Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Бюджет жүктемесі жеңілдейді

823 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығма­ту­линнің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында Қазақстан мен Тәжікстан үкіметтері арасындағы өтеу­сіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификациялайтын құжат жұмысқа алынды. Сонымен қатар біздің еліміздің Қытай Халық Республикасынан алатын жеңілдетілген несие, Байқоңыр қаласының мәртебесі мен ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібін нақтылайтын заң жобалары толық мақұлданды.

Бюджет жүктемесі жеңілдейді

Көлік инфрақұрылымы жаңарады

Биылғы жылдың соңына таяу еліміздің Қытай, Өзбекстан және Түрік­мен­станмен арадағы 9 автокөлік және 1 темір жол өткі­зу бекеттерін жаңғыр­ту мен техникалық түгел жарақтан­дыру жұмыстары басталуы тиіс. Бұл жұмыстарға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бә­секеге қабілеттілік» атты Жолдауын­дағы еліміздің экономикасын дамы­ту­дағы басымдықтардың бірі ретінде жаңа Еуразиялық логистикалық инфрақұ­ры­лымды дамытуға байланыс­ты тапсыр­малары негіз болған. Осыған байла­нысты жүк транзитінің еркіндігі, көлік дәліздерін құру және жаңғырту мәсе­лелері күн тәртібінде тұр. 

Жалпы отырыста баяндама жаса­ған Премьер-Министрдің бірінші орын­басары – Қаржы министрі Әлихан Смайы­лов осы мақсатта Еуразиялық эконо­микалық одақ­тың сыртқы шекара­сын­дағы Қазақстан учаскесіндегі өткі­зу пункттерінің кедендік инфрақұ­ры­лымдарын дамыту қажеттігіне тоқталды. 

– Қазіргі бар инфрақұрылым өсіп жат­қан ағынды біркелкі және жедел өткізуге мүм­кіндік бермейді. Мысал ретінде Қазақстан – Өзбекстан шекарасында туындаған ахуалды келтіруге болады. Қазір Қазақстан жа­ғын­дағы өткізу бекеттерінің алдында күн сайын тәулігіне 70-тен 300-ге дейін автокөлік құралдары жиналып қалуда, тасымалдау­шылар кезекте 3 тәулікке дейін тұруға мәжбүр. Өткізу мүмкіндігін ұлғайту үшін Қар­жы министрлігі «Эталондық өткізу пункті» тұжырымдамасын әзірледі, – деді Ә.Смайылов. 

Жоба жүзеге асырылғаннан кейін өткізу бекеттері қазіргі тәулігіне 450 көліктен 4500 көлік өткізетін шамаға дейін кеңейеді. 

Ал бұл жұмыстарға қажетті 100 млрд тең­­геден аса қаражат Қытай Ха­лық Рес­пуб­ли­касынан 20 жылдық мер­зімге, жылдық 2 пайыздық үстемемен же­ңіл­детілген несие түрінде алынады. 

Осы орайда Ә.Смайылов депу­тат­тардың сауалына орай, бұл соманы өз қазынамыздан бір мезетте алу бюджетке салмақ болатындығын айтты. Оның үстіне, біздің елімізбен тұрақты жұмыс жүргізіп отырған халықаралық қаржы ұйымдары – Дүниежүзілік банк, Еуропа даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі, сондай-ақ Ислам даму банкінің несиелерінің пайыздық үстемесі долларға маталған және жылдық 3-4 пайыздық өсіммен беріліп келген. Ал қытайлық несие юаньмен есептеледі және жоғарыда айтылғандай, жылына 2 пайыздық үсте­мемен беріледі.  

Сонымен өткен жылы Бейжіңде қол қойылып, кеше депутаттар рати­фи­кациялаған келісім арқылы жүзеге асырылатын жұмыстар ЕАЭО сыртқы шекарасының барлық белдеуі бо­йынша өткізу бекеттерін жаңғыртуға, сондай-ақ тауарлардың барлық өту циклын автоматтандыруға, кедендік әкім­шілендіру дең­гейін көтеруге, өткізу пункт­терінің инфра­құрылымын жақсар­туға және сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­­дерін азайтуға мүмкін­дік береді. Бұл өз кезегінде сыртқы эконо­микалық қа­ты­­су­шылардың қаржы шығындарына және елдің рейтингісіне оң әсер етеді. Жоспарланған жұмыстар 2022 жылға қарай аяқталуы тиіс. 

