Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Отан тарихын жазудың жаңа кезеңі

1172 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген тақырыптар менің жаныма жақын, онда антрополог тарихшы ретінде ортақтасар өзекті мәселелер баршылық екен. Бұл ретте ата тарихымыздың қат-қабат қыры мен сырына тарихшы ретінде толғанып, соңғы жылдары баспадан шыққан зерттеу еңбектерін шола қарастырып отырып, өзім бұрыннан жақсы білетін танымал түрколог һәм синолог, тарихшы Әлімғазы Дәулетханның «Ежелгі және орта ғасырдағы түркілер: тарихи зерттеулер (Астана, 2018 ж.) атты кітабын қолыма алып, шұқшия оқып шықтым. 

Отан тарихын жазудың жаңа кезеңі

Жасыратын несі бар, Кеңес өкіметі кезіндегі Отан тарихы саласының тым артта қалғанын, әсіресе, түркология ғылымының шет­қақпай көріп, дамымай қал­ғанын мойындай отырып, Ә.Дәу­лет­ханның осы еңбегінің мән-маңызына арнайы тоқтала кетуді жөн санадым.

Бұл күндері баршаға мәлім бол­ға­нындай, қазақ тарихы мен түрко­ло­гия ғылымы орыстық және еуро­па­цент­ристік астамшылықтың қыс­пағы­на түсіп, алға жылжудың орнына, басқан аяғы кері кетіп, тоқырауға ұшырады. Осы салаға қалам тартқан ғалымдар қуғын-сүргінге ұшырап, кітаптары станокта туралып жатқаны кешегі күннің қалыпты жағдайы болатын. Баспа бетін көріп, насихатталған кеңестік түркологиялық зерттеулер Ресей ғалымдарының қолымен тек қана орыс тілінде жазылды. Ал осы зерттеусымақтардың бәрінде дерлік түркі халықтарын кемсітіп, олардың көне тарихы, мәдениеті жоқ, жартылай жабайы тобырлар ретінде көрсетіліп келгенін білеміз.

Ресей түркологтарының арасынан бір ғана шығыстанушы С.Е.Малов қана түркі халықтары­ ең байырғы халықтардың бірі еке­нін жан-жақты дәлелдейтін көптеген бағалы зерттеулер жазып жариялады. Оның жазғандарына қарамас­тан, өткен ғасырдың ортасын ала түркі халықтарының көне тарихын зерт­теушілер алдына аттап өте алмас тос­қауыл қо­йылды. Сол бойынша шектеулі ай­мақтың шегі сызылып, түркі халықтарының көне тарихы тек заманымыздың VІ-VІІ ғасырларынан басталады дегенді дәлелдеуге барын салды. Осының бәрі Отан та­ри­хының адымын аштырмады. 

Осының нақты бір көрінісін атал­ған кітаптың атауынан-ақ және жария­ланып отырған еңбек­тің маз­мұнынан айқын көре ала­мыз. Бұл жерде баса айтып кете­тін жайт – ол Ә.Дәулетхан­ның түр­ко­лог-синолог болып қалып­тас­қан­дығының арқасында әр тарихи дәуірде, әлемдік бірнеше тілде жа­зыл­ған деректерді қаз-қалпында оқи алатындығы, яғни қазақша, қы­тай­­ша, түрікше, ұйғырша, өзбек­ше, татарша, орысша, т.б. құжат­тарды пайдаланғанда олар­дың тіл үн­дес­тіктеріне шейін аса мән беріліп, жан-жақты сараланып және салыс­тырмалы түрде қарас­тырылатыны өте ұтымды ізденіс болып саналады.

Сонымен қатар Ә.Дәулет­хан­ның жеке басының рухани негізі мен ғылыми ынталылығы тек ұлт­тық-түр­кілік тұғырнама аясын­да қалып­тас­қанын байқатады. Мұн­дай азаматтық сезім қазақ хал­қы­ның сырлы да, қилы тари­хын жанашырлықпен жазуға ба­ғыт­тайды. Өйткені егеменді заманға дейін бұрын-соңды хал­қы­мыздың көне тарихы мен этно­мәдениетін, шынтуайтына кел­генде, ұлттық мамандардың тұр­ғы­сынан жазу мүмкіншілігі өте аз болғандығы және олардың бәрі опасыз Кеңес дәуі­рінде орынсыз реп­рессияға ұшы­рап дүниеден озған­дары бар­лы­ғымызға мәлім. Осын­шама қиын­шы­лықтан кейін Ә.Дәу­лет­ханның атал­ған моно­гра­фия­­сын бүгінде Қазақ елінің Отан та­ри­хы тепе-теңдік деңгейінде бас­­тау алып жазылған еңбектердің бірі деп бағалаймыз.

