Тарих • 07 Наурыз, 2019

Алғашқы Алаш мектебі – бүгінде «Шәкәрім» атындағы мектеп-гимназияның 100 жылдық тарихы бар

2145 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ баласының білімді, саналы азамат болып өсуі осыдан 100 жылдай бұрын   Алаш азаматтарының арманы болды. Бүгінде қаладағы үш тілде білім беретін көпбейінді Шәкәрім атындағы мектеп-гимназиясының  іргетасы  сонау Алаш мектебінен басталады.

Алғашқы Алаш мектебі – бүгінде «Шәкәрім» атындағы мектеп-гимназияның 100 жылдық тарихы бар

-Тарихта аты «Алаш» мектебі атымен қалған, бүгінде Тәуелсіздіктің тұғырында Шәкәрім атындағы мектеп 2007 жылдан бастап Елбасының «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» жолдауы негізінде «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы кезендеп іске асыруда,-деді гимназия директоры Алма Әубәкірова,-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай біз де барымызды салып, жұмыс істеп жатырмыз. Біздің мектеп тарихына бойлағанымыз  - аға ұрпақтың өнегелі істерін, тәлімін болашақта еліміздің игілігіне, жастарымыздың тәрбиесіне жарата аламыз деген сенімнен туып отыр. Қазақ  халқы айтқандай,  «Тау шайқалса да, шайқалмайтын тарихымыз» жаңа бастамалар мен тың ойлармен, жақсы істермен, жалғасын табатыны сөзсіз. Семейде біздің мектепті ашуға алғаш бастама көтерген Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов. Алғашқы директоры (сол кезде завшкола) Хайрулла Ибрагимов Ленин орденімен марапатталған, «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген мектеп мұғалімі» құрметті атағы бар жан. Уфада  «Ғалия» медресесінде оқыған білім алған, мұғалімдік қызметін 1901 жылы медреседе (діни) сабақ беруден бастап, Совет үкіметі орнаған соң 1919-1920 жылдардан қазақ балаларына арналған бастауыш мектепте сабақ берген.  Осы Хайрулла Ибрагимовтың Ахмет Байтұрсыновпен бірге түскен сурет туралы Қайым Мұхамедханов мақала жазған болатын.

Алаш қаласында 1920 жылдан бірнеше бастауыш қазақ мектептері  болған, олар архивтегі материалда «Совет киргиз мектептері» деп аталған, сонымен қатар 1926-1927 жылдары қаланың бірнеше жерінде шаруа жастарының мектептері ашылады. Ал  1934 жылы №19,20 ШКМ мектептері бірігіп,  №5 қазақ орта мектебі болып қайта құрылады. Соғыс кезінде қыздар, ұлдар мектебі болып екіге бөлініп, контингент санының аздығына байланысты 1944 жылы аз уақыт аралығында аралас мектеп болады. 1952 жылы мектептің алғашқы түлектері болып 10 оқушы бітіріп шығады.  1991 жылы 28 июньде Семей қаласы облыстық білім басқармасының №202 бұйрығымен №5  орта мектебіне мектеп-гимназия мәртебесі беріледі.  1991 жылы 18 қыркүйекте Қалалық халық депутаттарының атқару кеңесінің №17-1440 шешімімен №5 мектеп-гимназия ғұлама, ойшыл, ақын Шәкәрім есімімен аталды. 2007 жылы 7 тамызда ҚР Білім және ғылым министрлігінің №387 бұйрығымен Елбасының «Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру жұмысының аясында  «Дарынды балаларды үш тілде оқытатын мамандандырылған мектеп деп танылған.

Айта кету керек, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы үш тілде оқытатын көпбейінді мектеп-гимназия директоры Алма Медетқызының 40 жылға жуық еңбек өтілі бар, жоғары категориялы  математика пәнінің мұғалімі. Ол жұмыс атқарған кезеңінде өзін іскер басшы, жаңашыл ұстаз, шебер ұйымдастырушы ретінде таныта білген жан. Директор ретінде басқаратын педагогикалық ұжым 2007 жылдан бері үш тілді білім беру бағытында нәтижелі жұмыс жасауда. 2015 жылы республикалық мамандандырылған мектептері арасында өткізілген «Үздік мамандандырылған мектеп-2015» сайысының ІІІ орын иегері атанса, 2017 жылы Облыс әкімінің «Орта білім беретін үздік ұйым-2017» облыстық конкурсының жеңімпазы болып танылған және  19 000 000 теңгенің сертификатына ие болған.  2017 жылы тиімділік қызметі бойынша қала мектептері арасында «Қаланың үздік инновациялық мектебі», 2018 жылы «Қаланың үздік білім беру мекемесі» аталымын жеңіп алды. Алма Әубәкірова ұстаз ретінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің иегері атанып, Елбасы Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына» арналған мерекелік медальмен, педагогикалық қызметтегі табыстары үшін Ыбырай Алтынсарин төс белгісімен марапатталған. Айта берсе, Алма Медетқызының да, ол басқаратын Алаш мектебінің де жетістіктері бір төбе.

