Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Қазақстан және Аустрия екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

900 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мен Аустрия жан-жақты саяси ынтымақтастықты дамытуға, сауда-экономикалық байланыстардың әлеуетін толығымен іске асыруға, сондай-ақ халықаралық деңгейде тығыз жұмыс істеуге ниетті. Бұл бүгін Астанада өткен екі елдің сыртқысаяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың негізгі ой өзегі болды.

Қазақстан және Аустрия екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Сол күні Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары - Аустрия Республикасының Еуропа, интеграция және сыртқы істер Федералдық министрлігінің Бас хатшысы Йоханнес Петерлик басқарған аустриялық делегацияны қабылдады.

Сұхбаттастар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылап, ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге деген өзара қызығушылықтарын тағы да растады.

Қазақстан тарапы Аустриямен сенімділікке негізделген саяси диалогты кеңейтуге қызығушылық білдірді. Аустрияның Сыртқы істер министрі Карин Кнайссельдің Қазақстанға жоспарланған сапары екіжақты саяси ынтымақтастықты тереңдетуге көзделген міндеттерге сай келеді. Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің Аустрияға ақпандағы сапары парламентаралық байланыстың жемістілігін растайды.

Келіссөздердің басты тақырыбы сыртқы саясаттың экономикалық құрамдас бөлігін күшейту міндеттерінің шеңберінде Қазақстан мен Аустрияның Сыртқы істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты жандандыру болды. «Мемлекет басшысының Сыртқы істер министрлігінің алдына қойған басты міндеттердің бірі - біздің елге инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту болып табылады», - деді Б. Атамқұлов кездесуде.

Екіжақты ынтымақтастықтың келешегін талқылау барысында Аустрия тарапы ауыл шаруашылығы кешені, жасыл және цифрлық экономика, өнеркәсіп және инфрақұрылымды дамыту саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыруға Қазақстанның қызығушылығы бар екенінен хабардар болды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда аустриялық капиталдың қатысуымен 50-ге жуық кәсіпорындар жұмыс істейді. 2005 жылдан бері қазақстандық экономикаға салынған аустриялық инвестициялар 5,7 млрд АҚШ доллардан астам соманы құрады.

Сұхбаттастар жаңа инвестициялық жобаларды жылжыту бойынша одан да белсендірек бірлескен жұмыстарды жүргізу және екіжақты сауданы ұлғайту мүмкіндіктерін іздестіру туралы келісті.

«Энергия тиімділігі, жасыл экономика және жалпы сауда-саттықты кеңейту саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды нығайту - екіжақты күн тәртібінің орта және ұзақ мерзімді келешектегі басым міндеттері болып табылады», - деді Й. Петерлик.

Сонымен қатар, өзекті аймақтық және халықаралық мәселелер талқыланды, атап айтқанда Орталық Азиядағы аймақтық ынтымақтастық перспективасы, «Белдеу мен жол» атты Қытай бастамасы шеңберіндегі ынтымақтастық, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесу, заңсыз миграциямен күрес және басқа да күн тәртібіндегі мәселелер.

Сыртқы істер министрі сұхбаттасын Елбасының еуразиялық кеңістігіндегі кешенді ынтымақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған негізгі бітімгерлік бастамаларымен таныстырды, атап айтқанда Хельсинки қорытынды актісін қабылдаудың 45-жылдығына арналған 2020 жылы Астанада Қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша халықаралық конференция өткізу туралы таныстырды.

Халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы Қазақстанның жігерін атай отырып, сұхбаттастар Елбасының АҚШ-РФ-ҚХР-ЕО басшыларының кездесуін өткізу туралы бастамасының өзектілігін атап өтті.

Тараптар Еуропалық Одақ - Орталық Азия форматында сындарлы және сенімді диалогты дамытудың маңыздылығын растады. Министр Қазақстанның ЕО-мен аймақтық форматта ынтымақтастықты алға жылжытудың белсенді жақтаушысы екенін атай отырып, 2019 жылдың бірінші жартысында қабылдануы жоспарланып отырған Орталық Азия бойынша Еуропалық Одақтың болашақ жаңа стратегиясына айрықша мән беретінін атап өтті.