Аймақтар • 07 Наурыз, 2019

Мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек мәселесі елорда әкімдігінің ерекше бақылауында

1224 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Астана әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың төрағалығымен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелейтін отбасылардың әлеуметтік мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін көмек мәселесі елорда әкімдігінің ерекше бақылауында

Дөңгелек үстелде мүгедектігі бар балалар мен олардың ата-аналарының құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асыруға кедергі келтіретін проблемалар, оларды шешу жолдары қаралды. Шараға денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеттерінің, әкімдіктің құрылымдық бөлімдерінің, медициналық мекемелердің, ҮЕҰ-дың өкілдері және аналардың бастамашыл топтары қатысты.  

«Республика Президенті, Елбасы Н. А. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, соның ішінде көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп жатқан отбасыларға төленетін жәрдемақыны қалыптастыру және берудің жаңа тәсілдері енгізілетін болады», – деді Н. Нұркенов.

Ол мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық көмектің кепілдендірілген көлем аясында көрсетілетінін айтты. Қала әкімі орынбасарының айтуына қарағанда, аталмыш көмек жыл сайын қайта қаралып, оның көлемінің ұлғаятынын тілге тиек етті.   Бұдан бөлек, Нұрлан Нұркенов бұл мәселенің жүйелі шешімдерді талап ететіндігін алға тартты. Осы ретте ол халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік қызмет көрсетудің интеграцияланған моделін енгізу жөнінде комиссия құруды, барлық проблемалық мәселелер бойынша іске асырудың нақты жоспары бар Жол картасын әзірлеуді тапсырды.  

«Ерекше балаларға қоғамға, оның мәдени және рухани дамуына тарту үшін білім беру, кәсіби дайындық, медициналық көмек, еңбекке дайындық сияқты салалардағы қызметтерге деген ерекше қолжетімділікпен қамту маңызды. Аталмыш мәселе бойынша жүзеге асырылатын барлық іс-шаралар қала әкімінің ерекше бақылауында», – деді Н. Нұркенов.