Қазақстан • 11 Наурыз, 2019

Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер беруде Шымкент қаласы көш бастап тұр

1240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтер беруден Шымкент қаласы көш бастап тұр.

Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер беруде Шымкент қаласы көш бастап тұр

«Баспана» иоптекалық ұйымы таратқан статистикалық мәліметтерге сүйенсек,  алдағы уақытта республика бойынша аталған бағдарлама арқылы 3 355 пәтер кілті табыс етілмек. Ал, осы тұрғын үйлердің   1282-сі Шымкент қаласында тиесілі. Көпқабатты тұрғын үй кілтін табыстайтын өңірлердің үздік үштігін Ақтөбе мен Солтүстік Қазақстан облыстары жалғап тұр. Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында  көрсеткіш көңіл көншітпейді.

Бұған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша тұрғын үй жергілікті әкімдіктер мен тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары арасында беріліп келген болатын. Іске асыру ережесіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жыл басынан бастап «Нұрлы жер» арқылы тұрғын үйге «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар да қол жеткізді.

Егер нарықта тұрғын үйді сатып алу кезінде «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар пәтерлерді құрылыс компанияларының сату бөлімдері арқылы таңдаса, онда мемлекеттік тұрғын үй болған жағдайда пәтерлердің бар-жоғын және сипаттамасын жергілікті әкімдіктерден нақтылау қажет.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында негізінен 1, 2, 3 бөлмелі пәтерлер салынады. Әкімдіктер арқылы тұрғын үй сатып алған жағдайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша ай сайынғы төлемдердің болжамды есебі әртүрлі.

Мәселен, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларындағы пәтерлердің ай сайынғы (қарыз мерзімі 25жыл болған кезде) төлем құны 1 бөлмелі пәтерге 37 317 тг, 2 бөлме үшін 50 888 тг болса, 3 бөлмелі пәтер үшін 66 154 тг төленбек.

Қалған өңірлердегі тұрғын үйлердің әр айдағы төлем құны жоғарыда аталған қалалармен салыстырғанда  төмен болып отыр. Олар жеке-жеке 1 бөлмеге 29 400 тг, 2 бөлмеге 39 579 тг, 3 бөлмеге 51 453 тг төлем жасайды.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент