Аймақтар • 09 Наурыз, 2019

ШҚО-да көпбалалы отбасыларға кепілсіз несие беріледі

1082 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Ауылда тұратын көпбалалы отбасылар үшін Шығыс Қазақстанда арнайы «Асыл ана» бағдарламасы жасалады. Оның негізінде бизнес бастауға ниетті отбасыға кепілсіз, 4 пайыздық үстемемен несие беріледі. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметов партияның XVIII съезінде Елбасы қойған міндеттерді түсіндіру үшін өткен облыстық актив отырысында айтты.

ШҚО-да көпбалалы отбасыларға кепілсіз несие беріледі

Партияның облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірде  партияның «Бақытты отбасы» жобасы аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды кешенді қолдауға арналған жеке бағдарламасын әзірленген. Осы ретте аймақта алдағы уақытта 3218 ерекше күтімдегі және көпбалалы отбасындағы балалар балабақша тегін барады. Ол үшін облыстық бюджеттен 266,4 млн теңге бөлініп отыр. Бұдан бөлек, «Жаппай оқыту» қорынан 28700 жеткіншекке мектеп формасын алу үшін 500 млн теңге жұмсалмақ. Ал студент балалар болса, колледжде тегін білім алатын болады. Қосымша шәкіртақы және ыстық тамақпен қамтылады.   «Президентіміз қойған міндетке сай біз әр отбасының әл-ауқатын көтеру үшін еңбек етуіміз керек. Шығыс Қазақстан облысының бюджеті әркез әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған. Жыл сайын бұл салаға құйылатын қаражат 53% немесе 230 млрд теңгені құрайды. Елбасы сондай-ақ, әлеуметтік саясат тең дәрежеде болу керектігін, яғни, бұқара арасында жалқаулық сияқты жат әдетті туғызбауы тиіс екендігін баса айтты. Мемлекеттің басты мақсаты – азаматтарды еңбекке баулу. Осыған орай, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы арқылы басымдық өз ісін ашуға ниетті көпбалалы отбасыларына  беріледі. Сонымен қатар, «Асыл ана» аймақтық жобасы да ауылдағы жанұялар үшін үлкен қолдау болмақ. Бұл мақсатқа 250 млн теңге қарастырылды. Жартысы жергілікті бюджеттен, қалған бөлігі «Атамекен» ҰКП арқылы, - деп атап өтті Даниал Ахметов. 

Халыққа әлеуметтік қолдауды арттыру және тұрмыс сапасын көтеруге бағытталған Мемлекет басшысы бекіткен ауқымды шаралар бойынша облыста сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқытулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, көп және ерекше балаларды тәрбиелеп отырған аналар үшін әлеуметтік жұмыс орындары, оның ішінде үйде қызмет ету мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр. Жалпы аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру үшін 16,7 миллиард теңге жұмсалмақ.  

Азамат ҚАСЫМ,

Egemen Qazaqstan»

ӨСКЕМЕН