Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

  Үйсіз-күйсіз жандарды қамқорлығына алып отыр

1101 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының тұрғыны Неля Штайнбернер тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарға көмектесуді өмірлік ұстанымына айналдырған.

  Үйсіз-күйсіз жандарды қамқорлығына алып отыр

Қазіргі ол тағдырдың жазуымен өмірдің түрлі  тәлкегіне ұшыраған 8 адамға  барынша қолдау көрсетіп, үйін паналатып отыр. Бірқатарының құжаттарын жинап, рәсімдеп, жұмысқа  орналастырған. Бұдан тысқары  бейімдеу орталығында тұрып жатқан мүсәпір жандарға  күн сайын  тамақ дайындап апарады. Бұған сатушылық қызметін қоссаң, бәріне қалай үлгеретініне таң қаласың.

Жұмысшы кентінде орналасқан ұядай үй жып-жылы. Онда тұрушылардың  тамағы тоқ, көйлегі көк. Солардың бірі Евгений Степанов отбасымен дәм-тұзы жараспай кетіп қалыпты. Содан ішкілікке салынып, саршұнақ  аязда аяғын үсітіп алыпты. Тізеден жоғары кесуге тура келіпті. Неля Михайловнаға алғысы шексіз.

Неля Штайнбернер далада қаңғып қалған адамдарға 2015 жылдан бері жүйелі түрде көмектесіп келеді. Оған мына жайт себеп болған.  Онкологиялық ауруға шалдыққан оған дәрігерлер «сенің жазылуың  екі талай» деген үкім шығарса керек. Өмірге деген құлшынысы, бойындағы туабітті қайсар мінезі дерттен айықтырып, сол күннен бастап қайырымдылықпен айналысуға бел буған.

«Қартайған адамды қалай далада қалдыруға болады? Көз алдыме еш елестете алмаймын. Бәріміз  бір анадан туғандай тату-тәттіміз. Қиыншылықтарды  бірлесіп еңсереміз. Рахымы мол тұрғындар киім-кешек әкеп береді, азық-түлікпен көмектеседі», дейді Неля Михайловна.

Ол бүгінде Қызылжар ауданы  Боголюбово ауылында  үй-күйі жоқ кезбелерге орталық ашу мақсатымен  қаражат жинастыруда.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы