Аймақтар • 11 Наурыз, 2019

Дәрігер мәртебесін көтеру керек

2589 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

     Соңғы кезде қазақстандық қоғамда жұртшылық арасында педагог мәртебесін көтеру жөнінде кең ауқымды ой-пікірлер өріп жүр. Дұрыс-ақ, бұл – әбден толғағы жеткен мәселе. Сонымен бірге бүгінгі күні дәрігер мәртебесі жөнінде де әңгіме қозғаудың уақыты келген секілді. Өйткені елімізде дәрігерлердің құқығы бұзылатын кез жиі ұшырасатынын жоққа шығаруға болмайды. Айталық Ақтөбеде ақ халатты абзал жандарға пациенттер тарапынан анайы сөйлеу, дөрекі қылық таныту, тіпті қол жұмсау деректері тіркелген. Таяуда облыс орталығында араққа қызып алған ер адам пәтерге шақыру бойынша барған жедел жәрдем қызметкерлерін ұрып-соққаны – осының бір дәлелі.

Дәрігер мәртебесін көтеру керек

«Егеменнің» Ақтөбе қаласындағы тілшілер қосынына арнайы келген денсаулық сақтау саласының майталмандары Роман Рахиев, Тамара Сафронова және Сара Дәулетовалар осындай теріс көріністер жөнінде қынжыла баяндап берді. Денсаулық сақшыларының ар-намысын таптап, оның қызмет бабындағы іс-қимылына кедергі келтіріп, дауыс көтеруге кім құқық беріпті? Көлденең көк аттылар медицина қызметкерлерін зәбірлегені үшін ешқандай жауапкершілік арқаламай емін-еркін жүре бере ме? Ақ халаттылар адам өмірін қорғайды. Ал оларды кім қорғайды? «Осындай сансыз сауалдар біздерді еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанға» келуге мәжбүр етті», дейді олар. Біз Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы Роман Рахиев бастаған білікті де тәжірибелі аға буын медицина өкілдерімен кездесу барысында соңғы уақытта түйткіл туғызып жүрген өзге де жәйттерге қанықтық. Мұның біріншісі – Ұлттық скринингтік тексеруге қатысты мәселе. «Егеменге» келген, зейнет жасына жетсе де дәрігерлік қызметтерін жалғастырып жүрген жандардың мәлімдеуінше оның мәнін түсінбей жүрген өз денсаулықтарына салдыр-салақ, немқұрайлы қарайтын ағайындарымыз жеткілікті екен.

«Тұрғындар соңғы заманауи аппараттардың көмегі арқылы ағзаның барлық мүшелерін түгелімен тегін тексерістен өткізе алады. Зертханалық бақылаулар да ақысыз жүргізіледі. Сөйтіп қатерлі дерттердің алдын алуға болады. Әйтсе де дәл осылай істеудің орнына өнбес дау туғызып пайда бермейтін ашу-ызаның жетегінде кетудің қандай қажеті бар. Бұл әркімнің өзінің денсаулық алдындағы жауапкершілігінің жоқтығы емей, немене?! Тіпті, көлік екеш көлікті де жылына бір рет техинкалық тексеруден өткізбей ме? Ал кейін асқынған ауру бой бермей кетсе бұған да дәрігер кінәлі ме?!» деп толғанады Роман Рахиұлы.

Тілшілер қосынында дәрігерлер айтқан ой-тұжырымдарының кейбір үзіктері төмендегідей. Ұдайы дұрыс тамақтанып, салауатты өмір салтын ұстану - денсаулық кепілі. Денсаулық - жаратушының берген ұлы сыйы. Оған сауатты түрде күтім жасау парыз екені хадистерде де айтылған. Бұдан кейін де медициналық сақтандыру реформасы тақырыбына қарай ойысқан олар бұған қаншалықты әзір екенімізді анықтаудың пайдасы мол екенін жеткізді. «Дамыған елдердің бәрі осы жүйемен жұмыс істейді. Екіншіден, осы жүйе арқылы адамдар жұмыс істеуге, табыс табуға талпынады. Үшіншіден, өзінің жеке табысынан медициналық сақтандыруға қаражат төлеген кезде әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі арта түседі. Мұндай жағдайда екі жақтың мәртебесі де биік болады», дейді олар.

«Дертіне дауа іздеген жан дәрігерге сөз емес, ем іздеп келмей ме? Екеуінің ортақ бір мақсатқа ұмтылуы емдеу мен сауығу үдерісін тездете түседі. Өзара сенім осылай орнығады. Бұл емнің шипа болып қонуына апаратын тура жол. Екі жақтың ортақ ұйғарымы мен пікірі тиісті нәтижеге қол жеткізе алады. Әйтсе де, оны біржақты қабылдап, дәрігерлердің дәйекті дәлелдеріне келіскісі келмейтін клиенттер де бар. Соны алаулатып-жалаулатып ала жөнелетін «сары басылымдардың» қылығы қай қисынға сәйкес келеді», деді бұдан соң «Егеменге» келгендер.

