастамаларымен үндесетін, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына екі Жолдауына тоқталды. Сенатор елімізді әлеуметтік жаңғырту саясатының жалғасы болып табылатын Елбасының бес әлеуметтік бастамасы туралы жан-жақты айтып берді. Олардың ішінде білімді болуды дәріптеу ерекше орын алады. Қазақстан экономикасына жоғары білімді мамандарға зәрулік күн санап ұлғайып келе жатқандықтан, елімізде жоғары білім беруге қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыру бойынша шаралар қабылданып келеді.

Елбасы Н.Назарбаев жоғары білім алу үшін мемлекеттік грант көлемін арттыру міндетін қойды. 2018-2019 оқу жылдарында қосымша 20 мың грант бөлінсе, солардың ішінде он бір мыңы техникалық мамандықтарға беріліп отыр. Үкімет 2018 жылғы 16 наурызда Елбасының Жолдауын іске асыру мақсатында Жол картасын бекіткен болатын. Осыған байланысты 2018-2019 оқу жылдарынан бастап техникалық және ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша жаңа гранттардың бағасын ұлттық жоғары оқу орындарындағы гранттардың деңгейіне дейін көтеру жөніндегі құқықтық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Парламент республикалық бюджетке тиісті өзгертулер енгізді.

«Елбасының қазан айындағы Жолдауында жастар, білім беру мен әлеуметтік қорғау туралы баса айтылды. Президент жариялаған Жастар жылы ең алдымен, еліміздің ең қарқынды күші – өскелең ұрпақтың өмірі үшін барлық қажетті жағдай жасауға үндейді», - деді сенатор. Депутат Президенттің оқу орындарындағы дайындық сапасын арттыруды, әлемнің үздік жоғары оқу орындарымен әріптестікті дамытуды және түлектерді жұмысқа орналастыруға ықпал етуді тапсырғанын атап өтті.

В.Волков сондай-ақ әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дене шынықтыру және спорт кафедрасының оқытушыларымен, "Салауатты өмір салты» орталығының директоры Анатолий Арещенкомен кездесті. Сенатор ел тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар туралы жан-жақты айтып, оқытушылар мен студенттердің Қазақстанда спортты дамыту туралы сауалдарына жауап берді. Сенатор ҚазҰУ спорттық кешенін, жағажайдағы волейбол алаңы мен Д.Баландин атындағы жүзу бассейнінде болды.

Сенатор Қазақ ұлттық университетінде болған кезде оқу ордасындағы ахулдық орталығынның жұмысымен танысты.

Сонымен қатар В.Волков Алматы қалалық адвокаттар алқасының басқарушы құрамымен және адвокаттарымен кездесті. Депутат кездесуге қатысушыларды Парламент Сенатының заң шығару жұмысымен таныстырып, Президенттің «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде айқындаған әлеуметтік бастамалары туралы айтып берді.

Талқылауды қорытындылай келіп, сенатор азаматтар өмірінің экономикалық деңгейі мен сапасын арттыруға бағытталған Елбасының бастамаларын заң жүзінде бекіту үшін депутаттық корпус алдында үлкен міндет тұрғанын атап өтті.