Қазақстан • 06 Наурыз, 2019

Қазақстан Ұлттық Банкінде сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен кезекті кездесу өтті

1047 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің қаржы сарапшыларымен кезекті кездесуі өтті, оның барысында ақша-кредит саясатының мәселелері, ақша және валюта нарықтарындағы ахуал, сондай-ақ қаржы реттеушісінің базалық мөлшерлемені +/-1%-дық пайыздық мөлшерлеме дәлізімен сақтай отырып 9,25% деңгейінде сақтау туралы шешімі талқыланды. Өтімділікті беру және алу операциялары бойынша мөлшерлемелер де тиісінше 10,25% және 8,25% деңгейінде өзгеріссіз қалдырылды. Бұл туралы Ұлттық банктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Ұлттық Банкінде сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен кезекті кездесу өтті

Қазақстан Ұлттық Банкі Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкин айтқандай, мұндай шешімді Ұлттық Банк инфляцияның болжанатын серпіні, сондай-ақ оның нысаналы бағдарларға сәйкес келуі негізінде қабылдады. Инфляцияның жалпы деңгейінің ағымдағы жылғы қаңтар-ақпанда төмендеуіне қарамастан, оның құрауыштарының серпіні теңгерімсіз болып қалуда. «Базалық мөлшерлемені алдыңғы қарау кезінде ескерілетін сыртқы ахуалдың нашарлау тәуекелдері іске аспады және олардың, Қазақстан Ұлттық Банкінің бағалауынша, туындау ықтималдылығы азайды»,- деді В. Тутушкин. Оның айтуы бойынша, қабылданған шешімнің нәтижесінде ақша-кредит талаптары бейтарап болып отыр. Нақты нарықтық пайыздық мөлшерлемелер инфляция бойынша нысаналы бағдарға қол жеткізу үшін қолжетімді және бірмезгілде экономиканың өсу қарқынын әлеуетті деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік жасайтын деңгейде тұр. В. Тутушкин инфляция 2019 жылғы қаңтарда және ақпанда 5,2%-ды және 4,8%-ды құрағанын, тиісінше 2019 жылға арналған нысаналы дәліздің ортасына жақын болғанын айтып берді. Бағалардың жылдық өсу қарқынының айтарлықтай бәсеңдеуі ақылы қызмет көрсету секторында байқалды – табиғи монополиялардың тарифтерін төмендету жөніндегі мемлекеттік шаралардың күшеюі аясында ақпанда 1,3%-ға дейін төмендеді.

Қаңтарда және ақпанда ақылы қызмет көрсету бағаларының төмендеуі, оның ішінде ТҮКШ саласындағы бағалардың екі айда 4,3%-ға төмендеуі байқалды. Осындай серпін жылдың басына тән емес болып табылады және бұрын елдің инфляциялық процестерінде іс жүзінде байқалған жоқ. «Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі ақпанда 6,6%-ға дейін көтерілді, бұл ауыл шаруашылығындағы және тамақ өндірісі өнеркәсібіндегі бағалардың ішкі нарықтағы өсу қарқынының жеделдеуіне мүмкіндік жасады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағаларының серпіні 6,2%-ға дейін бәсеңдеді. Ұсыныстың жеткілікті болуы және Ресей өнімін әкелуге тыйым салудың ұзартылуы аясында бензин бағасының төмендеуі жалғасты», - деді В. Тутушкин.

Ол шығасыларды құрауыштардың айтарлықтай баяулағандығын атап өтті. Өнеркәсіп өндірісіндегі баға ақпанның қорытындылары бойынша жылдық көрсеткіште 7,7%-ға дейін баяулады. Бұл ретте тұтынушылық тауарлардың өнеркәсіптік өндірісі бағасының жылдық өсуі 1,8% болды. Экономикадағы инфляциялық қысым маңызды болып қалып отыр. Мәселен, базалық инфляция серпіні (құбылмалы және реттеуші құрауыштарды қоспағанда) өткен жылғы желтоқсандағы 6,7%-дан (2017 жылғы желтоқсандағы 6,2%-дан) 2019 жылғы қаңтардағы 6,9%-ға дейін жедел өсуді көрсетті.

