Аймақтар • 12 Наурыз, 2019

Талдықорғанда Digital agent таныстырылды

965 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Талдықорғанда Digital agent  мобилді қосымшасының таныстырылымы өтті. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің бастамасымен өткен шараға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ облыстық филиалының, Мемлекеттік кірістер департаментінің,  Еңбек және әлеуметтіқ қорғау министрлігі департаментінің өкілдері қатысты.

Талдықорғанда Digital  agent таныстырылды

Digital agent мобилді қосымшасы мемлекеттік қызметшілердің жұмыс сапасын саралауға жол ашатын құрылғы. Әсіресе, шенеуніктердің жұмысына қатысты жиі сын айтатын тұрғындар үшін бұл таптырмайтын мүмкіндік болмақшы. Қосымшаның жұмысы да қарапайым. Оны телефонына көшіріп алған адам нақты уақыт режимінде ХҚКО, Қаржы Министрлігі мен Еңбек және әлеуметтіқ қорғау министрлігі салаларында көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау мүмкіндігіне ие болады. Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау негізінен қызметкердің сыпайы болуын, кәсіби этикаға сай жұмысын істеуін және басқа да  әкімшілік кедергілердің алдын алуы бойынша  сарапталмақ.  

- Мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау үшін аталған қосымшаны App Store, Play Market сервистері арқылы жүктеп алу қажет. Қосымшаны орнатқаннан кейін, тіркеуден өтіп, өзіңіз бағалағыңыз келетін қала мен ұйымды таңдау керек. Қандай да бір сұрақтар немесе мәселелер бойынша азаматтардың өтініштері түскеннен кейін, мемлекеттік қызметті берушілер кемшіліктерді 5 минут ішінде жоюы қажет. Егер мемлекеттік қызметті берушілер өз уақытыңда кемшіліктері жоймаған кезде, біздің агенттіктің аумақтық бөлімшелері мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауда құзыретті органы ретінде өз өкілеттігі шегінде азаматтардың өтініштерінде көрсетілген мәселелерді шешуге ат салысатын болады, - дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің өкілі Сымбат Исрапулова.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы