Аймақтар • 18 Наурыз, 2019

Қамқорлық – аса маңызды қасиет

2276 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет үшін адамға, оның материалдық жағынан әл-ауқаты болуына қамқорлық жасаудан аса маңызды міндет жоқ. Осы орайда «Нұр Отан» партиясының кезекті съезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленген, партияның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» бағдарламасы қабылданды.

Қамқорлық – аса маңызды қасиет

Бағ­дарлама Конституция­мызда баяндалған әлеуметтік құқықтар мен кепілдердің іске асырылуын толыққанды қам­та­масыз ететін, әлеуметтік тең­дікке бағытталған «халықтың әлеуметтік құжаты» болды. «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің алдына əлеумет­тік саясатты жүзеге асыру үшін табысты арттыру және халықтың аз қамтылған бөлік­терін қолдау; табысы төмен азаматтардың баспана мəсе­лесін шешу жəне білім беру, ден­сау­лық сақтау салаларын жақ­сарту, өңірлерді кешенді дамыту мәселесін қойды. Сонымен қатар осы мәселелерді шешу жолын көрсетті және қажетті қаржы бөлуді тапсырды. 

Жаңа жасақталған Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарын жүйелі жасап, бөлінген қаржыны дұрыс әкімшілендіріп, істеген жұмыстарының нәтижесін әділ, объективті бақылай алса оңды болар еді. Өйткені үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап бюд­жеттік саланың төмен жала­қылы жұмыскерлерінің, яғни денсаулық сақ­тау, білім беру, əлеуметтік қор­ғау, мəдениет, спорт, ауыл шаруа­шылығы жəне басқа салалар­да жұмыс істейтін азаматтық қыз­мет­шілердің еңбек ақысын 30 па­йызға дейін арттыруды; аудандық, облыс­тық дең­гейлерде тікелей аза­мат­тар­мен жұмыс істейтін ат­қару­шы органдардың төменгі қыз­мет­кер­лерінің еңбекақысын орташа 25 пайызға көтеру туралы шешімі өте орынды, дәл нысанасын тап­қан шара болды. Бұл мәселеге 980 миллиард теңге бөлінеді. 

Қоғамымыздың еңсесін күрт төмен түсіріп тұрған мәселе көп балалы отбасылардың әлеу­меттік жағдайы еді. Бұл мәселе де бір жүйеге келетін сыңайлы. 4 балалы және одан да артық баласы бар табысы аз отбасыларына бірінші кезекте қолдау көрсету, кейін келе табысына қарамастан барлақ көп балалы отбасыларына қолдау көрсету керек деген саясат көңілге қонады. 2019 жылы 830 мыңнан астам адам, соның ішінде 550 мың бала атаулы əлеуметтік көмекпен қамтылатыны айтылды. Қазақстан Президенті мүге­дек бала тəрбиелеп отырған ата-ана­ларға, қамқоршылар мен от­ба­сы­ларға (тұлғаларға) жəр­дема­қыны 30 пайызға көте­руді тап­сырды. Жүзеге асыруына 2019-2021 жылдары қосымша 300 миллиард теңгеден астам қара­жат бөлінеді. Сонымен қатар отба­сы­ның еңбек­ке қабілетті мүше­лерінің жұмыс­пен қамту шара­ларына басты назар бөлуді, жер­гі­лікті əкімдерге əрбір отба­сы­на баруды жəне көмекке мұқ­таж­дарды қолдау шараларын өңірлік мүмкіндіктерді ескере отырып, жергілікті бюджет есеб­інен күшейту қажеттілігін пысықтап айтты. 

 Үнзила Шапақ,

Конституциялық Кеңестің мүшесі