Әлем • 11 Наурыз, 2019

Еуроодақты жаңарту қадамы жүзеге аса ма?

999 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Франция президенті Эмманюэль Макронның Еуроодақты жаңғырту жөніндегі бастамаларынан кейін сарапшылар қилы-қилы жорамалдар жасауда. 

 

Еуроодақты жаңарту қадамы жүзеге аса ма?

Жуырда Le Monde және The Guardian сияқты Еуропаның белді-белді және беделді басылымдарында жарияланған мақаласында Еуроодақты жаң­ғыртуға байланысты ойлары­мен бөліскен Э.Макрон тікелей Еуропа тұрғындарына қара­та өз бастамаларының басым­дық­тарын ұғындыруға тырысты. Сондай-ақ «Құбылған әлемнің талаптарына сай өркениетті қайта құруымыз керек дей келе, бұл жоспары Еуропаны тоз-тоз болып бөлшектенуден және оқшауланудан сақтайтындығын мәлімдеді. 

Сонымен, Эмманюэль Мак­рон қандай өзгерістер ұсынып отыр десек, біріншісі – Еуро­паны сыртқы қатерлерден қор­ғай­тын агенттік құру. Франция президенті бұл бастамасын Еуро­одақтағы бостандық пен демократияны қорғау деп топшы­лайды. Оның атауы да дайын – Еуропаның демокра­тияны қорғау жөніндегі агент­тігі. Оның жұмысы Одақ­тың әрбір мемлекетіне ақпарат­тық қитұрқылықтар мен кибер ша­буылдардан қорғанатын са­рап­шылық қолдау көрсету. Екін­шісі, Еуроодақ пар­тия­лары­­ның шетелдерден қаржы­лан­­дырылуына тыйым салу. Мұның мәні айтпаса да түсінікті. Ал үшіншісі – әскери әлеуетті арт­тыру және Ұлыбританиямен әс­кери ынтымақтастықты сақтап қалу. Қазіргі саяси сараптама­лар мен жорамалдарға сенсек, ағылшындар Еуропалық одақ­ты наурыз айының соңына таяу тастап шығуы мүмкін. Сон­дықтан да Макрон Еуропа мемлекеттерінің НАТО-мен арадағы келісімдерін жаңартып, әрбір мемлекеттің Еуроодақ ал­дындағы міндеттерін, әскери салаға бөлетін қаражаттарының көлемін қайта қарауды ұсынуда. 

Жалпы, Франция президенті бұ­ған дейін де қорғаныс мәселе­лерінде АҚШ-қа үміт арта бер­мей, Еуропаның өзіндік қорға­ныс әлеуетін нығайту туралы мәлім­деме жасаған болатын. Оның ішінде жалпыеуропалық жедел әрекет ету қызметі де бар.

Төртінші маңызды бастама Шенген аймағының шекара­сын шегендеуге байланысты болды. Бұл ұсыныстың қауіпсіз­дік­ке қатысты тұсынан бұрын, бос­қын­дарды қабылдауға қатыс­ты жағы таразының басын тартып тұр. Өйткені Франция прези­денті өз мақа­ласында Герма­ния­ның 1 ми­л­лион­дай мигрант қабылдап отыр­ған кез­де, Венгрия өз аума­ғына босқын­дар­ды кір­гізу­ден үзілді-кесілді бас тарт­ып, заң­­намалық деңгейде тыйым сал­ған­ды­ғына қынжылысын жасыра алған жоқ. 

Э.Макрон Еуроодақ аума­ғын­да біркелкі жұмысқа біркелкі жалақы төлеуді көздейтін «әлеу­меттік қалқан» құру, болашағы бар жобаларға инвестиция тар­ту, ауа қабатынан залалды қал­дықтарды азайтатын эколо­гиялық банк ашу туралы да ұсыныс­тарын жария етті. 

«Қуырдақтың көкесін түйе сой­ғанда көреміз», дейтіндей Макронның мәлімдемелеріне қатысты әріптестері мен сарап­шы­лардың болжамдарының жаңғырығы да негізгі мәселеден кем түсіп тұрған жоқ. 

Мәселен, Еуроодақ Кеңесі­нің төр­ағасы Дональд Туск Фран­ция прези­дентінің Еуропа­ны шетелдің ықпалынан қор­ғау жайындағы бастамасына қол­дау білдіргенімен, өзге ұсы­ныс­тары туралы есті­ме­ген, тіпті оқымағандай сыңай таныт­ты. Ал Испания премьер-ми­нистрі Педро Санчес әріп­тесі­нің бас­тамаларын толық қуат­тады. Сондай-ақ Германия канцлері Ангела Меркель мамыр айына жоспарланған Еуро­пар­ламент сайлауы алдын­да Еуропаның болашағы туралы пікірталастарды қолдай­тын­дығын айтты. 

Осындай пікір алуандығының әсері болар, қазір күллі әлем Эмманюэль Макронның жоспары жүзеге аса ма, жоқ па деген қалың ойдың құшағында қалды. Осы мәселеге байланысты пікір білдірген сарапшылардың көбі Франция басшысы өз жоспары арқылы АҚШ президенті Дональд Трампқа қыр көрсетіп, Еуропаның саяси-қаржылық, әскери-әкімшілік бұғаудан босауға ұмтылысын көрсетті деген жорамалдарын айтуда. 

Бұл, Кәрі құрлықты қым-қиғаш ете бастаған бастамаларды Макрон алғаш рет 2017 жылы Сор­бонна уни­верситетінде жасаған баян­дамасын­да көтеріп, Еуроодақты рефор­­малаудың жолын ұсынған болатын. Ол салық салу жүйесін үйлесімді ету, қаржылық келісімдерге жал­пы­­еуро­палық салық белгі­леу, сон­дай-ақ қор­ғаныс пен қауіп­сіздік салаларында жаңа жобаларды жүзеге асыруға шақырған еді. 

Ал былтырғы тамыз айында Париж­­де елшілер алдында сөйлеген сөзін­де қорғаныс пен сыртқы саясатта АҚШ-қа тәуелділіктен арылу туралы пікір білдірді. Арада екі ай өткенде Макрон мырза мен Меркель ханым еуроаумақтың инвес­тиция­ларға және инно­вацияларға арналған бюджетін жасақтауға уағдаласты. 

Жалпы, саясаткерлер қауымы Фран­ция президентінің бастамаларын оң бағалағанымен, мұн­дай реформалар Еуро­одақ­ты құрдымға жіберуі ық­ти­мал­дығын да жоққа шығар­майды. Оған бірінші кезекте Еуропа мем­ле­кет­терінің даму дең­гейі­нің әркелкілігі мен ұлттық ұстаным­дары әсер етуі бек мүмкін.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»