Қазақстан • 14 Наурыз, 2019

«Бастау» жобасы бойынша оқытудың бірінші легіне 400-ден астам қарағандылық қабылданды

1017 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында «Атамекен» ҰКП-нің «Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту үшін бірінші лек жасақталды. Курстар 14 наурыздан аймақтар бойынша басталады. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бастау» жобасы бойынша оқытудың бірінші легіне 400-ден астам қарағандылық қабылданды

Үміткерлер кәсіпкерлік қабілеттері бойынша арнайы іріктеу тестілеуінен өтті. Оның қорытындысы бойынша, оқуға 417 адам қабылданды, оның ішінде 50 көпбалалы ана бар.

Жоба бойынша оқу 25 күнге жалғасады. Тыңдаушылар шәкіртақы алады. Дәрістерді кәсіби дайындалған бизнес жаттықтырушылар оқиды. Курс 200 сағатқа арналған, оның 80 сағаты теорияға, ал қалған бөлігі тәжірибе мен әр қатысушымен жеке жұмысқа жұмсалады.

- Осы кезең аралығында тыңдаушылар өз бизнес идеяларын жүзеге асыра алады, кәсіпкерліктің дағдыларын терең меңгереді, барлық тиімді және тиімсіз тұстарын зерттейді. Біз тек бизнесті қалай ашып, оны жүргізуді ғана үйретпейміз, біздің мақсат – барлық ісін бастаушылар жіберетін қателіктерге жол бермеуді үйретеміз, - дейді «Бастау» жобасының облыстағы үйлестірушісі, аймақтық кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің сарапшысы Әсем Бұхарбаева.

Жобаның әр қатысушысы соңында комиссия алдында өзінің бизнес жоспарын қорғайды. Тәлімгерлер нарықтағы сұранысқа бағдарлап, қажетті бағыттарды табуға көмектеседі.

Өз ісін бастаушы кәсіпкерлер бизнес идеяларын жүзеге асыруға қолдаулар алады. Сараптама көрсеткендей, негізінен жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығына, қызмет көрсету салаларына қатысты. Бастапқы сомма қомақты емес – 2-6 млн теңге көлемінде.

«Бастау» жобасы әсіресе ауыл адамдарына көп көмегін тигізуде. 2018 жылы облыста 1989 жұмыссыз және өзін еңбекпен қамтушылар оқытылды. Қарыз және грант түріндегі қаражаттар ауыл тұрғындары тарапынан ұсынылған 800 жобаға берілді. Жалпы соммасы – 2,5 млрд аса теңгені құрады.

Қарағанды облысы жобаны сәтті жүзеге асыруда, дейді үйлестіруші. 2019 жылы «Бастау» аясында кәсіпкерлік негіздеріне 1000 адам оқытылады деп жоспарланған.

«Атамекен» ҰКП жобасы 2017 жылдан жүзеге асырылып келеді және ол бірінші кезекте жұмыссыз және өзін еңбекпен қамтушыларды бизнес негіздеріне оқытуға бағытталған. Ол нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бөлшегі болып табылады.

Жобаға қатысу сұрақтары бойынша кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалдарына жүгінуге болады.