Ал еңбектің ғылыми құндылы­ғы­на келетін болсақ, онда Түр­кеш қа­ға­натына толық ізденіс жа­сал­ға­­нының өзі-ақ көп нәрсені аң­ғар­та­ды. Түркі тайпалары әйгілі серпіліс алған кезеңнің бірі VІІІ ғасыр болғандығы, оның қауым­дастық құрылымы мен әлеу­меттік және экономикалық тір­шілігі бұрын-соңды нақтылы сипат­талмаған болатын. Түркеш қағанаты өз заманында 75 жылдай күш-қуатын Таң патшалығының алдында ай­қын көрсете білгендігі кітапта орынды жа­зылған. Та­рих­шы көне Қазақ жұртын мекен­­­дегендердің егемендікке тал­­пы­­­ны­­сының алғашқы үлгісін ай­та­р­­­лық­­тай көрсете білсе, бұл жайт оқыр­­­ман­дарға тұңғыш рет дәлелді түр­де жеткізіліп отыр. Сөйтіп Отан тари­­хын­да Түркеш қаға­натының алатын орны айқын­далып, айтарлықтай ғы­лы­ми жаңа­лық ретінде қабылданды. Өйт­­­­кені кешегі Кеңес дәуірінде б.д. І мың­­­­жылдығында Батыс және Шығыс түрік қағанаттарынан бас­қа түркітектес халықтардың еш­­бі­рі­нің мем­лекеті болмаған деген ұс­танымның дә­лел­сіздігіне көне Қазақ жұртында өмір сүрген Түркеш қағанатының қоғам­дық құ­рылымы айқын дәлел бо­ла ала­ды. Келешекте халқымыздың ор­та ға­сырдағы этномәдениетін си­пат­тағанда Түркеш қағанаты өзінің тиісті тарихи орнын таба алады деген үміттеміз.

Кітаптың екінші бөлімінде ежелгі және орта ғасырлардағы бұрын-соңды ескерілмей келе жатқан үлкенді-кішілі түркі тайпаларына қатысты тарихи деректер мен сын пікірлерге орынды назар аударылған. Әрине бұл арада олардың бәріне сипаттамалар беруге біздің мүмкіншілігіміз жоқ. Сондықтан арасынан тарихнамада көптен бері ғалымдардың назарында болса да дұрыс шешімін таба алмай, түрліше жазылып келе жатқан этнотерминнің бірі хұн атты тайпаға назар аударғанды орынды көріп отырмыз. Өйткені бұл этнотермин туралы күні бү­гінге дейін талай атақты Еура­зия ғалымдары нақтылы еш­теңе айта алмағаны аян. Ал қытай жылнамаларына терең үңі­ліп, атал­ған этнотерминнің үндес­тігіне ше­йін назар аударып, алғаш­қы қана­ғаттанарлық этнотарихи түсінікті беріп отырған да Ә.Дәулетхан десек, қателеспейміз. Және атақты түрік тарихшысы Баһаддин Өгел­дің «Ұлы хұн империясының та­ри­хы» (1998 ж.) атты екі томдығын қазақшаға аудар­­ған да Ә.Дәулетхан екенін айта ке­те­йік. Аталған ғалымның еңбек­те­рін оқып, дұрыс түсінік алған оның айтуын­ша, хұндар ешқашан да моң­ғол тек­ті, тұң­ғұс текті, тіпті кей­бір еуропалық зерт­теу­шілер бол­жам­­дағандай, фин, иран, угор текті де болған емес, нағыз түркі нәсіл­­ді халық. Автордың бұл тұжы­ры­мы, біз­діңше өте орынды және тарихнамада ескерілетін жайт болуы тиіс.