Ал, керісінше, олар ағзаларды ауыстыру, микро-нейрохирургиялық және тамырға жасалатын күрделі оталар жөнінде ештеңе жазбайды. Қарапайым дәрігердің мерейі мен мәртебесін өсіруге ұмтылудан гөрі, оны даттауға әзір тұру сенсация қуатын ақпарат құралдарының дағдылы ісіне айналып барады. Дәрігер мың адамды ажалдан құтқарып, бір рет қана қателесуі мүмкін. Сол сәтте бұған дейін ол құтқарған мың өмір ескерілмей қалады. «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей дәрігер де қателесуі мүмкін. Өйткені, ол да - пенде. Мұндай жағдайда оны кінәлаудан бұрын мәселенің анық-қанығын толық зерттеп біліп алған жөн емес пе?! Бұл ретте орын алған өкінішті жағдайдың бәрі де тиісті сабақ алып алдағы уақытта мұндай қателікке бой алдырмаудың қамын бірге ойластырудың пайдасы мол. Туралап келген ажалдың алдында дәрігер де дәрменсіз екені хақ. Бұл арадағы басты мәселе сол ажалдың алдын алуға қам жасай білуде ғой.

Медицина мамандарының мәртебесін көтеру арқылы тұтастай денсаулық сақтау саласының қыры мен сырын, ағы мен қарасын айыруға болатыны белгілі. Біздің ойымызша қазіргі кезде ақ желеңді жандардың еңбегін ескеру мен қадыр-қасиетін өсіру жағы кемшін секілді. Олардың адамдарды ажалдан арашалап алып қалып жүрген ғажайып сәттерін дәріптей алмай жүрген жоқпыз ба? Денсаулық сақтау саласы өкілдерінің бұл ойлары да орынды екені анық.

Қазіргі кезде мемлекет тарапынан медициналық көмекке берілетін қаржы мөлшері қомақты. Саладағы қызметті үйлестіру мен ұйымдастыру ісінде ең тиімді жолдар қолданысқа енгізілген. Тәжірибелі дәрігерлердің айтуынша, тұрғындар тарапынан мұндай жаңашылдыққа да қолдау аз. Тіпті кейбір топтар оны мүлдем түсінгісі келмейді. Неге біз саяси-қоғамдық өзгерістер мен сән үлгісінің жаңалығын немесе валюта бағамының құбылуын қабылдаймыз да, денсаулық сақтау саласындағы жаңа үрдістерге селсоқ қараймыз.

«Соның бірі - күндізгі емдеу жүйесі. Бүгінгі емханалардың материалдық-техникалық базасы мен кадрлық әлеуеті алпыс түрлі ауруды амбулаториялық жолмен емдеуге қабілетті. Бұл мәселе жан-жақты зерттеліп, сараланып әрі кәсіби талқылаудан өтіп қолданысқа енгізілген. Осы арада денсаулық сақтауды ұйымдастыру ісінде эксперименттердің болмайтынын айтқымыз келеді. Өйткені, кез келген мемлекеттің басты байлығы - адам. Оны сынаққа салуға бола ма? Сондай-ақ бүгінгі кезде тұрғындар портал бойынша кезек күту мәдениетін үйренгенін, жоспарлы түрде емделу тәртібін түсінгенін қалаймыз», дейді «Егеменге» келгендер.

Стационар негізінен жедел әрі аса шұғыл медициналық көмекті қажет ететін жағдайда ғана пайдаланылуға тиіс. Бұл үшін жедел жәрдем қызметі тұрақты жолға қойылған. Осы орайда жедел жәрдем көлігінің жолындағы кептелістер, өзге жүргізушілер тарапынан оған жол беру мәдениетінің төмендігі, көптеген мекенжай деректірінің тиянақсыздығы да кездеспей тұрмайды. Мұндай кезде «Жедел жәрдемді» жерден алып, жерге салатындар да бар. Осылай дей келе Роман Рахиев, Тамара Сафронова және Сара Даулетовалар қоғамда дәрігерге деген көзқарасты өзгертетін, оның төрдегі орнын қайтарып беретін уақыт жеткенін мәлімдеді. «Біздің тұрғындар тым шетелшіл. Отандық дәрігерлердің кәсіби шеберлігін мойындай бергісі келмейді. Мұндай әдеттен арылған жөн. Өйткені қазіргі кезде қазақстандық дәрігерлердің біліктілігін таяу және алыс шетелдердегі клиенттердің өздері мойындай бастады», дейді сала шеберлері.

Дәрігерлер қашан да қоғамдық деңгейдегі құрметке әбден лайықты. Әйтсе де ылғи бұлай бола бермейді. Бізді осы мәселе алаңдатады. Сондықтан да бұған қатысты көкейде жүрген ойымызды «Егеменге» жеткізгенді жөн көрдік дей келе олар өз ой-пікірлерінің бас басылымда жарық көруін қалайтынын айтты. Әлбетте аманатқа қиянат жасауға болмайды. Сондықтан да «Егеменге» арнайы келген денсаулық сақшыларының дәрігер мәртебесін көтеруге қатысты кең ауқымды ой-пікірлері мен тұжырымдарын газетімізге жолдағанды жөн көрдік.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