Байқоңырдан бақ тайған жоқ 

Жалпы отырыс барысында депутаттар «1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы Бай­қоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да мақұлдады.  

2016 жылғы желтоқсанда Санкт-Петер­бург қаласында қол қойылған құ­жат­қа өз­герістер енгізу мәселесі бо­йынша Цифрлы даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндама жасады. 

– Хаттама Қазақстанның Байқоңыр қа­ла­сында жұмыс істейтін мемлекеттік органдар тізбесіне қосымша еліміздің 10 мем­лекеттік органдары бөлімшелерін қосуды көздейді. Олардың арасында қазынашылық комитетінің бөлімшесі, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімі, шекара қызметінің бөлімшесі мен басқа да органдардың бөлімдері ескерілген. Бұ­рын бұл келісімде Байқоңыр қаласында тек 8 мемлекеттік орган бекітілген, яғни сот, про­куратура, аэроғарыш комитетінің бөлім­шесі, Байқоңыр кешеніндегі Қазақстан Прези­ден­тінің арнаулы өкілі және басқа да органдар қамтылған еді, – деп атап өтті А.Жұмағалиев.

Жаңа министрліктің жаңа басшысы де­путаттардың сауалдарына орай Бай­қоңыр қаласы мен ғарыш кешеніне байланысты сауалдарға да жауап берді.

Мәселен, А.Жұмағалиевтің тиісті сауал­дарға орай баяндауынша, қазіргі кезде Ресей тарапы Байқоңыр ғарыш кешенінің объективті себептермен пайдаланбай отырған бірқатар нысандары өз меншігімізге өткендігін, олардың ға­рыш нысандарына қатысы жоқтары Қы­зылорда облысының әкімдігіне беріл­ген­дігін мәлімдеді. Ал ғарыштық нысандарға байланысты министрлік тарапынан тиісті жоспарлар жасалған. 

Министрдің айтуынша, жуырда Қа­зақ­­стан меншігіне өткен 243 нысанды қамтитын «Зенит» зымыран кешені инфра­құрылымы елі­міздің ғарыш саласына қатысты бағдар­ламалар үшін өте қажет. Атап айтқанда, оларды игеру мақ­сатында қазір «Бәйтерек» атты арнайы жоба әзірленіп жатыр екен. 

Жалпы отырыс барысы негізгі баяндамалардан соң дәстүрлі депутаттық сауал­дармен жалғасты. 

Мәселен, депутат Сауытбек Абдрахманов депутаттар тобының атынан Үкі­мет басшысы Асқар Маминге жол­даған сауалында мал ұрлығының асқынып кетуіне бай­ланысты тиісті шешімдер қа­былдау керектігін жеткізді. Атап айт­қанда, мал ұрлы­ғымен күресті күшей­ту жөнінде мақсатты жұмыс жүр­гізу, бұл іске барлық деңгейдегі әкім­дік­тердің күшін, Ішкі істер министр­лігі­нің аудандық, облыстық және рес­публи­калық құрылымдарының барша әлеуетін, техникалық мүмкіндіктерін жұ­мыл­дыруды, Ішкі істер министрлігі Ауыл ша­руашылығы министрлігінің вете­ри­­на­риялық инспекциясымен бірлесе оты­рып, базарларға, қоғамдық тамақ­тан­дыру орындарына, соның ішінде әс­кери бөлімшелер мен медицина меке­­ме­леріне түсетін еттің қайдан, қалай келе­тінін анықтаудың дәлме-дәл тәртібін ай­қын­дауды сұрады. 

– Облыстық әкімдіктер жергілікті полицияның ауылдық жердегі құ­ры­лымдарын техникалық және кадрлық тұр­ғыдан күшейту жөнінде нақты қа­дамдар жасауы керек. Ауыл әкімдері мал ұрлауды, сойылған етті сатуды кә­сіп ететіндерді анықтауға бар күшті жұм­сағаны жөн. Кімнің не істеп жүргенін ауыл­дағылар білмейді емес, біледі. Олар не мал ұрыларын әшкерелеуден қорқады, не жалған ағайыншылдықтан аса алмайды. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринариялық қызметі облыс әкімдіктерімен бірлесе отырып, малды таңбалау мен есепке алу, дала­да еркін жайылатын малға чип салу жө­нін­дегі жұмыстың тиімділігін қамта­масыз етуі керек, – деді депутат.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»