Ә.Дәулетхан ғұн этнотерминіне орай көптеген қытай жазба дерек­терінің тікелей түпнұсқасына сүйе­ніп, «хұн» сөзінің айтылуы мен жазылуына үлкен мән береді. Өйт­кені әрбір зерттеушінің қытай иероглифін өзінің ыңғайына қарай икемдеп алатыны байқалады. Жалпы, хұндарға байланысты автордың мына бір көзқарасы тарихнамада ескерілуі қажет секілді. «Хұн сөзінің айтылуы мен оның этимологиясы жөнінде, – деп жазады синолог, – ғасырлардан бері айтылып келе жатқан сөздер өте көп болса да соңғы кезде «хұн» сөзінің түріктердің «күн» сөзінен келіп шыққанына тоқтаушылар басым. Оған екі уәж келтіруге болады: біріншісі – хұндар тәңірлік наным-сенімдері бойынша көкке табынушылар болғандықтан, өздерін «Күндер», «Күн перзенттері» деп атауы – табиғи нәрсе. Міне, сол «Күндер» басқа халықтардың дыбыстау, сөйлеу мәнерлері бойынша «һундер, ғұндар, гүндер, хоньюндер, хуннулар, сюннулар», т.б. деп түрліше аталып кетуі әбден мүмкін».

Солай дей тұра хұн мәселесі ғылы­ми шешу жолдарының қиыншы­лық­тарын Ә.Дәулетхан былай тұжы­рым­дайды: «Бір ғана «хұн, ху» атауы­ның этимологиясын ашу жолында әлі талай ұрпақ басын қатырар».

Аталған кітаптың ІІ бөліміне топ­тас­тырылған тақырыптардың әр­қай­сы­сына жеке-жеке тоқталуға мүм­кіндік жоқ. Әйтсе де, ондағы «Қытай жыл­нама­л­арындағы мәде­ниетімізге қатыс­ты деректер», «Атлах-Талас шайқасы», «Үйсін-Дулат шежі­ресінің зерттелуі жөнінде», «Чигу қаласының тарихи орны туралы» және «Табғаш, чин-машин, қытай, қара қытай атаулары жөнінде» атты зерттеу еңбектерінің танымдық, ғылыми мән-мағынасы айтарлықтай екенін атап өтуге тиіспіз. Әсіресе «Атлах-Талас шайқасының» (751 жыл) қалай болғаны: оның Орталық Азия мен Қазақ елі аумағында жасап жатқан түркі халықтарының аумақ­тық, саяси, мәдени-рухани өр­леуі­не еткен орасан зор ықпал-әсерін өте нанымды тарихи жазба деректер арқылы тиянақты дәлелдеген. Ал бір ғана «Табғаш» атауына қатысты ша­тас­қан қаншама атаулардың этимология­сы мен тарихи, саяси, еларалық қарым-қатынас­тар­ға байланысын ашып көр­сете алға­ны түркологтар мен отан­дық тарих­шылардың назарын аударуға тиіс деп санаймыз.

Қазақ елі тарихының арғы бастаулары мен қат-қабаттарында жасырынып жатқан дереккөздерін айналым­ға түсір­мей толық кемел тарих жазу мүм­кін емес екенін жете түсінген Елба­сы Нұр­сұлтан Назарбаев ежел­гі дәуір­ден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамти­тын барлық отандық және шетелдік мұра­ғат­тар дүниесіне елеулі іргелі зерт­­теу­лер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағ­дарламасын жаса­уы­­мыз қажет екенін атап көрсетуі жай­дан-жай еместігі осы арада анық аңғарылады. 

Осыны ескеріп, Ә.Дәулетхан сияқ­ты біршама әлемдік тілді меңгеріп, сол тілдерде жазылып қалдырылған мол деректерді салыстыра саралап ба­рып, өзіндік дербес ой қорыта алатын тарихшыларымызға барынша қол­дау көрсету керек демекпін. Әрі қазақ халқының тамыры терең тарихын жан-жағымызға жалтақтамай, аза­маттық тұғырнамаға табан тірей оты­рып жазуға бел байлауымыз қажет. 

Оразақ СМАҒҰЛОВ, 

ҰҒА академигі, Болония академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы