Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Мұқтаж жандар әлеуметтік қолдаудан тыс қалмайды

972 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Он төртінші наурыз еліміздің батыс өңір­лерінде жылдың басы деп саналып бұл күн ежелден көрісу, амал мерекесі ретінде аталып өтіп жүр. Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтің ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің Ақтөбе облысына сапары осындай халықтық мерекемен тұспа-тұс келді. 

Мұқтаж жандар әлеуметтік қолдаудан тыс қалмайды

Үкімет басшысының орын­басары сапар мақсатын ел-жұрт­қа түсіндіру алдында «Жұбанов­тар әлемі» орталығына жинал­ған жүз­деген тұрғындарды, көп бала­лы аналар мен қоғам­дық ұйым өкілдерін көрісу күні­мен құт­тық­тағаны жылы әсер қалдырды. 

– Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясы кезекті XVIII съезінде еліміздегі мұқ­таж азаматтарға, көп балалы отбасылар мен аналарға әлеу­меттік тұрғыдан қолдау көр­сетудің жаңа реформасын жария етті. Осыған байланысты үкіметтік жұмыс тобының қыз­меті республикамыздың батыс өңірлерінен басталып отыр. Мұндағы басты мақсат тұрғын­дарға тиесілі ең төменгі табыс көзін көбейту, білім мен ден­саулық сақтау салаларының қыз­метін жаңа сапалық деңгейге көтеру және өңірлердің дамуы­на тың серпін беру. Бұл үшін мемлекет қазынасынан 2,3 трил­лион теңге бөлінді, – деді Гүл­шара Наушақызы. Премьер-Министр­дің орынбасарының айтуынша, ел азаматтарына жаңа әлеуметтік қолдау көрсету бағдарламасының ауқымы өте кең. Сондықтан да Елбасы қойған талаптар мемлекет пен қоғам­дық ұйымдар, еліміздің түкпір-түкпіріндегі ақсақалдар алқасы және «Нұр Отан» партиясының белсенділері өзара бірлесіп, іс-қимыл танытқанда ғана тиісті нәтиже бере алады. Сол үшін де бүгін өздеріңізбен кездесіп, ой-пікір алмасуға арнайы келіп отырмыз, – деді вице-премьер. 

Бұдан кейінгі кезекте ақпа­раттық түсіндіру жөніндегі үкі­мет тобы мүшелері сөз алып әлеу­меттік қамқорлық мәсе­ле­леріне қатысты нақты атқары­ла­тын шаралар жөнінде айтып берді. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Бердібек Сапарбаев тұрғындардың тұрмысы мен өмірінің сапасын жақсарту ісі ең алдымен жалақы мөлшерін өсіруден бастау алатынын мәлім­деді. Соның ішінде бюджет қыз­меткерлерінің жалақысы 15-30 пайызға дейін көтерілмек. Оның аясы кем дегенде бір миллион адамды қамтиды.

Министр атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мен төлеу тәртібі туралы айта келіп, бүгінгі күні республикада оның мөлшері 70 пайызға өскенін, бұған 830 мың­нан астам тұрмысы төмен азаматтар тартылғанын айтты. Бұған қоса жұмыс орындарын ашу мен қосымша мамандықтарға оқыту мәселе­лері әлеуметтік қолдаудың бір тетігі ретінде қарастырылады. Б.Сапарбаев бұл ретте бір от­б­асының үлгісінде атаулы әлеу­меттік көмек берудің мән-жа­йы­на жеке тоқталып, алдағы кез­де оның көлемі 63 пайызға көбе­йе­тінін алға тартты. Ауыл тұрғын­дарын қолдау, жеңілдікпен несие беру мәселелері туралы да сала басшысы нақты деректер келтірді. 

 Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова өз сөзін­де ел өңірлерінен мектеп ғима­раттарын салуға сұраныс көп екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, тәуелсіздік жылдарында 1672 мектеп салынған. Соңғы үш жылда Ақтөбеде тоғыз білім ордасы бой көтерген. Білім сапасы ең алдымен мұғалімнің біліктілігіне байланысты. Сондықтан да қазір елімізде педагог мамандарды қайта әзірліктен өткізудің жаңа жобасы белгіленді, – деді Күләш Ноғатайқызы. Алдағы жылдары химия, биология, физика және информатика пәндерін жоғар­ғы сыныптарда ағылшын тілін­де оқытуға байланыс­ты тілді үйренуге бөлінетін қаржы көлемі едәуір ұлғаяды. Соны­мен бірге Қазақстан тарихы мен географиясын оқып үйре­нуге арнал­ған қосымша бағдар­ла­­малар белгіленбек. К.Шәм­ши­­­динова жоғары оқу орын­дары­­ның рейтингі алдағы кезде түлек­тер­дің жұмысқа орналасу деңгейі­мен анықталатынын атап көрсетті. 

Денсаулық сақтау ми­нистрі Елжан Біртанов меди­ци­на­­лық қызметтің сапасы мен қол­­ж­етімділігін көтеру жөнін­де тың іс-шаралар жоспары бел­гі­ленгеніне тоқталды. 

Биылғы жылдың бірінші шілдесінде дәрігерлер мен орта буын медицина қызмет­керлері­нің жалақысы өседі. Ауыл­дық фельдшерлік-акушерлік қо­сын­дар мен жедел жәрдем бри­га­дасы мүшелері жалақысы отыз пайызға көтеріледі. Жалақы өсі­мі еліміздегі отыз мың дәрігер мен 225 мың орта медицина қызмет­кер­лерін қамтиды, – деді министр.

Бұдан кейінгі кезекте Ин­дус­триялық және инфрақұрылым­дық да­му министрлігі, Құрылыс жә­не тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық істері комитетінің төр­ағасы Мархабат Жәйімбетов респуб­лика қалаларының шет­кері аймақтарының инфра­құры­лымын дамыту, баспана мен ауыз су мәселелерін шешу жөнінде жаңа жобалар белгіленгенін жеткізді.

– Бұл орайда еліміздегі 340 мың көп балалы отбасы назардан тыс қалмайды. Елімізде соңғы жылдары 12,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Рес­публикадағы 18 млн 320 мың тұрғынға шаққанда бұл ТМД көлеміндегі ең жоғарғы көрсет­кіш, – деді комитет басшысы.

Сондай-ақ кеше Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әб­ді­қалықова мен Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалинмен өңірдегі бірқатар көп балалы отбасылар мен аналардың үйіне бас сұғып, олардың тұрмысымен тан­ысты. Бүгін Үкімет басшысы орынбасарының Ақтөбе облысына сапары одан әрі жалғасады.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»

АҚТӨБЕ