Сонымен қатар Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі кездесуге қатысушыларға экономикадағы проинфляциялық қысымның кеңейетін ішкі сұраныс тарапынан жалғасатындығын айтып берді. Халықтың нақты кірісінің өсуі 2018 жылы 3,2% болды. Банктердің тұтыну қарызы портфелінің өсуі қаңтарда жылдық көрсеткіш бойынша 14% болды. Ол іскерлік белсенділіктің өсуінің жалғасып келе жатқандығын атап өтті. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 2018 жылғы қаңтар үшін 2,9%-ға (2018 жылдың қорытындылары бойынша 4,7%) өсті. Өсімге оң үлесті тау-кен өнеркәсібі (6,8%), көлік (3,7%), сауда (7,5%), ауыл шаруашылығы (3,5%) қосты. «Инфляциялық күтулер 2018 жылғы күздегі өршуден кейін біртіндеп төмендеуде. Қаңтарда 12 айдан кейін күтілетін инфляцияның мәні 4,7%-ға дейін төмендеді, бұл пікіртерім жүргізілген сәттен бастап ең аз мәні болып табылады. Инфляцияның жеделдеуін күтетін респонденттердің үлесі өткен жылғы қазандағы тарихи максимум 28,2%-бен салыстырғанда 17,2%-ға төмендеді, ал инфляцияның баяулауын күтушілердің үлесі, керісінше, соңғы жыл үшін ең көп мәнді құрады», - деп түсіндірді В.Тутушкин.

Ол қабылданатын инфляция төмендеуге бағытталған ұзақ мерзімді үрдіске қарай жылжуын жалғастыруда деп қосты. Алдыңғы 12 ай ішінде тауарлар мен қызметтердің бағасы бұрынғыға қарағанда тез өсті деген респонденттердің үлесі жыл басындағы 40,7%- дан қаңтардағы пікіртерім нәтижелері бойынша 36,5%-ға дейін төмендеді. «Базалық мөлшерлеме деңгейін алдыңғы қарау кезінде ескерілген ағымдағы жылғы қаңтарда сыртқы жағдайдың айтарлықтай нашарлауына қатысты қауіптенулер ақпанның қорытындысы бойынша іске аспады, және тәуекелдердің іске асырылу ықтималдылығы төмендеді. Brent маркалы мұнайдың бағасы бір баррель үшін 65 АҚШ долларынан жоғары қалыптасуда. ФАО-ның азық-түлік бағаларының индексі қаңтарда сүт өнімдері мен дәнді дақылдарға әлемдік баға индексінің өсуіне қарамастан, жылдық көрсеткіш бойынша 2,2%-ға азайды. В. Тутушкиннің сөзі бойынша, жеке сыртқы факторлар тарапынан проинфляциялық тәуекелдер сақталуда. Негізгі сауда-саттық әріптес елдердегі инфляция түрлі бағыттағы үрдістерді көрсетуде. Қаңтарда Ресейдегі жылдық инфляция 5,0%-ға дейін үдемелі өсуін көрсетті, ал Қытай мен Еуропалық Одақта ол тиісінше 1,7% және 1,5%-ға дейін баяулады. В. Тутушкин 2019 жылғы 1 наурызда Ұлттық Банктегі кезекті болжамдық раундтың аяқталғанын айтты. Болжам 2019 жылғы 1-тоқсан – 2020 жылғы 3-тоқсан аралығындағы кезеңге әзірленді. «Осы болжамдық раунд аясында біз Brent сұрыпты мұнайдың бір баррелі үшін 40, 60 және 70 АҚШ доллары бағасы бойынша 3 сценарийді қарастырдық. Бағалардың ағымдағы деңгейін, сондай-ақ нарыққа қатысушылар мен халықаралық қаржы институттарының болжамдарын ескере отырып, базалық сценарий ретінде біз Brent сұрыпты мұнайдың бір баррелі үшін 60 АҚШ долларын қарастырдық. Сыртқы жағдайлар бойынша алғышарттар елеулі өзгерістерге ұшыраған жоқ. Сыртқы факторлар тарапынан біз сыртқы сұраныстың өсу қарқынының бәсеңдеуін күтеміз, ол сауда әріптес елдердегі инфляцияның жылдамдауына байланысты болды", – деді В. Тутушкин.

