Мұзтау алыстан қарағанда түйенің қос өркеші тәрізді көрінеді. Осы екі өркештің арасын «Седловина» (ердің адам отыратын қайқы бөлігі) деп атайды.
Мұзтауды қазақтар «Ақсүмбі», «Ақтайқы» деп атаса, шыңның теріскейін жайлап жатқан алтайлықтар «Үч Сумер» деп атап, тәңір нұрын төккен мекен ретінде ерекше қасиет тұтады. «Сүмер» деген моңғол тілінде «Киелі тау» деген мағына береді. Яғни, «Үш Сүмер» «Үш басты киелі тау» атауынан шыққан, дейді зерттеушілер.
Шыңның теріскей шығыс бетін мекендеуші жергілікті халық мұздақты «Қатынбасы» деп атаса, осы өңірге ХІХ ғасырдың ортасында қоныстанған славян тектестер «Белуха» деп ат қойып алған.
Бұл мұздақты қасиет тұтқан тұлғалар көп. Солардың бірі – атақты орыс суретшісі мистик-пәлсапашы, ойшыл Николай Рерих 1926 жылы осында ат басын бұрып, шыңды «Шамбалаға» (жер кіндігіне) балап, қанық бояулы керемет картиналар салса, алғашқы ортодоксальды христиан өкілдері (кержақтар) жұмақтың жердегі бөлшегі «Беловодье» осы Мұзтау ішінде жасырылған деп сеніп, алдыңғы легі патша заманында осы өңірге қоныс аударған.
Шыңның ұшар басындағы Үлкен, Кіші Берел, Меңсу мұздықтарынан – Ақкем (Ро-дэевич), Едігем, Қатынсу қатарлы өзендер бастау алады. Осындағы Қатынсу (Қатын) өзенінің төменгі алқабында «Патшалар мекені» орналасқан. Осы жерден табылып жатқан археологиялық жәдігерлерге ғалымдар «ежелгі Түркі қағанатына тиесілі мұралар» деген баға беруде.
Мұзтауға алғаш рет назар аударып, ғылыми ландшафтық ерекшелігін хатқа түсірген ағайынды Борис пен Михаил Троновтар. Олар 1914 жылдың жазында шыңға шықса, бұл үрдісті кейін Борис Делоне, Игорь Тамм, Борис Соустин, Рейнхольд Месснер қатарлы зерттеуші альпинистер жалғастырыпты.
Ғалымдар Мұзтаудың ерекше энергетикасы бар дейді. Бұл оның аспанмен қол ұстасқан шыңдарымен байланысты көрінеді. Арнайы құрылғылар таудың үнемі дірілдеп тұратынын байқаған. Әрине аса сезімтал құрал болмаса оны бірден байқау қиын. Бірақ ұсақ дірілдің адам ағзасына әсері керемет һәм бойыңдағы теріс энергиядан арылтады-мыс.
Дайындаған
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»