18 Наурыз, 2019

Қоларбадағы Азия чемпионы оқушыларды тегін жаттықтырып жүр

1221 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр жыл аяғында Алтай атауын иеленген ауданға жұмыс сапарымен барғанымызда осындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіндегі аумағы шағын екі бөлмеде қол күресімен шұғылданып жүрген жігіттермен жүздесіп, пікірлесудің сәті түскен. 

Қоларбадағы Азия чемпионы оқушыларды тегін жаттықтырып жүр

Бізді спорт мектебіне бастаған аудандық ішкі саясат бөлімі маманының «Мұнда қол күресінен Қазақстан мен Азия чемпионы жаттығады» дегеніне әуелде сеніңкіремегенім рас. Себеп – «осындай тар бөлмеде Азия чем­пионы қалайша жаттығып жүр?» деген ішкі күдік еді. Жоқ, жат­тығып жүр екен. Сергей Ан­дропов қоларбада отырып-ақ он екі мүшесі сау көп замандас­тары­мыздан артық қайрат көрсетіп, мүм­кіндігі шектеулі азаматтар ара­сында өз салмағында Қазақ­стан, Азия чемпионы атаныпты. Әлем чемпионатына барып, қо­лаға бір қадам жақындап, 4-орын иеленіпті. Бізді қоларбада кү­лімдей қарсы алған Сергей былтыр алтайлық екі жігіт – Медет Рақымов және Айнар Қасеновпен бірге «Zhas project» жобасына қатысып, бір миллион теңге ұтып алып, өздері жаттығатын зал­ды спорттық құралдармен жаб­дық­тағанын жеткізді. «1 миллион теңгеге жатып көтеруге қолай­лы орындығы бар жаңа штанга, қол күреске арналған төрт үстел, көп функциялы модуль, ал жоба аясында берілген стипен­дияға үшеуміз қосылып, әр­түрлі гірлер сатып алдық. Біздің мақ­сатымыз – Алтай қаласында армрестлинг спортын дамыту. Был­тыр біз жарты жыл бойы күн сайын жаттығу жасадық, әртүр­лі жарыстар өткіздік. Балалар­ды да, ересектерді де тегін жаттық­тырдық. Жоба тоқтап қалса да, осы ісімізді іркілтпей, әрі қа­рай жал­ғастырып жатырмыз. Осы ретте бізге екі бөлмесін еш­қан­­дай ақы сұрамай, тегін ұсы­нып отырған балалар мен жасөс­пі­рімдер спорт мектебінің дирек­торы Мұрат Байболовқа алғы­сымыз шексіз», – дейді Азия чемпионы. 

Бір кезде Сергейді жат­тық­тырған, қазір онымен бірге өзге­лерді қол күресіне баулып жүр­ген жоғарыда аталған мектеп­тің қызметкері, армрестлингтен жаттықтырушы Медет Рақы­мов­пен сөйлескенімізде 2018 жы­лы 40-тан астам баланы осы спорт түріне машықтандырып, шебер­ліктерін шыңдағандарын айтты. Қырық баланың ішінде құлағы дұрыс естімейтін, екінші топтағы және протезбен жүретін спортқа құштар балғындар да бар. Сергей Андропов екеуі қол күресіне құмар оқушыларды аптасына 5 рет жаттықтырады екен. Шәкірттері аудандық, облыстық жарыстарға шығып, біртіндеп нәтиже көрсете бастапты. Олардың арасында спорт шеберлігіне үміткерлер де бар. «Бізді аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов үнемі қолдап отырады. Спортшылардың жарыстарға баруына демеушілер тауып беруге көмектеседі. Алтайдың ауылдарындағы дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерімен келісіп, оқушыларын жарысқа шақырып тұрамыз. Бір ғана түйткіл, өзіңіз көріп тұрғандай, біз бөлменің тарлығына байланысты 10 баладан артық жаттықтыра алмаймыз. Оннан асса, ауа тарылып, сыймай кетеді. Әйтпесе қалада қол күресімен айналысқысы келетін балалар көп. Қысылмай-қымтырылмай спортпен емін-еркін шұғылданатын кеңірек зал болса деп армандаймыз. Үлкен зал болса, қол күресінің арасында жерге кілемді жайып жіберіп күресіп, груша қапты іліп, соққылап, денемізді қыздырып алуға да мүмкіндік туар еді», – дейді ол.

Екі бөлменің спортшыларға тарлық етіп жүргенін біз де байқағандай болдық. «Шіркін-ай, осындай спортқа құштар, кішкене бөлмеде жаттығып-ақ үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жүрген жігіттерге үлкен, кең де жарық спорт залдары қашан бұйырар екен?! Онда Азия емес, әлем чемпионы шығарына ешқандай күмәніміз болмас еді» дедік іштей. Шағын шаһардағы қол күресімен шұғылданып жатқан жігіттердің әңгімесінен түйгеніміз, Алтай есімін иеленіп, жаңа бағытқа бет бұрған қалаға жаңа, үлкен спорт модулі қажет секілді. «Қалада 12 мектеп бар. Соның үшеуінде мың баладан оқиды. Қалған мектептерде 500-600, кем дегенде 400 оқушыдан бар. Алайда шаһарда жаттығатын орындар аз. Бұл – балаларға да, ересектерге де қатысты. Әрине балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі оқушылардың спортпен шұғылдануына барынша мүмкіндік жасап отыр. Десек те, Алтай қаласында спортқа жаны құмар біз қатарлы тұрғындар саны жылдан-жылға көбейіп келеді. Олардың біразы «Қазцинктің» жаттығу залына барып жүреді. Онда бірде кіргізеді, бірде кіргізбейді. Сондықтан қаламызға оқушылардың да, жастардың да, жасамыстардың да спортпен шұғылдануына мүмкіндік беретін үлкен спорт модулі салынса деген тілегіміз бар», – дейді өзінің ғана емес, Алтайдағы спортқұмар жұрттың арманын жеткізген Медет Рақымов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы, Алтай қаласы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше