Аймақтар • 05 Наурыз, 2019

Астанада шахматтан командалық есептегі әлем чемпионаты басталды

1059 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Астанада шахматтан командалық есептегі әлем чемпионаты басталды. 15 наурызға дейін созылатын әлемдік сынға 14 мемлекеттен спортшылар қатысуда деп жазады Olympic.kz. 

Астанада шахматтан командалық есептегі әлем чемпионаты басталды

Турнирде 10 ерлер және 10 әйелдер құрамасы бақ сынайды. Астана төрінде Қытай, Әзірбайжан, Иран, АҚШ, Египет, Ресей, Польша, Ұлыбритания, Үндістан, Украина, Грузия, Венгрия, Армения және Қазақстан командалары өзара мықтыны анықтамақ. 

Қазақстан әйелдер командасы сапына төмендегі шахматшылар енді: Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова, Бибісара Асаубаева, Гүлісхан Нақбаева. 

Қазақстан ерлер командасының құрамы: Ринат Жұмабаев, Ануар Исмағамбетов, Денис Махнев, Петр Костенко, Мұртас Қажығалиев. 

Әлем чемпионатының алғашқы күнінде Қазақстан әйелдер командасы Ресейге қарсы ойын өткізсе, ерлер командасы англиялық қарсыластарымен ой жарыстырады. 

Қазақстан құрамасының мүшесі Жансая Әбдімәлік чемпионаттағы басты фавориттерді атап, жеңістен үмітті командаларға тоқталып өтті. 

«Біздің негізгі қарсыластарымыз – Ресей, Украина және Қытай құрамалары екені сөзсіз. Бұлар турнирдің басты фавориттері саналады. Дегенмен, біз команда ретінде жақсы ойын көрсетуді мақсат еттік. Құрамадағы әрбір шахматшы өз жеріміздегі әлемдік сында аянып қалмайды», - дейді Жансая. 

Сондай-ақ, Астанадағы әлем чемпионаты аясында бүкіләлемдік шахмат федерациясының (FIDE) президенттік кеңесі өтеді.