Күрес • 05 Наурыз, 2019

Атырауда дзюдодан ел чемпионаты өтті

1116 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Күш пен жылдамдықты талап ететін дзюдо спортына қызығушылық танытатын жастардың қатары көп. Атырауда өткен ел чемпионатына 400-ден астам жас спортшының қатысуы осы сөзімізге дәлел. 1999-2001 жылдары туған жастар жекелей және командалық есепте бақ сынасқан жарыста топ жарған спортшылар Қазақстан ұлттық жастар құрамасына қабылданды. Енді олар халықаралық турнирлер мен Азия, Әлем чемпионаттарында ел намысын қорғайды.

 

Атырауда дзюдодан ел чемпионаты өтті

Дүбірлі доданың ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев биыл Конфедерация кубогын жеңіп алған атыраулық дзюдошылардың табыстарын атап өтті.

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша спортты дамытуға бағытталған шаралар жасалып жатыр. Көптеген жаңа нысандар салынып, үйірмелер мен секциялар, спорт алаңдары ашылды, бұл жұмыстар алға қарай да жалғасады, - деді аймақ басшысы.

 Жастар жылы аясында ұйымдастырылған чемпионатта командалық есеп бойынша Алматы қаласы үздік деп танылды. Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары кейінгі орындарды еншіледі.

Қыздар арасында Сара Құлым, Ғалия Тынбаева, Нұрсұлу Ерәлиева, Меруерт Сәрсенова, Саера Мырзахметова, Ақерке Құлаш, Маргарита Гриценко, Ақерке Рамазанова секілді спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, жеңімпаздар қатарында аталды. Ал ерлер арасында Ұлықбек Әбілқайыр, Болат Біләл, Ермек Амангелді, Айбар Мұқышев, Шынтас Серікболсын, Қуандық Стамполов, Айбек Ізтелеуов, Бейбарыс Әбдіғани биіктен көрінді.

Сондай-ақ, шара аясында Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы Сәдуақас Бекарысқа «ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері» куәлігі, ал бапкері Азамат Балпуховқа «ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы» куәлігі табысталды.

Бақытгүл БАБАШ,

«EgemenQazaqstan»

АТЫРАУ