- Семей қаласының сол жағалауы 1917-1927 жылдары Алаш астанасы болған еді,-деді Алма Медетқызы,-сол шағын ғана  Алаш қаласында деп аталған мектебіміздің іргесі әуел баста бастауыш мектеп болып қаланған. Бұдан кейін орта мектеп, кейінірек гимназия мектебі, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп мәртебесіне дейін қалыптасты.  2019 жылы мектебімізге - 95 жылдай уақыт болады. Осы жылдар аралығында мектебімізге Алаш арыстарының жанында жүрген Хайрулла Ибрагимов, алғашқы ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаев, майдангер Жұматай Темірбеков, Ұлы Отан соғысының ардагері Сүйінбике Махмұдова, Төкен Жұманов сияқты көптеген білікті директорлар басшылық жасады. 95 жыл ішінде мектеп 69 рет өз түлектерін ұшырып, шаруашылықтың алғашқы қалыптасу кезеңінде агроном, есепші тағы басқа мамандарды даярлауға ат салысты. Ұлы Отан соғысы уақытында ұстаздар мен түлектер Отан қорғауға аттанып, мектепте қалған оқушылар, ұстаздар мектеп ғимаратына орналастырылған жаралылар госпитальіне көмектесіп, майдандағы азаматтарды жылы киіммен қамтамасыз етуге араласты. Ғылым, спорт, өнер, еліміздің қорғанысы, шаруашылықтың түрлі саласында мектеп түлектері жемісті еңбек етіп, халқымызға абыройлы қызмет жасауда.

 Бүгінгі таңда мектепте әр жылдары білім алған оқушылар, түлектер қатарынан академик, 7 ғылым докторы, 20 -дан аса ғылым кандидаттары шыққан екен. Олардың қатарында ғалым, абайтанушы Қайым Мұхамедханов, академик Сейіт Қасқабасовтарды атауға болады. 28 спорт шеберлері, спорт шеберлігіне кандидаттар, олардың қатарында спорт әлеміне танымал ағайынды Манкеновтар да мектеп түлектері.  Мектептің 95 жылдық тарихында  түлектерінің  19 - ы Алтын медальға, 30-ы Күміс медальға, 38 -і «Алтын белгі» төс белгісіне, 109 - ы Үздік аттестатқа бітірді. Соңғы 3 жылда мектеп қабырғасынан шыққан талантты шәкірттеріміздің  23-і халықаралық, 31-і республикалық, 71-і облыстық ғылыми жобалардың, 12-сі республикалық, 68-і облыстық пән олимпиадасының жеңімпаздары атанған.

-Мектебімізде Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновпен кездесулер болды.  Олар бірнеше мәрте келіп,  тыныс - тіршілігімізбен танысып, оқу-тәрбие саласындағы жұмыстарымызға оң баға берген болатын,-дейді Алма Медетқызы. Мектебімізде «Тәуелсіздік тұғырындағы алаш мектебіне 90 жыл» тақырыбында ұстаздар мен түлектердің мерекелік бас қосуын ұйымдастырдық.  Баспадан мектеп түлегі, облыстық маслихат депутаты Марат Құрманбайдың демеушілігімен «Білімнің шежірелі ордасы» атты жинақ жарыққа шықты. Және осы депутаттың мұрындық болуымен «Рухани жаңғыру» кабинетін де аштық. Ардагер ұстаздар мен мектеп өміріндегі естеліктер туралы «Өмір-өзен» фильмін дайындадық.  Мектепте арнайы бұрыштар ашылып, осы мектепте орналасқан сайлау учаскесінен сайланған облыстық маслихат депутаты Ғ.Ибраевтың басшылығымен «Мәңгілік ел» тәрбие - білім орталығы жабдықталды. Академик С.Қасқабасов, ұстаз жауынгер Ә.Дүйсенбаевқа арналған кабинеттер ашылды.

 Мектепте қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев, жазушы Жүсіпбек Аймауытов ұстаздық еткен. Ал ақын Қ.Аманжолов білім алған, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедханов 1924-1928 жылға шейін осы қазақ бастауыш мектебіне оқыған. Осының барлығы Семейде ұлттық білім беруді жолға қоюға тырысқан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Мәннан Тұрғанбаев, Қаныш Сәтбаев, Тайыр Жомартбаев, Сейітбаттал Мұстафин, Хайролла Ибрагимовтардың өлшеусіз еңбегі деп атай аламыз.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА

«Егемен Қазақстан»

СЕМЕЙ