Сондай-ақ, В. Тутушкин болжамды перспективада шығарылым алшақтығының оң аймақта сақталғанын атап өтті. Орта мерзімді кезеңде оң алшақтық болжамды кезеңнің соңына нөлдік белгіге жақындап, қысқаратын болады. Ол болжамдарға сәйкес, 2019 жылы Қазақстандағы жылдық инфляция 4-6%-дық жаңа нысаналы дәлізде болатынын атап өтті. «2018 жылғы қараша-желтоқсан» өткен болжамдық раундымен салыстырғанда 2019 жылы инфляция траекториясы төмендеу жағына түзетілді, бұл тұрғын үй-коммуналдық қызметтер тарифтерінің төмендеуіне байланысты болды. «2020 жылы инфляция өзінің нысаналы деңгейінен асып кету қаупі бар. Біріншіден, реттелетін қызметтердің тарифтерін төмендетуден инфляцияға оң әсер болмайды деп болжануда. Екіншіден, ең төменгі жалақыны арттыру және қызметкерлердің төмен ақы төленетін санаттары үшін ЖТС-ты төмендету аясында тұтынушылық сұраныстың өсуі сақталады.

Сонымен қоса, әлемдік азық-түлік инфляциясының серпіні болжамдық перспективада Қазақстандағы азық-түлік инфляциясының өсуіне әсер ететін болады», - деді Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілі. Өз сөзін қорытындылай келе В. Тутушкин 2019-2020 жылдары Қазақстандағы нақты ІЖӨ-нің өсуі әлеуеттікке жуық деңгейге дейін баяулайтынын айтып берді. «Экономикалық өсім бойынша алғышарттар өзгерген жоқ. Ішкі тұтынушылық сұраныстың өсуі экономика өсімінің негізгі қозғаушы күші болмақ. Инвестициялық белсенділіктің оң серпіні, бірінші кезекте, тау-кен өндіру және тұрғын үй құрылысы саласында сақталады. Жалақыларды, зейнетақыларды, жәрдемақылар мен өзге де әлеуметтік шараларды арттыруға жұмсалатын бюджет шығыстарының өсуіне байланысты экономика да 2019- 2020 жылдары болар-болмас оң фискалдық қарқын ықпалынан ынталандырылады. Таза экспорт болжалды кезеңде экспорттың барынша ақырын өсуінен шектелетін болады», - деп қорытындылады В. Тутушкин. Монетарлық операциялар департаментінің директоры Әлия Молдабекова қазіргі кезде валюта нарығындағы ахуалдың тұрақты екендігін айтып берді. «Бағам белгілеудің іргелі драйверлері – мұнай бағасы мен Ресей рублінің бағамы жеткілікті түрде қолайлы қалыптасуда. Мысалы, Brent сұрыпты мұнай баррелінің бағасы шамамен 65 АҚШ долларын құрайды, рубльдің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы мөлшерлеменің артуын күтуге қатысты ФРЖ риторикасының жеңілдеуі аясында қалыпқа келгенін көрсетті. Базалық мөлшерлеме бойынша өткен жолғы шешімнен кейін теңге бағамы 373.56-382.74 диапазон аралығында ауытқыды», - деп түсініктеме берді Әлия Молдабекова.

Ол ақша нарығындағы ахуал өтімділіктің құрылымдық профицитімен сипатталғанын атап өтті. «Ақша-кредит саясаты операциялары бойынша ашық позиция шамамен 4 трлн теңгені құрап, ұлғайды. 2019 жылғы 18 ақпанда ашық нарығы операцияларының құралы ретінде депозиттік аукцион енгізілді. Бір мезгілде 7 күндік айналыс мерзімімен қысқа мерзімді ноттар шығарылымы тоқтатылды», - деп түсіндірді Ә. Молдабекова. Кездесу қорытындысында Қазақстан Ұлттық Банкінің өкілдері ағымдағы жағдай және елдің қаржы нарығындағы өзгерістер туралы дәйекті ақпарат алуға мүмкіндік болатын осындай кездесулер өткізудің маңызды екендігін өз кезегінде атап өткен сарапшылардың сауалдарына жауап берді. Қазақстан Ұлттық Банкі қаржы реттеушісінің нарықпен және жұртшылықпен белсенді коммуникациялар саясаты шеңберінде тұрақты негізде сарапшылармен кездесулер өткізетіндігін еске саламыз. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 15 сәуірде Астана уақытымен сағат 17:00-де жарияланады.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше